27.08.2019, 10:30
Қараулар: 398
«Бастауыш білімнің» тұңғыш жобасы

«Бастауыш білімнің» тұңғыш жобасы

Орал қаласындағы  Ж. Досмұхамедов  атындағы  жоғары  педагогикалық  колледжінде «Бастауыш  білім»  мамандығы бойынша  эксперименталды  бағдарлама  негізінде республикадағы  алғашқы  жоба  жүзеге  аспақ.

Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатындағы тың жобада отандық  Назарбаев зияткерлік мектептері мен Финляндия, Англия, АҚШ  секілді алпауыт мемлекеттердің білім беру ошақтарындағы озық тәжірибелер қолданылмақ. Бұл – өңіріміздегі Назарбаев зияткерлік мектебі мен Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің бірлескен жобасы. Жоба облыс әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы (ДББҰ) арасындағы меморандум аясында жүзеге асуда. Жобаның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бахишева, сондай-ақ «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Kazdidac» ассоциациясының басқарма төрағасы Валерий Лебедев, әлемдік педагогиканың үздік сарапшылары Питер Мехисто мен Джоана де Бруто қатысты.

– Алдымен, баршаңызды санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Қазір еліміздегі білім беру саласы әлемдік кеңістіктегі өз орнын айқындады. Жаңартылған білім беру жүйесіне сай инновациялық үрдістер жүзеге асуда. Бүгінде үлкен жаңалыққа қадам жасағалы отырмыз. Жуырда өткен республикалық тамыз кеңесінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруді еңбек нарығына сәйкес модернизациялау қажеттігін айтты. Колледждерді тек материалдық-техникалық дамыту емес, ресурстарды үнемдеу, білім мазмұнын жаңарту, дуальды оқыту қажеттігін тапсырды.  Осы орайда бүгінгі ұйымдастырылып отырған шара сол бағыттағы нақты қадам. Екі күндік семинарда бастауыш білім бағдарламаларының авторлары, халықаралық сарапшылар Питер Мехисто мен Джоана де Брито дәріс оқитынына қуаныштымын. Сондай-ақ еліміздің білім беру саласын дамытуға  зор үлес қосып жүрген «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына және оның төрайымы Күләш Ноғатайқызына шынайы ризашылығымды білдіріп, қызметтеріңізге сәттілік тілеймін. Жаңа бағдарлама арқылы педагогтарды жаңаша әрі заманауи даярлау жүйесін колледжімізге енгізу – осы саланың дамуына тың серпіліс, оң өзгерістер әкеледі деп сенемін, — деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Семинар барысында сандық сенсорлар, интерактивті панельдер, роботтық техника жиынтығы көрсетілді. Бастауыш сыныптың оқушыларына арналған құрылғы арқылы түрлі-түсті қатты қағаздың жарық өткізу деңгейін анықтады, электронды температура датчигі арқылы ауа және дене температурасын өлшеп көрсетті. Сондай-ақ бастауыш сынып бағдарламасында кездесетін «Жанды және жансыз табиғатты» ажырату үшін LED экранға жалғанған шағын микроскоптың көмегімен асқабақтың тамырын зерттеп, аудиторияға таныстырды. Бұл арқылы оқушылар жанды табиғаттың жасушалық, молекулалық деңгейіне дәлелді көзбен қарайтын болады. Және де оқушылар жоба арқылы электромагнитті құралдардың көмегімен  компас жасау әдістерін үйреніп, магниттің тартылыс  қашықтығын да зерттемек. Келесі тәжірибе бойынша телефондағы батырмалар арқылы басқарылатын робот құрастырмақ. Ұстаздардың айтуынша, жаратылыстану бағыты бойынша өтілетін сабақтар осындай тәжірибеге негізделуі керек. Көзбен көріп, қолмен жасаған тәжірибелер оқушылардың жадыларына мәңгілік сақтап қалады. Және бірнеше деректі тез арада қабылдауға  мүмкіндік  береді.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың айтуынша, жоба аясында 108 оқыту бағдарламасы жасақталған. Оның 90-ы мұғалімнің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжбен бірлескен жоба жақсы нәтиже көрсетіп,  білім беру сапасын арттырса,  тәжірибе республиканың түкпір-түкпіріндегі «Бастауыш білім» мамандығына оқытатын колледждерге ұсынылмақ.

– Орал қаласына келіп, республикадағы маңызды жобаның мүшесі болғаныма қуаныштымын және қоғамда маңызды рөл атқаратын ұстаздардың алдында бас иемін. Мен Лондонда тұрамын. Эстония, Финляндия, Испания, Франция, Нидерланды елдерінде  білім беру саласы бойынша түрлі жобамен айналыстым. Көптеген елде тұрып, жұмыс жасадым. Дүниенің әр бұрышынан алған білімімді сіздермен бөлісетініме қуаныштымын.

Қазақстанның да өзге елдерге үйрететін тәлім-тәрбиесі мол. Сіздерге инновациялық даму және оқуда күтпеген жетістіктерге жетудің қыр-сырымен таныстырмақпын. Инновациялық даму үшін білім мен жанашырлық керек. Өйткені біз басқа адамдардың мұқтаждығын, кемшілігін жасыру үшін жаңалық ойлап табамыз. Кей адамдар кедергілерден қашып кеткісі келгендіктен, нәтижесі ойдағыдай болмайды. Әр адам  дүниеде болып жатқан зерттеулердің нәтижесін біліп отырғандары дұрыс. Мұғалім қысқа уақыт аралығында оқушыны жетістікке жеткізуге талпынуы керек. Өйткені жаһанда күн сайын жаңалықтар ашылуда. Инновация жасау үшін үздіксіз білім керек. «Көрінетін оқыту» («Видимое обучение») кітабының авторы, америкалық білікті педагог Джон Хетти оқушы-ға білім беруде әсер ететін 200-ге жуық факторды атаған болатын. Соның төртеуіне тоқталсақ: жеке тұлғаға бейімделген білім беру, оқушылармен кері байланыс, оқушы мен мұғалімнің арасындағы тиімді ынтымақтастық байланыс және қосымша қаржыландыру. Ұстаздар осы факторларға жіті назар аудару керек, – деді Лондон Университеттік колледжінің оқытушысы Питер Мехисто.

Сондай-ақ жиында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина эксперименталды білім беру бағдарламасы мен мұғалімдерді қолдауға арналған жүйелі әдістемелік кешенді таныстырса, «Kazdidac» ассоциациясының басқарма төрағасы Валерий Лебедев аталмыш колледжге роботтық техника жиынтығы мен лаборатория құрал-жабдығын, интерактивті панельдер табыстады.  Ал «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитралық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау туралы мемлекеттік тілге аударылған кітаптарды Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің директоры Светлана Бахишеваға табыстады.

Кеше, яғни дүйсенбі күні басталған оқыту семинары  бүгін  аяқталмақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар