23.08.2019, 10:11
Қараулар: 429
Барлық қызмет талапқа сай болуы керек

Барлық қызмет талапқа сай болуы керек

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Отырыста 5 тамызда облыс аумағында қатты желдің салдарынан болған төтенше жағдайды жою мәселесі қаралды. Сондай-ақ алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары, теміржолда орын алуы мүмкін апат кезінде тартылатын күштер мен құралдардың қамтамасыз етілуі, БҚО бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау, «2017-2020 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын орындау және ағымдағы жылдың екінші тоқсаны хаттамасын орындау мәселелері талқыланды.

Комиссия отырысында ТЖД басшылығы аудандардағы жағдай туралы шұғыл қызметтерді дер кезінде ақпараттандыру және «112» қызметі мен «109» бірыңғай Call-орталығындағы өңдеу жеделдігі туралы мәселелерді қозғады. Сонымен қатар коммуналдық қызметтердің арнайы техникасын жаңалау қажеттілігі сөз болып, ағаштар мен жасыл желектердің құлау жағдайларын болдырмау үшін тиісті жұмыстар талап етілетіндігі айтылды. Облыс әкімі барлық арнайы техниканы, соның ішінде коммуналдық қызметке қатысы жоқ ұйымдардың техникасын есепке алуды тапсырды.

– Табиғи катаклизм кезінде қолда бар барлық ресурсты тарту керек. Батысқазақстандықтар мен облыс аумағындағы ұйымдар төтенше жағдайлар салдарын ең қысқа мерзімде жоюға мүдделі. Мұндай жұмыста біз оларға қолдау көрсетуді бірінші кезекте негізге алуымыз керек, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Сонымен қатар өңір басшысы көрші облыстармен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі барлық қызметтің қазіргі талаптарға толық сай ету қажеттігін ескертті.

Данияр  БАХИШЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар