26.08.2019, 21:51
Қараулар: 203
Меритократия қағидаты немесе БҚО-дағы мемқызметшілердің сәтті тәжірибесі

Меритократия қағидаты немесе БҚО-дағы мемқызметшілердің сәтті тәжірибесі

Мемлекеттік қызметшілердің қызметі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы тиіс. Ел-жұрттың қажеттіліктеріне бағдарланған тиімді мемлекеттік қызметшілердің корпусын қалыптастыру жөніндегі міндет басым және бұл Мемлекет басшысының “Баршаның игілігі! Сабақтастық. Әділдік. Прогресс” сайлауалды бағдарламасынан туындайды.

Кез келген реформа атаулыны жүзеге асыруда шағын және тиімді мемлекеттік аппарат маңызды рөл атқарады. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызмет елеулі өзгерістерге ұшырады. Бұл – мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу.

Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі қазіргі заманғы жағдайларда тез және тиімді әрекет етуге қабілетті мемлекеттік қызметшілердің бәсекеге қабілеттілігін, кәсібилігін және патриотизмін арттыруға ықпал етеді.  Қолданыстағы үлгі негізінде үміткерлер мемлекеттік қызметтегі өзінің кәсіби қызметін төменгі лауазымнан бастайды, ал олардың одан әрі ілгерілеуі тиісті саладағы еңбегі мен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, конкурстық және құзыреттері негізде жүзеге асырылады.

Мансаптық ілгерілеу жеңілдетілген тәртіп бойынша ішкі конкурстар арқылы және қысқа мерзімде жүзеге асырылады. Бұл конкурстарға төмен тұрған лауазымдарда жұмыс өтілі бар мемлекеттік қызметшілер қатысады. Ең алдымен, іріктеу мемлекеттік құрылымның өзінде жүргізіледі. Тиісті үміткерлер болмаған жағдайда конкурс біліктілік талаптарына сәйкес келетін барлық мемлекеттік құрылымдардың барша мемқызметшілері арасында өткізіледі.

Биылғы жылдың алты айлығында Батыс Қазақстан облысында 644 конкурс өткізіліп, конкурсқа 658 үміткер қатысқан. Өткізілген конкурстардың қорытындысы бойынша 367 үміткер әкімшілік мемлекеттік лауазымға тағайындауға ұсынылды, оның ішінде 62,1% мемлекеттік қызметші ішкі конкурс бойынша қызмет бабымен жоғарылады. 60-тан астам мемлекеттік қызметші басқарушы лауазымға тағайындалды, бұл барлық басқарушы лауазымға тағайындалғандардың 79,7%-ын құрады. Осы тұста еңбек жолын төменгі лауазымнан бастап, қазіргі уақытта нақты басқару қызметіндегі мемлекеттік қызметшілердің тәжірбиесін атап өтуге болады. Солардың бірі – Ержан Тұрмағамбетов.  Мемлекеттік қызметке Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының бас маманы ретінде орналасып, аппараттың бөлім басшысы, аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарып, қазіргі уақытта әкім лауазымында ауданды басқарып отыр. Әлібек Антазиев өз еңбек жолын бас маманнан бастап, облыстық басқарманың бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары лауазымында жалғастырып, қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасының  басшысы ретінде өзінің мансап жолын жалғастыруда.

Көпшілік жас мемлекеттік қызметшілерге Бейімбет Мусиннің еңбек жолы да үлгі бола алады.  Өзінің мемлекеттік қызметтегі жұмысын бас маман лауазымынан бастап, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуын аяқтаған соң, конкурстық іріктеу арқылы бөлім басшысы лауазымына тағайындалған, қазіргі уақытта облыстық  энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызметін атқаруда.

Қолданыстағы  заңнамалармен кандидаттардың біліктілігін, құзыретін, қабілетін, еңбегін әділ бағалау үшін жағдай жасалған.

Конкурстық үрдістердің  (процедуралардың) ашықтылығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін әңгімелесуге міндетті түрде техникалық жазба құралдары қолданылады және әңгімелесуге қоғам өкілдері қатарынан байқаушылар шақырылады.  Сонымен қатар әңгімелесу барысында үміткерлерге қосымша техникалық жазба құралдарын қолдану құқығы беріледі.

Венера  МАСИМОВА,

ҚР  Мемлекеттік қызмет  істері  агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма  басшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар