29.08.2019, 22:16
Қараулар: 228
«Денсаулық» пойызы қатерлі дерттерді анықтады

«Денсаулық» пойызы қатерлі дерттерді анықтады

Еліміздің барлық облысын аралап жүрген «Медициналық пойыз» өңіріміздің Тасқала, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарына аялдап, тегін түрде алғашқы медициналық көмек көрсетті.

– Өңірімізден  медициналық пойыз қызметіне 1117 адам жүгініп, кеңес алса, 3733 тұрғын тексерістен өтті. Оның 134-і – бала. 187 шағын медициналық ота жасалса, 90 ЭКГ процедурасы, 694 УДЗ (УЗИ), 116 адам флюорографиядан өтті.

Облыс тұрғындары ең көп қаралған дәрігер-терапевт 530 дәрігерлік қабылдау жүргізсе, 426 жан офтальмологтан, 413-і  стоматологтан кеңес алды. Сондай-ақ «Медициналық пойыз» арқылы тұрғындардан онкологиялық аурулар мен пневмония, несеп жолы дерті мен өт аурулары анықталды, – дейді медпойыздың облыс бойынша дәрігерлік бригада жетекшісі Дельмира Асанова. Медициналық пойыз дәрігерлерінің құрамында терапевт, офтальмолог және кардиолог, педиатр, гинеколог, хирург, онколог-маммолог, стоматолог секілді өз ісінің білгірлері бар.

Айта кетсек, «Медициналық пойыз» жобасын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Samruk-Kazina Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асыруда. Пойыздар неміс және жапон өндірісінің алдыңғы қатарлы фирмаларының заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Аппаратуралар науқастарға қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар жасауға, рентгенография және флюрографиядан өтуге, ішкі ағзаларға және қан тамырларына УДЗ-зерттеулер жүргізуге, электрокардиограмма, гастрофиброскопия жасауға және басқа да диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Медпойыз Ақ Жайық атырабынан  Ақтөбе облысына аттанды.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар