23.08.2019, 10:18
Қараулар: 476
Чарльз Диккенсті аударған қыз

Чарльз Диккенсті аударған қыз

Оралдағы орталық қалалық кітапханада Жастар жылына орай талантты жас аудармашы Аяжан Қалиоллинамен кездесу кеші өтті.

Өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жастарды таныстыру, олардың шығармашылығын кеңінен насихаттап, рухани мұраны қолдауды мақсат еткен шара барысында Аяжан Ардаққызы аударма саласына басқан алғашқы қадамы, қолдау көрсеткен жандар мен алдағы арман-мақсаттары туралы ой бөлісті.

Аяжан Қалиоллина – Орал қаласындағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің биылғы түлегі.

Мектеп қабырғасында озат үлгерімі ғана емес, үлгілі тәртібімен талайға үлгі болған мақтаулы шәкірт туралы аталмыш білім ордасының  директоры Алтын Жұмағалиева тебірене сыр шертті. «Аяжан – 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектебін «Алтын белгімен» аяқтап, мектеп қабырғасында жүрген кезінде түрлі додаларда топ жарған аяулы шәкіртіміз. Бүгінде білім шыңын бағындырып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аудармашы мамандығы бойынша грант иегері атанып отыр. Ол аударған шетел көркем әдебиетінің орыс тіліндегі аударма нұсқасы жоқ, тікелей қазақ тіліне аударылған. Мектеп қабырғасында жүріп үш бірдей көлемді шығарманы қазақша «сайратқан» Аяжанның  бұл жетістігін қайталаған оқушы облысымызда  жоқ әзірге. Алғаш аудармаға кірісуге ұсыныс білдірген кезімде қуана құп алып, бұл іске бар ынта-жігерімен кіріскен шәкіртімнің еңбекқорлығы мен жауапкершілігін кез келген жанға үлгі етуге тұрарлық. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Аяжанның аударма жұмыстарымен танысып, жоғары бағасын берді. Бірлестік мамандары тарапынан бұл еңбектерді мектеп оқушыларына қосымша әдістемелік құрал ретінде қолдану жөнінде ұсыныс тасталды» – деген Алтын Ғиниятқызы Аяжанның болашағы жарқын болуын, студенттік жылдарына сәттілік тіледі.

– Ең алғаш аударған туындым – Элизабет Стаклидің «Магнолия кварталы» деген еңбегі. Бұл еңбекті аударуға үш айдың көлемінде уақытым кетті. Кітаптың басты кейіпкері бастан кешкен жайттар менің жеке басымнан өткен оқиғаларға ұқсас болғандықтан да бұл еңбек жаныма ерекше жақын. Шығармада Лондон қаласының Магнолия атты мөлтекауданында тұратын жасөспірімдердің қым-қуыт тағдыры, олардың қызық пен шыжыққа толы қалыптасу кезеңдері керемет суреттеледі. Алдағы уақытта осы Магнолия мөлтекауданын өз көзіммен көруді армандаймын. Сонымен қатар мен аударған еңбектер қатарын Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің бастан кешкендері» атты романының орысша аудармасы жоқ тарауы және Джеймс Генридің «Лондон өмірі» атты туындысы толықтырды. Болашақта біздің елдің жастары әлем әдебиетінің ең мықты туындыларын туған тілдерінде оқуы үшін сапалы аудармамен қамтамасыз ету бағытында тер төгетін боламын. Аударма саласына бағыттап, қабілетімді танытуға мүмкіндік берген Алтын Ғиниятқызына, жұмыс барысында көмегін аямаған жетекшім, ағылшын пәнінің мұғалімі Алмагүл Шатланқызына алғысым шексіз, – дейді арманы асқан Аяжан.

«Жалынды жастар болашаққа  жол бастар» деген атаумен өткен  кеш барысында Орал гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, жас ақын Аида Хасанова өлең өлкесіне басқан алғашқы қадамдары, білім беру саласында жеткен жетістіктері жайында әңгімеледі. Кездесуге жиналған жұртшылық кеш қонақтарына көкейлеріндегі сауалдарын қойып, бұл басқосу әдемі ән-күймен әрленді.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар