23.08.2019, 10:10
Қараулар: 319
Батысқазақстандық өнерпаздар Баку сахнасында

Батысқазақстандық өнерпаздар Баку сахнасында

Жуырда БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының  шақыртуымен  Әзірбайжан еліне барып концерт қойды.

Бұл сапар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет»  атты арнайы жобасының және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында жүзеге асты. Оркестр алдымен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Жібек жолы» ХХ халықаралық музыкалық фестивалінің салтанатты жабылу шарасында өнер көрсеткен болатын. Батысқазақстандық оркестр  Түркия,  Қырғызстан, Өзбекстан,  Әзірбайжан мемлекеттерінің артистерін де сүйемелдеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Содан соң облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі Баку қаласындағы Рашид Бейбутов атындағы Әзірбайжан мемлекеттік музыкалық театрында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, дирижер Қанат Ахметовтің басқаруымен «Ұлы дала шерткен сыр» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.  Онда аталмыш оркестрмен бірге, домбыра, қылқобыз, прима-қобыз секілді басқа да аспаптарда ойнайтын музыканттар да өнерлерін ортаға салды. Бұл шара қазақ халқының баға жетпес мәдени мұрасын насихаттап, түркі тілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайтуды, олардың шығармашылығын кеңінен дәріптеуді мақсат етті.

Ән шырқалып, күй төгілген концертте эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен домбырада Ақылбек Бектасов Құрманғазының «Сарыарқа» мен «Балбырауын», Ақсамал Қанатқалиева Құрманғазының «Төремұрат» күйін шертсе, Ернар Өмірәлі Е. Брусиловскийдің «Шегенің ариясын» және Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін, оркестр әзірбайжандық Полад Бюльбюльоглының «Увертюра» және «Долалай» әндерін, Жаңылсын Хасанова К. Дүйсекеевтің «Сәлем саған туған ел» және «Керім-ай» монғол қазақтарының әнін, әзірбайжандық Сахиб Пашазаді тар (tar) аспабында, М. Магомаевтың «Синяя вечность»  және М. Бегалиевтің «Атамекен» әндерін қырғызстандық Ақсайбек Мухамбет-уулы орындап, түркиялық Йылмаз Демірташ, өзбекстандық өнерпаздар дойра ұрмалы аспабында Хуршиде Ишниязова мен биші Муборок Кадырова өнер көрсетті. Концертке бакуліктермен қоса, түркі тілдес 12 елдің мемлекеттік хатшылары мен өнерсүйер өкілдері зор қошемет көрсетті.

— Концерт соңында сол кездегі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестріне ықылас гүлін сыйлап, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді. Көрерменнің жүрегін жаулаған концерттен кейін ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, өнер майталманы Дүйсен Қасейінов түркі әлемі артистерінің жоғары кәсіби шеберлігін ерекше атап өтіп, алғысхаттарын табыстаған болатын.

Бұл концерт құрылғанына 10 жыл болған өнер ұжымы үшін үлкен тәжірибе болды. Себебі халықаралық деңгейде өнер көрсету, өзге ел музыканттарымен бір сахнаға шығу өнерпаздарға зор азық болды деп айта аламын. Бұған дейін еліміздің көптеген қаласында өнер көрсетіп жүрген оркестр түркі тілдес елдердің мәдениетін паш етті. Аталмыш оркестрдің репертуарында 280-ге тарта шетелдік, қазақстандық композиторлардың шығармаларымен қатар, әлемдік классикалық туындылар да бар. Бүгінде жастар шығармашылығы орталығы фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді, — деп атап өтті облыстық жастар шығармашылығы орталығының директоры, ҚР еңбек сіңірген мәдениет  қайраткері Марат Қалиев.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Асхат ХАСАНОВ,  БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің дирижері:

– Бұл  біздің оркестрдің шетелге жасаған  алғашқы сапары болды. Гастрольдік сапардан өте жақсы әсер алдық. Оркестр сүйемелдеуімен ән айтатын  шетелдік әншілермен бір рет қана  дайындық жүргізілген болатын. Бірақ мамандардың кәсіби шеберлігінің арқасында еш қиындық тудырған жоқ. Көрерменнің ыстық ықыласы ерекше байқалды. Түркі тілдес халықтардың мәдениетін паш еткен фестиваль болғандықтан, біздің оркестр фольклорлық туындыларды орындады. Оркестрдің бір ерекшелігі – эстрадалық-симфониялық оркестр, яғни негізінен классикалық шығармаларды орындайтын  өнер ұжымы саналады. Алайда  Бакуде біз тек фольклорлық  шы-ғармаларды орындадық. Бұл жерде дирижер Қанат Ахметовтің еңбегі зор болды. Көрермендер, әсіресе, қобызбен орындалған күйге де, осы аспаптың өзіне де ерекше қызығушылық танытты. Концертте Ақсамал Қанатқалиева Құрманғазының «Төремұрат» күйін орындаған болатын. Ернар Өмірәлінің оркестрдің сүйемелдеуімен орындаған термесі де ерекше ықыласқа бөленді.

Жаңылсын ХАСАНОВА, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның артисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

— Маған Әзірбайжан астанасы Бакудың тамаша табиғаты, қала көшелерінің тазалығы, халқының  бауырмалдығы ұнады әрі ерекше әсер алдым. Халық өте жақсы қабылдап, біздің өнерімізге жоғары бағаларын берді. Шетелдік әншілердің өздері біздің оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Бұл  батысқазақстандық өнерпаздарға  көрсетілген үлкен құрмет деп білемін. Қазақ өнері, өнерпаздары қандай екен деген оймен келген көрерменнің  риза болғанын көріп, ыстық ықыласын сезіндік. Әзірбайжандар – мәдениеті өте жоғары халық. Осындай елде өнер көрсетіп, ел-жер көруге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым зор. Мұндай шаралар өнер адамдарының ой-өрісін арттырып, кәсіби біліктілігін шыңдауға,  тәжірибе жинауға  зор үлес қосады деп санаймын.

Бейбіт ХИБАШЕВ, жастар шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі:

– Бұл  концертке дайындалуға уақыт тығыз болған еді. Солай бола тұра, шетелде өткен  концерт әзірбайжандық ағайындардың  көңілінен шықты деп айта аламын. Себебі өзім көрерменнің арасында отырғанымда, олардың ыстық ықыласы ерекше байқалды. Орта жастағы әзірбайжандық бір әйел дирижердің кәсібилігіне ғана емес,  артистік шеберлігіне  де  тәнті болғанын айтып, алғысын білдірген еді.  Театрда  ине  шаншыр  орын  болған  жоқ. Шетелде концерт қою әрі алғаш рет  өнер көрсету артистерге оңай емес. Бірақ көрерменнің ыстық ықыласы батысқазақстандық артистердің қобалжуын басып, қайта шабыттандырып отырды. Екпін түсіріп  айтып өтетін жағдай, фестивальдің жабылу салтанатындағы концерт біздің оркестрдің сүйемелдеуімен өткен болатын. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, өнер майталманы Дүйсен Қасейінов қазақстандық  күйшілердің  күй орындау шеберлігіне   мән беріп, орындау техникасына қатысты  ұсынысын да  айтқан еді. Бұл күйшілердің өзара тәжірибе алмасудың, күйшілік дәстүрді жалғастырудың бір парасы ғана. Бұған дейін тек қазақтарды  қонақжай халық деп санайтын едім. Әзірбайжандықтардың да өте қонақжай халық екенін көрдім.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар