27.08.2019, 9:43
Қараулар: 332
Жаңа оқу жылында «Жеңіл портфель» жобасы жүзеге аспақ

Жаңа оқу жылында «Жеңіл портфель» жобасы жүзеге аспақ

Өткен  аптада  Х. Бөкеева  атындағы  қазақ  драма  театрында  облыстық  білім  беру  жүйесі  қызметкерлерінің  «BİLİM  JÁNE  ǴYLYM»  атты  тамыз  конференциясы  өтті. Аталмыш  жиынға  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев,  ҚР Білім және  ғылым  министрлігі  Балалардың  құқықтарын қорғау  комитеті  төрағасының  міндетін  атқарушы  Гүлнәш Қошқарова  қатысты. Конференцияға  келген  педагогтар, қонақтар  «Негізгі стратегиялық  бағдар  тұрғысында білім беру  жүйесін  дамыту:  жетістіктер  мен  перспективалар» тақырыбында  ұйымдастырылған  көрмені  тама-шалады. Жиынды ашқан облыстық  білім  басқармасының  басшысы  Айымгүл Тржанова  ұстаздарды  білім  саласындағы  жаңалықтар, тың  пікірлермен  ой  алмасуға  шақырды.

Тамыз конференциясында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  білім деңгейін жаңа деңгейге көтеруі тиіс бірқатар жаңалықтары педагогтарға ұсынылды. Жаңа оқу жылында үстемеақылар мен басқа да тиісті қаражатқа қарамастан мұғалімдердің жалақысы екі есе артады. Сонымен қатар сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексеру үшін қосымша ақы төленіп, педагогтардың жүктемесі азаяды. Мектептердің бес күндік жұмыс режіміне көшуі мұғалімдерге әр аптаның сенбісін өз қалауы бойынша өткізуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев осы үдерісті білім басқармасына қатаң бақылап отыруды тапсырды. Егер ол бұзылған жағдайда  педагогтар әлеуметтік желідегі парақша арқылы өңір басшысына тікелей хабарласуларына  болады.

Облыстың білім беру саласының бюджеті қазіргі таңда 72,2  млрд. теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 14,8 млрд. теңгеге артық және облыстық бюджеттің 37%-ы болып табылады.

Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық әлеуетін жаңартуға және білім саласындағы жаңа жобаларға бұл қаржының 40 пайызы бағытталған. Жалпы, айта кету керек, облысымыздағы 11 мыңнан астам педагог жаңартылған білім беру мазмұнында сабақ бергені үшін еңбекақыларына 30% үстемеақы алуда, ал аттестациядан кейін 7 мың педагогтың  жалақысына қосымша ақы төленеді.

– 2018-2019 жылдары жаңадан салынған 8 білім нысаны пайдалануға берілді. Дегенмен облыс орталығына халықтың көптеп қоныс аударуы себебінен үш ауысымды мектептер саны азаймай отыр. Сондықтан аудан (қала) әкімдеріне, біріншіден, апаттық жағдайға жеткізбей, күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді дер кезінде анықтап, құжаттамаларын әзірлеп, бес жылдық даму жоспарына кезең-кезеңмен енгізу қажет. Сондай-ақ жаңа мектеп жобалық қуатын жоспарлауда елді мекендердің миграциялық және демографиялық жағдайын ең бірінші назарға алған жөн.

Үш ауысымды мектептер проблемасын шешуде тек мемлекет қаржысы есебінен емес, жеке инвестицияны тартуға жұмыстанған дұрыс. Әсіресе, Орал қаласында бұл мүмкіндік жоғары, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев өз сөзінде.

Жекеменшік балабақшалар ұсынатын мектепке дейінгі тәрбие мен оқу сапасына ата-аналардың көңілі толмайтындығы да облыс басшысының назарынан тыс қалмады. Олардың өтініштері мен шағымдары негізінде жүргізілген талдау нәтижесінде бұл салаға қатысты бірнеше мәселе айқындалған. Ең бірінші мәселе – жекеменшіктегі мектепке дейінгі ұйымдардың білікті кадрлармен қамтамасыз етілмеуі.

Қазіргі күнде облыстың  жеке балабақшаларында 456 адам қызмет істейді, олардың ішінде 247 маманның ғана базалық мектепке дейінгі білімі бар. Екіншіден, әдістемелік әлеуеттің әлсіздігі. Үшіншіден, жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердің өз жұмысына есеп бермейтіндігі. Мемлекеттік тапсырыс орналастырылған балабақшаларда балалардың қатысуын бақылау мүмкін емес.

– Сондықтан аудан (қала) әкімдері, білім басқармасы кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауы қажет. Азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, көрсетілетін қызметтердің сапасы және жеке балабақшалардың жауапкершілігін арттыру үшін мониторингтік топтар құру қажет. Сондай-ақ жекеменшік балабақшаларға баруды автоматты түрде тіркеу үшін биометриялық технологияларды пайдаланған  тиімді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шағын жинақты мектептерді тиімді дамыту басым мәселе болып табылатынын атап өтті. Қаладағы және ауылдағы балаларға білім беру деңгейінде айырмашылық бар. Облыста шағын жинақты мектептердің үлесі жоғары. Ал олардың материалдық мүмкіндігі төмен, бұл оқу үдерісінің тиімділігіне қол жеткізуді қиындатады. Облыс бойынша 225 шағын мектеп бар.  Бұл дегеніңіз – әрбір алтыншы оқушы шағын мектепте оқиды деген сөз. Қалалық және ауылдық мектептердің білім беру сапасын салыстыра отырып, мұғалімдердің сапалық құрамын, білім ошақтарының материалдық-техникалық мүмкіндігін, инфрақұрылымды және қаржыландыруды ескеру қажет. Аудан әкімдері болашағы бар елді мекендерді дамытуға, тірек мектептерді дамыту, материалдық-техникалық әлеуетті нығайту және ауыл мектептерінің білім беру сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет. Білім басқармасына төмен нәтижелерді көрсететін мектептердің академиялық артта қалуын еңсеру жөніндегі жобаларды әзірлеуді тапсырамын, – деген облыс басшысы өткен оқу жылында екі жасөспірімнің суицид құрбаны болғанын тілге тиек етіп, білім саласының қызметкерлеріне бұл бағыттағы ата-аналармен бірлескен жұмыстарды ширату қажеттігін  тапсырды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлнәш Қошқарова бұдан былай мектептерде ақылы олимпиада ұйымдастырылмайтындығын және «Жеңіл портфель» жобасы аясында оқушылар оқулықтарын мектепте қалдырып, үй тапсырмаларын министрліктің сайтынан жүктелген электронды оқулықтар арқылы  оқи  алатындығын  айтты.

Конференцияда «Оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізу: іс-әрекет және нәтиже» тақырыбында Оралдағы М. Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Әзима Ғұбашева, «Жаңашылдық пен ізденіс кәсіби өсудің шарттары» тақырыбында Шыңғырлау ауданындағы Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Самат Байболатов және өзге де педагогтар баяндама  жасап, өз  тәжірибелерімен  бөлісті.

Сондай-ақ бұл күні жыл бойы еңбегімен көзге түскен білім беру мекемелері мен педагогтар арнайы марапат иелері атанды. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернат кешені «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы атанып, 23 миллион теңге иеленді. Мектепке дейінгі мекемелер арасында Теректі ауданы «Бәйтерек» бөбекжайының әдіскері Ризвангүл Құспанова, орта білім беретін ұйымдар арасында дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақерке Байжиенова, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Айгүл Есқалиева «Үздік педагог» атанды. Жылдың үздік педагог-ұстаздарына ҚР Білім және ғылым министрлігінің марапаттары, БҚО әкімінің марапаттары, БҚО білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен облыстық білім басқармасының марапаттары табысталды.

Мереке  БОЖКЕНОВ,

дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С. Сейфуллин атындағы облыстық  қазақ мектеп-интернат кешені директорының  міндетін  атқарушы:

– Біздің мектебіміздің биыл облыстағы «Орта білім беретін үздік ұйым» атанғанына қуаныштымыз. Бұл грантты алу үшін соңғы бес жылда жасалған жұмыстардың бәрі ескеріледі. Әсіресе, мектептегі оқушылар мен мұғалімдердің жеткен жетістіктеріне, білім мен тәрбиеге қатысты жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне ерекше назар аударылады. Біздің мектептің тәрбие жұмыстарына қатысты  ата-аналармен  бірлесіп,  жүзеге  асырып  жатқан  жобаларымыз  бар.

Жаңа оқу жылының жаңалығы көп. ҚР Білім және ғылым министрлігі ендігі кезекте оқушылардың сөмкесін жеңілдету мақсатында электронды оқулықтарды қолдануды ұсынды. Бұл жерде оқушы мен ата-ана қалауына қарай таңдау жасайтын болады. Мектебіміз иеленген 23 миллион теңгені оқушылардың білім сапасын жақсартуға, жас мамандар мен мұғалімдерді қолдауға, мектебіміздің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға жұмсап, жаңадан шығып жатқан электронды құрал-жабдықтар аламыз деген ойымыз бар.  Әріптестеріме  жаңа  оқу  жылында  жаңа  жетістіктер  тілеймін!

Жазира БАЯНДЫҚОВА,

Сырым  ауданындағы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің жоғары санатты мұғалімі, Ы. Алтынсарин атындағы медальдің  иегері:

 –  Мен мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Еңбек өтілім – 18 жыл. Оқушыларым әр жыл сайын  облыстық және республикалық  ағылшын тілі пәнінен өтетін  түрлі сайыстар мен олимпиадалардың жүлдегері атанып жүр. Бірнеше шәкіртім ҰБТ-да ағылшын тілі пәнін таңдап, жоғары балл жинап, республиканың іргелі жоғары оқу орындарында білім алуда. Биылғы тамыз мәслихаты көптеген ұстаздың көңілінен шықты. Жаңа оқу жылындағы жақсы жаңалықтар әр мұғалімге ерекше күш-жігер сыйлары сөзсіз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан шынайы қолдауды сезінген әріптестеріме  жаңа  оқу  жылында  зор  табыстар  тілеймін.

Нұрлығали  ДҮЙСЕКОВ,

Қазталов  аудандық  білім  беру  бөлімінің басшысы:

– Биылғы тамыз кеңесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформалардың бәрі білім мазмұнын жаңартуға және өсуден тұрақты даму кезеңіне көшуге бағытталған. Өз басым білім саласындағы жүргізіліп жатқан реформаларды қолдаймын. Қазталов ауданы бойынша 41 мектеп 5019 оқушымен биылғы жаңа оқу жылын бастамақпыз. Аудандағы білім ошағының барлығы жаңа оқу жылына дайын.  Тамыз мәслихатында алған «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына  сіңірген  еңбегі  үшін»  марапаты  жұмысымызға  жаңа  серпін  берері  сөзсіз.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар