23.08.2019, 9:59
Қараулар: 317
20 адамды алдаған алаяқ әйел ұсталды

20 адамды алдаған алаяқ әйел ұсталды

Жерлестеріміз әлі де аңғал, кез келген адамға сенгіш. «Оралдан арзан  пәтер  алып  беремін»  деген  әйелге  иланып, бар  жиған-тергенін  санап  берген  тұрғындарға қарап осылай демеске шара қалмады. Соның салдарынан олар аламыз деп үміттенген  үй  де  жоқ, берген ақшалары  да  жоқ. Енді олар сандарын  соғып, өкініп отыр.

Алаяқ әйел  екі-үш бөлмелі пәтерлерді 4-5 миллион теңгеге бағалаған. Бұл – нарықтағы үй бағасынан екі, үш есеге арзан. Оның мұндай жетістікке жетуіне кезекті «пирамида» жүйесі көмекке келсе керек. Адамдар тұрғын үйдің кілтін алмастан, бірі туысқанына айтып, бірі дос-жарандарына жеткізеді. Сөйтіп, «пирамидаға» шақыра бастайды. Осылайша баспаналы болуды көздегендер саны 20-ға жетіп жығылады. Әлі де арыз түсіріп жатқандар бар. Алданғандардың қатарында зейнеткерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер де жүр. Олар ұсынған қаржының ең азы  500 мың теңге болса,  ең көбі 7,2 миллион теңгені құрайды. Алаяқ әйел өзі жалға алған пәтерді кепілдікте тұр деп, оны алып беруге мүмкіндігі барын айтып, тұрғындардың көздерін жеткізіп отырған. Тіпті пәтерді көрместен, құр суреттеріне риза болып, ақшаларын санап бергендер де жоқ  емес.

– Алаяқ әйел тұрғындармен үнемі байланысқа шығып, құжат толтыруда белгілі бір қиындық туғанын, әйтеуір қол жеткізетінін айтып, сендіріп келген. Қазіргі уақытта аталған 36 жасар әйелге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөліміне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдікті азаматша тергеу  изоляторына қамауға алынды. Ол бұған дейін алаяқтық қылмысы үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған, – дейді Орал қалалық полиция басқармасы  бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Төребек Маратов.

Зардап шеккендер ақшаларын қайтарып беруін сұрауда.  Алайда күдікті азаматша ақшасының жоғын айтып отыр. Алаяқ әйел зардап шегушілердің 54 миллион 450 мың теңгеге жуық ақшасын қайтарып беруі тиіс. Бірақ оның бұл қаржыны қалай, қашан қайтаратыны  белгісіз.

Алдағы уақытта мұндай жайт қайталанбас үшін құқық қорғау құрылымдарының беретін кеңес-тері бар. Ең алдымен жылжымайтын мүлікті сату және сатып алу кезінде барлық операцияны, сондай-ақ ақшалай қаражаттарды қарызға алуды тек нотариус арқылы рәсімдеу керек. Келісімшарттың барлық тармағын мұқият оқып шыққан жөн. Келісімнің барлық ережесімен келіскенше және түсінікті болғанша ешқайда қол қоймаған абзал. Түсініксіз болса, түсіндіріп беруді сұрау қажет. Егер де келісімшарттың қандай да бір тармағы жазбаша көрсетілмесе, тек ауызша айтылса, онда алдау әрекеттері жүзеге асып жатыр  деп түсіну керек. Әрқашанда жылжымайтын мүлікті сататын компанияның мекенжайын, телефонын және басқа да байланыс түрлерін нақтылап, ол туралы интернет-ресурстары арқылы анықтама алуға тырысқан жөн. Алаяқтың арбауына түсіп, жиған дүние-мүлкіңізден бір күннің ішінде айырылып қалғыңыз келмесе, осы ақыл-кеңеске  құлақ  асқан  дұрыс.

БҚО  ПД  баспасөз  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар