26.08.2019, 21:50
Қараулар: 355
«Үш баланы мектепке дайындауға 200 мың теңге жұмсадық»

«Үш баланы мектепке дайындауға 200 мың теңге жұмсадық»

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Қазір қаламыздағы ірі сауда үйлері мен базарлардан ұл-қыздарын жетектеп, мектепке дайындалып жүрген ата-аналарды жиі көреміз. Әр ата-ана өз баласының қатарының алды болғанын қалайды. Сондықтан да қалағанын әперіп, бала өтінішін жерге тастамағанды жөн көреді. Қазіргі күнде көп балалы аналар мен жалғызбасты аналарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол»» акциясы біраз мұқтаж жандардың мәселесін шешуге сеп болуда. Осыған сеніп «Биыл мектеп не береді екен?» деп күтіп отыратын ата-аналар да жетерлік. Дегенмен «Бес балам – өз бақытым, өз қуанышым, балаларымның бар қалағанын өзім алып беремін» деп намысқа тырысып жүрген ата-аналар да аз емес.  Осы мақсатта біз бес баланың үшеуін және екі баласының біреуін мектепке дайындаған аналарды әңгімеге тартқан едік.

Кейіпкеріміз Зайра қаламыздағы сұлулық салондарының бірінде шаштараз болып жұмыс жасайды. Оның үш қыз, екі ұлы бар. Үлкен екі қызы мен ұлы №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясында оқиды. Екеуі әлі кішкентай. Жыл сайын мектепке баратын балаларының қатары көбейіп келеді. Балапандарының дені сау болып, аман-есен өсуінің өзі бір бақыт екендігін түсінген кейіпкеріміз олардың материалдық қажеттіліктерімен қоса тұлға болып қалыптасудағы рухани қажеттіліктеріне де көп көңіл бөледі екен.

– Жыл сайын баланы мектепке дайындау ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Балаға тым арзан киім әпергім келмейді. Өйткені «Арзанның суы татымас» деп аталарымыз бекер айтпаған шығар. Шынымен де, тым арзан киімді бала құрығанда екі ай ғана киеді. Қымбат киім әперуге қалта көтере бермейді. Сондықтан орташа бағадағы киімдерді қараймын. Кейде сауда үйлерінде жеңілдіктер болып жатады. Бұл сәтті де пайдаланып қалуға тырысамын. Биыл үшеуіне 200 мың теңгеге киімдері мен негізгі керек-жарақ құралдарын сатып алып бердік. Әлі де алынбаған заттары бар. Оны мектепке барғанша түгелдеп береміз. Оларды киіндіру, тамақтандыру өз алдына, ең бастысы, баланың жақсы адам болып өсуіне көңіл бөлген жөн.  Сондықтан отағасы екеуміз олардың тәрбиесін басты назарда ұстаймыз. Осы кезге дейін оларды үйде жалғыз қалдырып көрмеппіз. Міндетті түрде, қастарында әкесі, ол болмаса, өзім қаламын. Жұмыстарымызды өзімізге ыңғайлы келтіріп алдық. Балалардың қасында үнемі атасы болады. Қазір он айлық бөпемді қайын атам бағысып, бізге көмектесіп отыр. Балаларыма «Кішілерің үлкенді тыңдаңдар, үлкендерің кішілерге қамқор болыңдар. Бір-біріңді ренжітпеңдер, тату болыңдар» деп жиі айтамыз. «Балаңды жақсы көрсең, ерке қылма» демекші, олардың қолына гаджет беріп, дегенін жасамаймыз. Ұялы телефондары тек бізбен хабарласуға арналған. Әкесі спортшы болғандықтан, балалар спорттық үйірмелерді жақсы көреді. Қыздарым суда жүзуге, ағылшын тілі курстарына қатысып жүр. Ұлым оқушылар сарайындағы бокс үйірмесіне барады, – дейді бізбен ақтарылып әңгімелескен Зайра ана.

– Балаларым аман-есен өсіп, өз таңдаған мамандықтарының иесі болғанын қалаймын. Өзім БҚАТУ-дың экономика факультетін қызыл дипломмен бітірдім. Қазір шаштараз болып, табыс тауып жүрмін. Балаларыма «Міндетті түрде жоғары оқу орнын бітіріңдер» деген талап қоймаймын. Көңілдері қаласа, колледждер мен курстарды бітіріп алып, жұмысшы мамандығын  иеленіп, еңбек нарығынан өз орындарын табуларына болады, – дейді ол.

Екінші кейіпкеріміз жас ана Майгүл Қайыржанова биыл мектеп табалдырығын аттайтын тұңғышын мектепке дайындап жүр.

– Біз ұлым баратын №1 орта мектеп басшылығына жолығып, мектеп формасы жөнінде кеңес алдық. Кішкентай балалардың костюмі, спорттық киімі, галстугі 28 500 теңгеге шықты. Одан бөлек сөмкесі мен оқу құралдарын сатып алдық. Мұқият қарап, аралап, орташа бағамен алғанда барлығына 40 мың теңгеге жуық қаражат жұмсадық. Әлі аяқ киім, спорттық аяқ киім, ақ көйлек, тағы басқа уақ-түйек заттар алынған жоқ. Бір балаға 60-70 мың қажет деп естіп едік. Әлі алынбаған заттармен сол шамаға баратын сияқты, – дейді үшінші сәбиін күтіп жүрген жас ана.

№3 емханада оператор болып  жұмыс жасайтын ол балалардың денсаулығына көп көңіл бөледі. Балаларының бір-біріне тете болғанын қалаған жас ана олардың бауырмал болып өскенін қалайды. Қазіргі күнде кейіпкеріміздің екінші қызы балабақшаға барып жүр.

Екі анамен сөйлесе келе байқағанымыз, бір баланы киіндіруге орта есеппен 60-70 мың теңге жұмсалады екен. Осы орайда  бір үйден бес-алты баланы мектепке дайындап жүрген ата-аналарды қалай мақтасақ та жарасады. Қазіргі күнде бір баланың бабын табу оңай шаруа емес. Ендеше, елімізде бір емес, бірнеше перзентінің бабын тауып, тұлға етіп тәрбиелеп жүрген ата-аналардың қатары көбейе бергей!

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Керек  кеңес

  1. Базарға барғанда міндетті түрде саудаласыңыз. Саудагерлер ешқашан өз пайдасынан желінбейді.
  2. Сыныптағы басқа оқушылардың ата-анасымен сөйлесіңіз. Бүкіл сынып болып бір жерден сатып алсаңыз, көтерме бағамен арзанға түседі.
  3. Оқу құралдарын мектеп жәрмеңкесінен алған тиімді.
  4. Дүкендердің арнайы бонустық бағдарламасын, жеңілдіктерді пайдаланыңыз.
  5. Кейбір заттарды сатып алуға үлгермей қалсаңыз, жәрмеңке «қызуы» басылғанын күтіңіз. Қыркүйек айының ортасында сол заттарды әлдеқайда арзан бағаға сатып ала аласыз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар