26.08.2019, 22:14
Қараулар: 398
Ақсай күл-қоқыстан қашан арылады?

Ақсай күл-қоқыстан қашан арылады?

Өткен сенбіде облыс әкімі Ғали Есқалиев  жұмыс сапарымен Бөрлі ауданында болды. Алдымен аудан әкімдігінде өткен жиынға қатысып, кейін өңір басшысы “АқсайГазСервис” АҚ, “Ақсай индустриалдық паркі” ЖШС, “Сичим С. п. А Қазақстан” және «ҚПО б.в.» сынды ірі компаниялардың басшыларымен  кездесті.

Аудан әкімдігінде өткен жиында қаралған мәселелердің  ішіндегі ең өзектісі – Ақсай қаласындағы  тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) шығару, қаланы қоқыстан тазарту  жұмыстарының жай-жапсары болды.

– Маған Ақсай қаласының тұрғындары Facebook, WhatApp әлеуметтік желілері арқылы шаһарда қалыптасқан жағдай туралы хабарлауда. Мәселе өте күрделі. Сіздерден нақты ұсыныстар берулеріңізді сұраймын. Барлығына тиімді ортақ шешім табуымыз керек, – деді өңір басшысы жиын барысында.

Аталған мәселе бойынша алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Ихсанов қала аумағынан үш шақырым қашықтықта орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жайкүйін айтып берді. Оның сөзінше, 1986 жылы салынған полигон аумағының 99 пайызы қоқыстан толып тұр. Бұл еліміздегі экологиялық заңнамаларға сай келмейтінін көрсетеді. Қоқысты сұрыптау  құрылғыларының болмауы да полигонның толып қалуына әрі өрттің орын алуына әкеліп соғып отыр.

Нысанның қоршалмауы да көп қиындық тудырып келеді.

– Қазір техникалық-экономикалық негіздеме аясында жаңа полигон салу мәселесі қаралуда. Ол бұрынғы полигоннан бірнеше шақырым  қашықта  орналасатын  болады. Құны шамамен 2 млрд. теңгені құрайтын жаңа полигон құрылысына 40 гектар жер телімі әзірленуде. Бұл экологиялық кодекстің барлық талабына сай  салынады. Онда әкімшілік ғимарат салынып, қалдықтардың 8 түрі бойынша сұрыптау, қоқыс жәшік-терін залалсыздандыру сынды  қызметтер көрсетіледі, – деді Еркебұлан Ихсанов.

Ал облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан әкімдігінің полигон құрылысы жобасын әзірлеудегі және мемлекеттік-жекешілік серіктестігі аясында ТҚҚ басқару жөніндегі жұмысына «қанағаттанғысыз» деген баға берді. Жиын барысында Ақсай қаласынан қоқыс шығарудағы қиындықтар туралы да айтылды. Аудандық мәслихаттың шешімімен қоқыс шығарғаны үшін төленетін қаражат әр адамға 212 теңге болып бекітілген. Алайда өткен жылдың қараша айында тариф 6 пайызға төмендеп, бүгінде қала тұрғындары 200 теңге төлеулері керек. Бірақ халықтың 75 пайызы коммуналдық мекемеге көрсеткен қызметі үшін төлем жасамай  отыр.

Ал бұл жағдай шаһардағы санитарлық жағдайдың ушығуына әкеліп соғуда. Облыс әкімі «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының төрағасы ретінде партияның аудандық филиалына халық пен қоқыс шығаратын компаниялар арасындағы байланысты қамтамасыз етуді тапсырды.

– Бір жылдың ішінде осы сала бойынша қызмет көрсететін төртінші мердігер ауысып отыр. Олардың жұмысты дұрыс жүргізбеулеріне арнайы техникасы мен жұмыс күшінің жоқ болуы басты себеп болуда. Әсіресе, қаладағы экожәшіктерді көтеріп алатын арнайы көліктер жоқ. Бүгінде жұмысты қолға алған «DEM Services» ЖШС-да 3 қоқыс тасығыш  көлік  және 2 трактор бар. Мұның өзі қала аумағын тазалауға жеткіліксіз. Сондықтан аудан бюджеті қаражаты есебінен  екі қоқыс тасығыш көлік сатып алынып, мердігерге жалға берілетін болды , – деді Еркебұлан Ихсанов.

Облыс басшысы халықтың комуналдық мекеме алдындағы берешегін жою мәселесіне де ерекше тоқталды. Өңір басшысы бұл іске жергілікті атқарушы  құрылым  мен аудандық мәслихат депутаттары да атсалысу керектігін алға тартты.  Қыркүйек айынан бастап төлем мобильдік қосымша арқылы да жүргізілетін болады. Ал бұл  халықтың коммуналдық мекемеге деген сенімін арттырып, жұмысты оңтайландыруға күш салмақ. Қоқыс мәселесін айтқанда, оларды салатын жәшіктер де назардан тыс қалмады.

Бүгінде қаладағы бұған дейін қойылған экожәшіктер тазалайтын  арнайы техниканың жоқтығынан түгелімен алынып тасталуда.  Олардың орнына қарапайым темір жәшіктер қойылуда. Қазір шаһар аумағында 200 контейнер қойылып, тағы 300-і сатып алынған, бүгінде тек 100-ден аса жәшік орнатылған.

– Басқа жобаларды тоқтата тұрып, алдымен осы мәселені нақты шешіп алу керек. Контейнерлерді қала аумағына жеткілікті етіп орнатпай, мәселе шешілмейді. Сондықтан бюджеттен қаражат қарастырып, қоқыс алаңшаларын жасап, жәшіктерді қойыңдар. Қазір халыққа қажетті нәрсе де осы. Тұрғындар қоқыс-қалдықпен былғанған  жерде  жүрмеуі керек, – деген облыс әкімі құзырлы мекемелерге сатып алынған барлық жәшікті орнатуға қаражат бөлуді тапсырды. Өңір басшысының айтуынша, мұндай мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін контейнерлерді, қоқыс тасығыштарды, полигонды басқару құқығымен бес жылдан кем емес, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау қажет. Қоқыс шығару жұмысы – бәсекелестік орта. Ниет білдірген кез келген кәсіпорын бұл міндетті орындауына болады. Тек оған қажетті техникасы мен жұмысшылары болу керек. Күн санап көркейіп келе жатқан  Ақсай  қаласының  ажары  оның тазалығына тікелей байланысты.

– Мен бұл мәселені шешуді ауданға наурыз айында келген сапарымда тапсырған едім. Бірақ жасалып жатқан жұмысты көріп отырған жоқпын. Халық қалаулылары  халықпен  тікелей  байланысып, түсіндіру жұмыстарын  жүргізу керек. Күз де таяп қалды. Ал қысқы мезгілге  осынша қоқыспен кіруімізге болмайды. Сондықтан  да 1 қазанға дейін барлық мәселені шешіп, қаланы қоқыстан тазалап, жұмысты жүйелеңіздер, – деді облыс басшысы. Жиыннан соң облыс әкімі қаланы аралап, тұр-ғындармен тілдесті. Шаһарда он бес жылдан бері тұрып келе жатқан Зеріш Қуанышқалиева  жәшіктердің уақтылы тазаланбайтынын айтты. Ал өзі төлемді алдын ала, яғни  жыл басында бір төлейді екен. Жалпы күл-қоқыстың уақтылы  тазаланбауы тұрғындардың денсаулығына зиян.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы «АқсайГазСервис» АҚ, «Ақсай индустриалдық паркі» ЖШС және «ҚПО» компаниясының басшыларымен кездесті. «АқсайГазСервис» АҚ-ның жұмысы туралы оның президенті Тілек Шектібаев айтып берді. Бұл  облыстағы  ең ірі отандық компанияның қызмет көрсету аясы кең. Негізінен мұнай-газ секторы нысандарын жайластыру мен сервистік қызмет көрсетуге бағытталған. Екі мың адамнан тұратын кәсіпорын ұжымы Қарашығанақ, Шынарлы, Қашаған және Теңіз кен орындарында қызмет етуде.  Облыс әкімі Ғали Есқалиев компания қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекесімен құттықтап, үздік қызметкерлерді марапаттау рәсіміне қатысты. Содан кейін компанияның өндірістік қуатымен  танысу мақсатында кәсіпорын  ау-мағын  аралап  көрді.

Облыс басшысы «Ақсай индустриалдық паркі» ЖШС базасына да табан тіреді. 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның негізгі бағыты – мұнай-газ ұңғымаларын бақылауға арналған электрлік және аспаптық жабдықтар өндірісі, дәнекерлеу жабдықтары мен дәнекерлеу әдістемелерін монтаждау және жобалау. Өңір басшысы «ҚПО»  компа-ниясының өндірістік базалары мен «Сичим С. п.А. Қазақстан» құрылыс-монтаж компаниясының филиалында болған кезде компанияның асханалары мен қызметкерлердің демалыс бөлмелерін көріп, жұмысшылардың жағдайымен танысты.

«Сичим С. п. А. Қазақстан» компаниясының атқарушы директоры Алтын Құлбаеваның сөзінше,  бүгінде  компанияда 3 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді екен.

Олардың 85 пайызын батысқазақстандықтар құрап отыр.

Шетелдік компания басшыларымен кездесуінде Ғали Нәжімеденұлы әкімдік тарапынан ІІІ санаттағы шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны азайту, ал IV санаттағы шетелдік жұмыс күшін әкелуге толық тыйым салу туралы шешім қабылданғанын айтты.

– Сіздердің мердігерлік ұйымдарыңыз ІІІ және IV санаттағы электргазбен дәнекерлеушілер, монтаждаушылар, бұрғылау жұмыстары жөніндегі инженерлер және т.б. мамандықтар бойынша жергілікті кадрларды дайындаулары керек деп есептеймін.

Бұған толық мүмкіндік бар. Себебі облыс аумағында ASME стандартына сай мамандарды даярлайтын тренинг орталықтары бар.

Біз өз тарапымыздан Қарашығанақ кен орнына кәсіби қызметкерлерді дайындау үшін тренинг орталығына инвестиция салуға көмектесуге дайынбыз, – деп атап өтті кездесу барысында облыс  әкімі Ғали  Есқалиев.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы