27.08.2019, 11:12
Қараулар: 375
«Қызылжарды» қуып жетті

«Қызылжарды» қуып жетті

Футболдан бірінші топ командалары арасындағы Қазақстан  чемпионатының  кестесіне сәйкес  біздің “Ақжайық” өткен сенбіде “Екібастұз” командасын қабылдады.

Өз алаңында жеңілгенді жек көретін Авакянц шәкірттері ойын тізгінін бірден қолға алды. Алаңда кім қожайын екенін бірден көрсете алған «Ақжайықтың» капитаны Бауыржан Омаров пен оның командалас достары “Екібастұздың” қақпашысы Александр Рушинастың ащы терін алды. Бірде Денис Главина қақырата теуіп, қақпа бағанын сындыра жаздаса, бірде Наурызбек Жагоров пен Дәуренбек Тәжімбетов, ал енді бірде стандартты шабуылдарға сәтті араласатын Владимир Покатилов пен Сергей Басов “Екібастұз” қақпасын көздеп бақты. Дегенмен допты бірде қарсыластың қақпашысы қайырса, енді бірде ала доп нысанадан қиыс кетіп жатты.

Сондай сәттердің бірінде алаң иелерінің қарқынына төтеп береміз деп жүріп, қарсыластар ойын ережесін бұзуға мәжбүр болып, “Ақжайық” пенальти тебуге мүмкіндік алды. Алайда Ерболат Рүстемов мүлт кетті. Осылайша бірінші тайм соңында таблода қос нөл жанып тұрды.

Екінші таймды да Артур Авакянц шәкірттері ширақ бастады. Жан-дәрменін сала қорғанған қонақтар әупірімдеп допты кері қайтарумен болды. Сондай толассыз шабуылдардың бірінен соң бұрыштама тепкен “Ақжайық” есеп ашты. Голдың авторы – Ерболат Рүстемов.

18 турдан кейін 36 ұпай еншілеген “Ақжайық” ұпай саны бойынша үшінші орындағы “Қызылжарды” қуып жетті. Келесі ойынын түзде “Шахтер Болат” командасына қарсы өткізетін “Ақжайық” өз алаңына 14 қыркүйекте оралып, Түркістан облысының «Мақтаралын» қабылдайды.

Түгелбай  БИСЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар