23.08.2019, 9:58
Қараулар: 487
«Қарапайым заттар» қазынаны байытпақ

«Қарапайым заттар» қазынаны байытпақ

 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы отандық тауарды өндірушілерді қолдауға бағытталған.  Бағдарлама үмітті ақтаса, 4-5 жыл көлемінде еліміздегі импорттың үлесі 59-дан 37 пайызға дейін азаюы тиіс.

«Қойнауы кенге толы, байтақ елде тұрып, бір қорап сіріңке шығармаймыз» деп өзімізге өкпе артып отырған қазақпыз ғой. Тұрмыстық заттарды шығаруға қауқарлы кәсіпорындар мүлдем жоқ деп тақыр жерді сипайтын халде емеспіз, бірақ қара базардан бастап қоржыны бай дүкен-дер сөресін импорттық өнімдер жаулап алғаны әуелден аян. Брендтің аты озып, әлемде бәсекенің қазаны қайнап жатқан уа-қытта бұл үрдісті заңдылық деп қабылдаймыз. Алайда «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген ортақ мүддеге бір табан жақындай түсуіміз керек. Өзбектің мақтасы мен қырғыздың бір киерлігін, Қытайдың Қырымнан бергі көшірме тауарларын алуға ақша жұмсап, аузымыздың суы құрып мақтағанша, шикізатқа малданбай, өзімізде өнген, өндірген дүниелерімізді ішкі сауда айналымында көбейтсек, 2025 жылға қарай бюджетті 1,1 триллион теңге салық түсімімен байытады екенбіз.

Бәсеке демекші, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға ақпан айынан бастап 600 миллиард теңге бөлгенін хабарлады. Оның 400 миллиарды өңдеу өнеркәсі-біне бағытталған. Қалғаны агро-өнеркәсіп кешенінің өндірістік жобаларына қарастырылады.

Қомақты қаржыны еліміздегі екінші деңгейлі банктер кәсіпкер-лерге жеңілдетілген несие түрін-де беруге білек сыбана кірісіп кеткен. Жоба қаржысы әр өңірдегі бағдарламаны түсіндіру жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуына, бизнес иелерінің ширақтығы, кәсіпкерлік әлеуетіне қатысты бөлінуде. Сондықтан ай қарап отырған аймақ уысынан ортақ қазандағы қаржы қолдан сусып шығып кетуі мүмкін.

Өзге өңірлердегі секілді, біздің облыста бағдарлама мақсатын кеңінен түсіндіру үшін құрылған өңірлік кеңесі құрамына облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын құрылым басшылары, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр-лігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қаржы институттарының өкілдері,  «Нұрбанк», «Халық банкі», «АТФ банк» және «Jýsan Bank» сынды екінші деңгейлі банктері филиалдары директорларының орынбасарлары енген.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынған мәліметке сәйкес, жобалық кеңсе екінші деңгейлі банктер мен «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы сомасы 87,7 миллиард теңге болатын 99 жобаны сын тезінен өткізуде. Соның ішінде 71 жоба – агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібіне, 10 жоба – жеңіл өнеркәсіпке, сегіз жоба – құрылыс саласына, жиһаз шығаруға, 2 жоба – білім беруге және екеуі – химия саласына, 1 жоба – туризмді дамытуға, 5 жоба – электр, мұнайгаз жабдықтары және оқ-дәрілер шығаруға қатыс-ты. Байқағаныңыздай, облыста әлеуетті қатысушылар негізін агроқұрылымдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар  құрап  отыр.

Қазіргі уақытта құны 381,23 млн. теңге болатын 13 жоба мақұлданды. Мәселен, Бәйтерек ауданы Белес ауылындағы «ТриАл» шаруа қожалығы маусымдық дақылдарды өсіру мақсатында «Нұр-банк» АҚ арқылы 42 миллион теңге несие алды. Тағам өнеркәсібі бойынша оралдық «Исаев Х. Х.» жеке кәсіпкерлігі қамыр дайындайтын екі жабдық сатып алатын болды.

– «Полиграфсервис» ЖШС бұрыннан гарфокартон өндіреді. Ен-ді елімізде сирек шығатын қағаз стақандарды өндіргіміз келді. Міне, бұл тұрғыда «Қарапайым заттар экономикасы» серіктестікке дем беруде. «АТФ Банк» АҚ арқылы 10 миллион теңге несие бері-летін болды. Қазіргі уақытта 2 млн. теңге қаржы қолымызға тиді. Қыркүйек айында жаңа құрал-жабдық сатып аламыз. Сол арқылы өндірісімізді кеңейтіп, қағаз стақандар мен картоннан жасалған қаптамаларды нарыққа шығаратын боламыз, – деді «Полиграфсервис» ЖШС директорының көмекшісі Александра Усова.

Сонымен қатар 575,85 млн. теңгенің 8 жобасына қаржы беру талқылану үстінде. Жобаларға сәйкес шаруашылық құры-лымдары мал басын өсіріп, техника алуы, жылыжай ашып, көкөністер мен қауындарды, тамыр дақылдарын және түйнектерді өсіруді, сүт өнімдерін шығаруды жоспарлаған.

Аталмыш бағдарлама аясында  «Қазақстан халық банкі» АҚ, «Цес-набанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «Банк Центр-Кредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Еуразия Банкі» АҚ мен «Нұрбанк» АҚ филиалдары жеңілдетілген несие береді. Тамыз айынан бастап тағы бір қаржы институты іске қосылды. Яғни «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ өтінім қабылдай бастады. Облыстан корпорация қарауына 936 млн. теңгенің 17 жоба құжаты келіп түсті. 59,8 млн. теңгенің 4 жобасы мақұлданып үлгерді. 146 млн. теңгенің 4 жобасына қаржы беру жайы қарастырылуда.

Бағдарлама бойынша туристік аймақтарды дамыту үшін 9 жоба ұсынылған. Жобалар құны 70 миллионнан бастап 2 миллиард теңгеден астам қаражат көлемін құрайды. Соның ішінде Шалқар өзені жағалауында халықаралық тынығу базасының құрылысын бастау, Бәйтерек ауданында жастарға арналған туристік лагерь мен Орал қаласында қолөнер орталығын ашуға ниет білдірген кәсіпкерлер бар. Әзірше «Grand Hotel Service» ЖШС-ның туристік жобасын облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасымен «Банк ЦентрКредит» қарастыруда.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнес иелері, ірі кәсіпорындар жеңілдетілген несие алуына болады. Несие жеті жыл мерзімге өңдеу өнеркәсібі бойынша 8, агроөнеркәсіп құры-лымдарына 5 пайызбен беріледі. Ең бастысы, импорт арқылы халық тұтынатын тауарларды азайтып, жергілікті өнімнің нарыққа шығуына мән беріледі. Сонымен қатар құрылыс индустриясы, жи-һаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнінде 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы жасақталды.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар