27.08.2019, 10:29
Қараулар: 433
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: «Қазір журналистика өлара кезеңде тұр»

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: «Қазір журналистика өлара кезеңде тұр»

Қазақ  журналисі,  белгілі  спорт  комментаторы,  бірнеше кітаптың  авторы,  ақын  Есей  Жеңісұлы  «Жайық  Пресс»  медиахолдингі  ұйымдастырған  «Жұмадағы  жүздесу» жобасына  қатысты.  Медиахолдингтің  басшысы Рауан Сәбитов  «Қош  келдіңіз!»  айтқан  соң,  әріптес  мейман  қазіргі  уақытта Ұлттық  аударма  бюросында  қызмет  істейтіндігін,  бірақ   журналистикадан  алыстамағанын  айтты.

– 1998 жылы «Жас Алаш» газеті редакциясына қызметке орналастым. 2004-2008 жылдары «Жас қазақ» газетін шығаруға өңшең жас жігіттер жұмыс істедік. «Ұлан» газетінің бас редакторы болып төрт жылдай қызмет еттім. ҚР тұңғыш Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, «KAZsport» телеарнасының директоры қызметін атқардым. Ұлттық аударма бюросында үш жылдан бері жұмыс істеп келемін. «Жас Алаш» газетінің спортқа арналған бетіне апта сайын мақала жазып тұрамын, – деп таныстырды еңбек жолын Есей Жеңісұлы.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитұлы «Журналистиканың бірнеше саласында қызмет еттіңіз. Проза жанрында да қалам тербеп, өлең де жаздыңыз. Жаныңызға қай сала жақын?» деген алғашқы сауалын қойды.

– Ескілікті жақсы көретін адам сияқты болуым мүмкін. Бірақ газет редакциясындағы өмір жаныма жақын. Жақында материал іздеп, «Жас Алаш» газетінің тігінділерін ақтардым. Тасқа басылған дүние өшпейді екен. Сол кезде журналистиканың қауқары күшті болыпты. «Газеттің дәуірі өтті» деп жүргендер бар. Сонда да газетті жақсы көремін. Соңғы жиырма жыл ішінде технология құндылықтарды тез алмастырды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары біз қызмет еткенде «ұлтқа қызмет жасайық» деген пейілықылас, құлшыныс болды. Қазіргі уақытта қолда ақпарат тарататын құралдың сан түрі бар да, адамгершіліктен алыстап кеттік. Көпшілік БАҚ мемлекеттік саясатты ұрандатумен айналысуда. Ал газет болашағын көріп, одан лезде алыстаған жеке журналистика иелері де бір-бірден сайт ашып, бас-басына редактор болып алды. Олардың көбінің жазғандарының мәні де, дәмі де жоқ. Тіпті одан әрмен құлдырап, танымал өнер адамдарының, бәзбіреудің төсегіне үңілетін жағдайға жетті. Соның бәрі халықтың талғамына кері әсер етуде. 1998 жылы спорт саласын жете жазамын деген жалынмен «Жас Алаш» газеті редакциясына келдім. Маған сол кезеңде аға буын журналистерден Бақтияр Тайжан мен Сәкен Сыбанбай ұстаз болды. Екеуі де спортшылар өмірі мен спорт саласын, түн ұйқысынан түртіп оятса да, статистикамен жіліктеп шағып айтып беретін  ақылшы  мамандар.

Қазіргі кезде журналистиканы өлара кезеңде тұр деп есептеймін. Қауқары аса пәрменді емес. Шабыт беретін романтикасы да жоқ. БАҚ-та сын материал жарияланса, «мұның астарында мүдделер қақтығысы бар» деп қарайтын болдық. Газеттер мен сайт, порталдарда жариялаған сыннан пәрмен кетті. Бірақ басқа елдер тарихына үңілсек, қалыптасу кезеңін өткеріп жатқан қоғамда осындай келеңсіздіктер, қателіктер болуы заңдылық екен. Бұдан шығатын бір ғана жол – бізге білімді ұрпақ керек. Алматыда төрт жыл бойы университетте сабақ бердім.

Алдыма келген студенттердің арасында әлемдік деңгейдегі тұлғаларды былай қойғанда, қазақ жазушылары Мұхтар Мағауин  мен Оралхан Бөкейді білмейтіндері болды. Содан сабақ беру кестемді сенбіге қойдырттым да, әдеби кітаптарды оқытуға, оны талдауға, ізденуге жетеледім. Ең соңында жүйелей, қызықтыра оқыта келіп, әлемдік әдебиеттен бір-ақ шықтық. Осылай бір-бірімізге жанашырлықпен қарап, жастарды демеп, бағыт сілтемесек, рухани тұрғыдан жетілуіміз неғайбыл,  – дейді  Есей  Жеңісұлы.

– Қазіргі әдебиет әлемінде тың тақырып табу мүмкін бе? Қандай мәселені қаузаған дұрыс? – деп сұрақ қойды «Ақжайық» телеарнасының журналисі Надежда Хабиболлақызы.

– Алғашында өлең жаздым. Бірақ адам есейген сайын прозаға бет бұра бастайды екен. Әңгімелерім жарыққа шыға бастады. Маған тақырып табу қиын көрінді. Бірақ қазіргі кезде ойға оралған дүниелерді игере алмай жатырмын. Тақырып өте көп. Әңгімеге желі болатын жайт жеткілікті. Біреуін айтып берейін.  «Жас Алаш» газетінің редакциясы «Жібек жолы» көшесінің бойындағы ғимаратта болды. Қасымыздағы «Көк базарда» арбамен жүк итерген таныс жігітті көріп қалдым. Менің кигенім ақ жейде, қара шалбар, қасымда екі-үш жігіт бар еді. Ол мені көріп, ыңғайсызданды ма, бұрылып кетті. Кейін күнде көретін болдым. Редакциямыз басқа мекенжайға көшті.

«Көк базарға» көп келмейміз. Сол жігіт көз алдымда қартайды. Бетін әжім торлап, серіктерімен арақ ішіп отырған түрі көз алдымнан кетпейді. Міне, алты жыл ішінде тоз-тозы шыққан бір адамның тағдыры. Әңгіме осыдан туындайды. Бұдан бөлек әлеуметтік желіде бәрін сынап-мінеп, сөзін түзеп, күзеп отыратын, түптеп келгенде, өз ісіне құлықсыз қарайтын адамдар бар. Міне, осылардың өзі – дайын тұрған кейіпкер, – деген қаламгер қазіргі уақытта қазақ әдебиетінің насихатталу деңгейіне көңілі толмайтынын да тілге тиек етті.

– Қазіргі уақытта спорт саласын жазатын мамандар тапшы. Спорт комментаторларының ауызша хабар тарату біліктілігі төмен. Жастардың бұл салаға  қызығушылығы төмен секілді. Мұның себебі неде? – деп сұрақ қойды «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлсезім Бияшева.

– Елімізде спорт журналистикасын өнер деп қабылдамайтынына «KAZsport» телеарнасында қызмет еткен кезімде анық көзім жетті. Елбасы «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» деген мақаласын жариялағанда, спорт саласына арналған телеарна ашу жөнінде идея айтып, Үкіметке соны орындауды тапсырма етіп жүктеді. «KAZsport» телеарнасының қызметін қадағалайтын құзырлы құрылымдарда спорт саласын түсінетін басшы-мамандардың аз екенін түсіндім. Материалдық-техникалық керек-жарақпен толық қамтамасыз етпей тұрып, бұқаралық спорт шараларынан тікелей эфир жүргізуді талап ететін. Мамандар да тапшы екені анық сезілетін. Спорт комментаторлары сын айтылса, қабыл ала білуі тиіс. Айтылар сөзге жауапкершілікпен қарау, ойлану журналистің зияткерлік өресіне байланысты. Мәселен, ағамыздың бірі менің айтқан сөзімді «қарымта шабуыл» деу қате, «қарсы шабуыл» деген тіркес бар» деп түзеді. Ұсынысты бірден даусыз қабылдадым. Тікелей калькамен сөйлеуді қою керек.

БАҚ редакцияларының жаңадан қызметке орналасқан тілшіні спорттық шараларды жазуға жіберіп қоятынына таңмын. Спорт журналистикасы жеңіл-желпі қарайтын дүние емес. Статистикалық дәйектеме, салыстыру, сараптама жасау бар. Арнайы материал жазу үшін мінез қажет. Мәселен, футбол алаңындағы ойын көрінісін «қиян-кескі шабуылдады», «қабырғасын қақыратты» деген сияқты құр сөзбен баяндап шығу тән. Өз басым оған қанағаттанбаймын. «Алаңдағы команданың нешінші жеңісі?», «Қарсылас командамен неше мәрте кездесті?», «Ұпай саны қайсысында басым?», «Құраманың жоғары лигаға шығу мүмкіндігі қаншалықты?», «Қазіргі жағдайы қандай?», «Бақыт деген шабуылшы қақпаға неше мәрте доп кіргізді?». Осындай статистикалық деректермен толғатып жазу керек. Мысалы, «Kazfootball.kz» сайтына статистика беретін Думан Балықбаевтың деректерді талдап беруі көңілімнен шығады. Жалаңаш тәнге көз үйретіп, арзан дүниемен порталға оқырман тарту талғамсыздыққа ұрындырады. Журналист халықты алға сүйремей, елдің қамын ешкім ойламайды, – деді журналист.

«Жұмадағы жүздесуде» Есей Жеңісұлы шығармашылық жолымен қатар, телевидение саласындағы спорт комментаторларының сөйлеу шеберлігінің деңгейі, тілдік қолданыста бекіген әдеби қалыптан ауытқу салдары, жанкүйер мәдениеті, қазіргі қоғам бейнесі, бала тәрбиесі жайындағы ойымен және журналистік тәжірибесімен бөлісті. Кейін «Шуақ» атты жинағынан өлең оқып берді. Жоба дәстүрі бойынша белсенді сұрақ қойған әріптестерге  кітаптар  тарту  етті.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар