29.08.2019, 22:17
Қараулар: 178
Антына адал сардар

Антына адал сардар

Елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан сан түрлі этнос өкілі бар. Бәріміздің Отанымыз бір. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Ортақ Отанымыздың қоғамдық тыныштығын қамтамасыз ететін Ұлттық ұлан қатарында  20 жыл әскери міндетін абыроймен өтеп, адал қызмет  етіп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне лайықты үлесін қосқан сардардың бірі – полковник Ахсан Ибишев таяуда құрметті еңбек демалысына шықты. Ол қазақ жерінде дәм-тұз жазып, қарулас достарымен кезіктірген тағдырына риза екенін айтты.

Ахсан Мырзаханоғлы 1975 жылы тамыздың 25-і күні Әзірбайжан Республикасының Кюрдамир ауданына қарасты Мұғанлы ауылында өмірге келген. Отбасы еңбекқор жандар еді. Әке-шешесі балаларын ауыр еңбекке баулып өсірді. Ахсан Ибишев 1988 жылы ауылдағы мектепті тәмамдап, Ресейдегі Вольск жоғары әскери училищесіне оқуға түседі. Әскери қызмет жолын Қазақстанның Ақтау, Атырау және Орал қалаларында өткерген. Училищені тәмамдағаннан кейін 1992-1995 жылдары Ақтау қаласындағы №6656 әскери бөлімнің азық-түлік қызметіне жетекшілік етеді. Бір жыл мерзім бойына Атырау қаласындағы №3502 әскери бөлім батальоны командирінің тыл бойынша орынбасары болды. 1996 жылы маусым айында Орал қаласын-дағы әскери қызметін №5517 әскери бөлімнің тыл бойынша бөлімшесінің командирі ретінде бастайды. Үш жыл бойы №5515 әскери бөлімінің жанар-жағармай қызметін басқарды. 2008-2013 жылдары №5546, №5515 әскери бөлімдердің тыл бойынша командирінің орынбасары – тыл басшысы болды. 2009 жылы Ресей Федерациясының Қарулы күштерінің тыл және көлік әскери академиясының академиялық курсын тәмамдады. 2013 жылдан бастап ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары қызметін атқарып, әскери қызметін полковник шенінде аяқтап отыр.

Қызметтес болған жора-жолдастары полковник Ахсан Ибишевті өз ісіне жан-тәнімен берілген, қарамағындағылардан жауапкершілікті талап ететін білікті басшы ретінде таниды. Полковник бұған дейін «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерiне 10 жыл», III дәрежелі «Ішкі істер құрылымындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарын иеленген. «Нар жолында жүк қалмас» дегендей, ТМД аумағында әскери операциялар мен жаттығуды бірге өткізетін, тонның ішкі бауындай болып, бейбіт қарым-қатынас жасайтын Қазақстан, Ресей,  Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен жалпы саны 20 медальді төсіне тағыпты. Еліміздің бейбіт өмірін қорғаудағы үлесі үшін «Астана» және «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» медальдары да берілген.

– Сіздің әскери жолыңыз – басқа сардар-сарбаздарға үлгі. Қызмет барысында талапты және білікті ұйымдастырушы ретінде адамдардың қабілет-қарымын бағалай білгеніңіз, әскери құрамға арналған материалдық-техникалық әлеуетті қалыптастыру және жеке құрамды керек-жарақпен қамтамасыз етуде күш-жігеріңізді аямағаныңыз, әскерилердің мүддесін қорғауда ерекше белсенді болғаныңыз мәлім. Әскери мамандар мен сардарлардың біліктілігін көтеруге ұдайы назар аударып, тәжірибеңізбен бөлісіп отырдыңыз. Әріптестеріңіз сізбен қызмет еткенін мақтан тұтады, – деп баға берген ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев ұрпақтар сабақтастығын сақтап, полковниктің ұлы Мырзахан да әкесі білім алған әскери оқу орнында оқып жатқанына риза екенін жеткізіпті алғысхатпен.

Расымен де, Ахсан Ибишев – отбасылық өмірде де жолы болған азамат. Асыл жары Айнұр Низамиқызымен Мырзахан есімді алтын асықтай ұл мен Кунет есімді көркем қыз тәрбиелеп өсіруде.

– Көк Туын желбіреткен асқақ қалпымен әлемге танылған, бейбітшілікті сүйетін елде қызмет еткеніме қуаныштымын. Қазақстанның зайырлы, демократия жолына бет бұрғанына айқын куә болатын Конституциямызды ұлықтайтын мерекеміздің мәні ерекше. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді полковник Ахсан Ибишев.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар