27.08.2019, 10:14
Қараулар: 434
Тас пен темірге «тіл бітірген»

Тас пен темірге «тіл бітірген»

Орал –  көрікті  қала,  көркем  қала.  Шаһардағы  ескі,  тарихи  ғимараттар  ғана  емес, әдетте,  біз  назар  аудара бермейтін  ескерткіш-мүсіндер  де  үнсіз  «сөйлеп»  тұрады  екен. Соның  бірі – Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрының  жанында  тұрған, өзіміз жанынан  жиі  өтетін  қобыз  мүсіні. «Бастау»  композициясы  деп  аталатын  өнер  туындысының  авторы – елімізге  белгілі  мүсінші,  Қазақстан Суретшілер  одағының  мүшесі  Ерғали  Бекешев.

Автор «Бастау» бойынан табылатын сан құпияны ашып айтып бергенде, қасынан елеусіз өтіп жүргеніме тіпті қайран қалдым. Мүсінші қобыздың ішегінің үзіліп жатқандай бейнеленуімен тарих қойнауынан халықтың зар-мұңын жеткізген аспап екенін, Ақ Жайықтың біртуары Жұбан ақын айтпақшы, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың талай аласапыранды бастан кешкенін баяндағысы келген. Қобыз бетіне қонған құстар – қазақ ежелден аялай білген қасиетті жаратылыстардың бірі. Аспап құлағына таман орналасқан ұя байтақ жерімізде ұлтымызды қалыптастырған талай этникалық тайпаның мекен еткенін, байырғы тұрғындардың көршілес жатқан халықтармен тығыз байланыста болғанын білдірсе, одан жоғары тұрған серкенің не қошқардың мүйізі скифтен берменгі қалыптас-қан мәдениет мәйегін аңғартады. Ысқыштан өрілген тамыр қойнауы қазыналы  байтақ жер егелері – бабаларымыздың «Отан үшін жаным пида» деген ниетін әрдайым ту ету керек екенін ұрпаққа ұғындыру мақсатында көрініс тапқан.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі ауласында Ерғали Орынғали-ұлының  темірден пісіру арқылы жасалған «Алдар көсе» және «Бақ-бақ гүл», «Суретшілер әлемі» атты мүсіндері екі жылдай тұрып, қаржы тапшылығына байланысты қала көшелерінен орын теппеген соң, Ақсайға көшірілген. «Бақбақ гүлде» дөңгелек жүзді қаршадай қыз басын сәл көтеріп, оң қолымен сазсырнайды көтере  ұстап тұр. Сазсырнай ұшында бақбақ гүл бар. Сол қолының алақанына торғай  қоныпты.

– Қыз жұмыр келген тұғырдың үстінде тұр. Біз өмір сүретін жер ғаламшары өзі дөңгелек шар тәрізді. Бейне түс секілді, қалай жориды, қалай үміттенеді, адам солай қарай бағыт алады. «Қыздың жолы жіңішке» деген нақыл тағы бар. Темірден жасап, «Зенит» зауытында кеме бояйтын ұнтақпен сырладым. Ақтөбе қаласында қойған мүсініме ұқсайды, – деді Ерғали Бекешев.

Қолөнер шеберінің туындыларын еліміздің Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Орал, Ақсай қалаларында, облысымыздың Бәйтерек, Жаңақала аудандарынан көруге болады. Қызығушылық танытқандар аттай қалап алып кеткен біраз туындысы жеке коллекциялардың бір жәдігеріне айналған.

Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы даңғыл бойын 2016 жылы қазақстандық және ресейлік кәсіби мүсіншілер безендіреді. Ресейдің Свердлов облысындағы Нижный Тагил қаласынан Валерий Баталов, Эдуард Пономаренко, Юрий Мистрюков келген. Олар қазақ әріптесін Иркутск облысындағы Братск қаласында өтетін халықаралық фестивальға шақырады. Фестивальға келген оралдық шебер тоғыз күн ішінде Ангар өзені жағасында өскен қарағайдан бойы 2,5 метр Қорқыт баба мүсінін жасап шығарады. Бұл – ағаштан жасаған алғашқы үлкен еңбегі еді. Қорқыт баба мүсіні Братск қаласының  бір  көшесіне  қойылған.

Осындай он саусағынан өнер тамған, жасы елу беске елегізіп, егде тартса да, еңбек қызуына шексіз құмар мүсіншіні Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған ауылынан табасыз. Туған жері Тасқала ауданындағы Атамекен ауылы болғанымен, кейін ата-анасы көшіп келуіне байланысты 3-сыныпта оқитын кезінен бастап балалық шағын Үлкен Шағанда өткізіпті. Өреннің бойындағы өнердің дамуына марқұм әжесі Мүгілсім мен анасы Марфуға айрықша әсер еткен. Әжесі ермексаздан түрлі жануардың мүсіндерін жасап береді екен. Ал анасы картиналар мен плакаттағы суреттерді, портреттерді жинай жүріпті. Болашақ шебердің санасына осы қам-қарекет, өнер жолындағы алғашқы ұшқын, үлгі-өнеге сәуле ұялатқан болуы керек. Ауылдағы мектепте жүргенде, тақтадағы борды жонып, көңіліндегі бейне нобайын түсіруге тырысады, ермексаздан жануар қалыптап, ойын кәдесіне асырады.

Ерғали Бекешев 1985 жылы бұрынғы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының, қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың көркемсурет-графика факультетін тәмамдап, майлы бояумен (живопись) сурет салудан диплом қорғайды. Университетте білім алып жүргенде де, мүсін өнеріне көңілі құлаған, шеберханада қабілетін шыңдаған. Еңбек жолын Бәйтерек ауданы Янайкин ауылы Батурин орта жалпы білім беретін мектептің сызу және сурет пәні мұғалімі болып бастайды.  Кейін екі жыл Щапов ауылындағы мектепте қызметін  жалғастырады.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау қай тағдырды қай арнаға тықсырмады?

Сол кезеңде Ерғали Бекешев «Орал құс» фабрикасында жұмысшы болып орналасып, кейін кәсіпорын жанындағы кәсіподақ ұйымын басқарды.

– 1993 жылы кәсіпорын ұжымы Наурыз мейрамын қарсылауға дайындалды. Киіз үй құратын болып келістік те, қаңқасын жасауға темір шеберін шақырдық. Дәнекерлеуші кеш түсе, құрылғысын тастады да, үйіне кетіп қалды. Соңынан барып үгіттегенімізбен, жұмысты аяқтауға көнетін сыңайы жоқ. Ертең мейрам болған соң, шебердің құралын алдым да, алғаш рет арматураларды дәнекерледім. Сонда темірдің балқып, пісіп, бірбірімен қалай жымдасатынын ең алғаш сездім. Содан бастап дәнекерлеу, темірдің сырына қанығу, одан мүсін жасау жаныма жақын өнерге айналды, – деді Ерғали Бекешев.

Шебер мүсіндерді гранит тастарды егеп, жонып та жасайды, темірді көрікпен балқытып, пісіріп те түрлі композицияны дүниеге әкеледі. Өнер деген іңкәрлігі талай өткелектен шығарған. Бәйтерек аудандық мәслихат хатшысы деңгейіне дейін көтерілгенімен, қызмет жолында шен-шекпен алуды ойламай, 1996 жылы жеке кәсіпкерлікке бет бұрады. Университетті тәмамдаған соң, араға бір жыл салып, ізін ала диплом алған Лариса есімді аруға үйленіп, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Еңбегіне ең алғаш баға беретін адам – өмірде де, өнерде де серігі, отбасының ұйытқысына айналып, қиын кезеңде тірегі бола білетін асыл жарына бек разы. Отағасы жеті жылдай құрылыс жұмысымен айналысты. Ағайынды Бекешевтер бірлесіп, ауылда екі сауда дүкенін салды. Ауыл жанынан өтетін күре жол бойына дәмханасы бар ау-токешен  тұрғызды.

Ерғали шеберді үлкен шағандықтардан танымайтын адам жоқ. Ауылдан шығар жолдан аса ұзамай еңселі қақпалы зәулім үй көзге шалынады. Қақпа алдына бітімі қызық біткен шойын тас қойылыпты. Аула ішіне екі қатарлы шеберханасын жаңадан салып жатыр екен. Шебер кәсіпкерлерік нысандарын басқаруды отбасы мүшелеріне табыстап, енді шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуға бекінген.

– Құранның 57-сүресі «Әл-Хадид» деп аталады. Сүреде «Біз … темірді де түсірдік. Темірде адам баласына зор бәлекет және пайда бар…» деп айтылған. Қақпа алдындағы шойынға «темір» деген жазуды арабша таңбалағым келеді. Мүсін жасағанда темірді салқын күйінде қоладан жасалған балғамен соғамын. Қанша дегенмен, қола жұмсақ болған соң, материал үстіне өзгеше рең береді. Одан кейін шикізатты майға қыздырамын. Содан темір бетіне басқаша қабат түзіледі. Мүсіндерді бөлшек-бөлшек етіп, пісіріп жасап, кейін құрастырып аламын. Кейде пластиктен жасалған қалыптан кейін дәнекерлеу жұмысы темірді одан әрі иіп, жұмсартып, бедерін түрлендіруге шабыт береді, – дейді шебер.

Ерғали ағамыздай шебер азамат түлеп өскен ауылында Ұлы Отан соғысының 60 жылдық мерекесіне орай Даңқ ескерткішін (обелиск) орнатты.

Түзу өрілген кірпіш бағана соғыс өртінен шаңырағы ортасына түсіп, үйдің пеш мұржасы қалғанын бейнелейді. Ескерткіш белгінің жоғарғы тұсындағы қоңырау – мәңгілік өмір символы. Мұржаны айналып ұшқан қаздар – боздақтарға  қойылған  белгі.

Бәйтерек ауданы орталығында әр  жылдары «Ана мен бала» демалыс саябағына «Ана мен бала», «Нарқобыз», «Менің елім» монументі Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына орай ескерткіш мүсіні де қойылған. Жаңақала ауданы орталығында «Тәуелсіздікке арналған монумент» ескерткішін тұрғызуға атсалысады. Ақсай қаласында алты туындысы бар.

Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары бейнелеу өнері шеберлерінің арасында жыл сайын өтетін «Алтын қайық» өңірлік байқауында еңбегі еленіп, бірнеше мәрте үздік атанды. Халықаралық, аймақтық, қалалық деңгейдегі көрмелерде жеңімпаз танылды. НұрСұлтан қаласының 10 жылдығына байланысты сыйға тартқан «Астананың құрдасы» атты мүсіні бас қалада  тұр. Батыс Қазақстан облыстық клиникалық аурухананың 150 жылдығына орай мекеме ауласына «Лаулаймын өзгеге өмір сыйлап» монументі орнатылды. Бұл ескерткіш гранит тас пен тот баспайтын темірден жасалынды.

2017 жылы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында облыс әкімдігі қолдауымен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ерғали Бекешевтің жеке көрмесі өтті. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев көрмені тамашалап, шебер туындыларына зор баға берген. Ерғали ағаның еңбектері «Феномен великой степи», «Ақжайық жауһарлары», 5 томдық «Искусство Казахстана» энциклопедиялық жинақтарына және 5-7-сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығына  енгізілген.

Нұртай  ТЕКЕБАЙ,

«Орал  өңірі»

Суреттер  Ерғали  Бекешевтің жеке  қорынан алынды

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар