26.08.2019, 22:03
Қараулар: 438
Көмекке асыққан көлікке кім кедергі?

Көмекке асыққан көлікке кім кедергі?

«Ақжайық  –  адалдық  алаңы»  жобасы  аясында  жобалық  кеңсе, облыстық  полиция  департаменті,  медицина  саласының  қызметкерлерінің  қатысуымен Орал  қаласы  көшелерінде  «Жол  бер  –  өмірді  сақта»  атты шара  өтті.  «Жедел  жәрдем»  көлігіне  жол  бермейтін жүргізушілерді  анықтау  мақсатында  ұйымдастырылған рейд  барысында  көмекке асыққан  көлікке  жол  бермеген жүргізушілер  анықталмады.

«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Әлия Сәлиева соңғы кезде жүргізушілердің «Жедел жәрдем» көлігіне жол бермейтіндігі жөнінде жиі шағым түсетіндігін атап өтті. «Науқастың өміріне араша түсуге асыққан дәрігердің әр секунды қымбат. Рейдтің басты мақсаты – өрт сөндіру және «Жедел жәрдем» көлігінің адам өмірі үшін маңызды екенін түсіндіру. Көлік жүргізушілері арнайы мақсаттағы көліктердің діттеген жеріне уақтылы жетуіне жолдағы қозғалыстың тікелей әсер ететіндігін ұғынулары қажет», – деді Әлия Өтемісқызы.

– «Жедел жәрдем» қызметінің 31-бригадасында еңбек етіп жүргеніме жеті жыл болды. Күніне шамамен 15-16 шақыртуға барамыз. Соңғы уақытта көмекке асыққан көлікке жол бермейтіндер көбейіп кетті. Мысалы, алдымызда кетіп бара жатқан көліктен жол сұрап, дабыл берсек те, байқамаған кейіп танытатындар жетерлік. Содан кейін жол ережесін бұзып, қарсы бетпен жүруге тура келеді. Бұл науқастың ғана емес, көлік ішіндегі медицина қызметкері мен жүргізушінің де өміріне қауіп төндіретінін жол бермейтін жүргізушілер ойға алса екен, – дейді «Жедел жәрдем» қызметінің фельдшері Арман  Ижанов (суретте).

Жол сақшыларының айтуынша, егер жүргізушілер жедел және арнайы көліктер дыбыс дабылын қосып келе жатқан кезде жол қозғалысына кедергі келтірсе, онда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтін  болады.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар