19.08.2019, 20:13
Қараулар: 295
Орманшылар орманды қорғайды, ал оларды кім қорғайды?

Орманшылар орманды қорғайды, ал оларды кім қорғайды?

Шыңғырлау аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің құзырындағы Бұлдырты орманшылығының хал-ахуалын білу мақсатында жолға шықтық.

Орман – ел байлығы. Ал осы орманды  қорғау, оны  баптап-күтуде нендей жұмыстар атқарылуда? Орманшылардың жағдайы қалай? Міне, көкейді осындай сан алуан сауалдар мазалаған соң, тиісті са-ла мамандарымен кездесіп, негізгі әңгіме бағытында ой өрбітуді де басты  мақсат  тұттық.

Бұлдырты орманшылығының орманшысы Алтынай Ибрайымова ауылда болмағандықтан, орман шебері Ермек Рахметовпен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Шыңғырлау ауданының орталығында орналасқан орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне Қара ағаш, Шиелі және Бұлдырты орманшылығы бекітілген. Яғни осы орманшылықтардың басты атқаратын міндеттері ұзын жолдың бойында өсіп тұрған орман жолақтарындағы ағаштарды, аңдарды суық қолды адамдардан, кездей-соқ  өрттен  қорғау.

Орман шебері Ермек Рахметовтың айтуынша, орманшылықтың қарауына беркітіліп берілген 8018 гектар алқап болса,  оның 4179 гектары Сырым ауданының аумағында, ал қалған 3839 гектары  Қаратөбе ауданының аумағында екен.

Жалпы, аталмыш орманшылықтың иелері Сырым ауданының Амансай елді мекені және Шыңғырлау ауданы шекарасы аралы-ғындағы орман алқабын қорғауды өз  міндеттеріне алыпты.

Кеңестік дәуірде аудандағы орманшылық ахуалдың жағдайы ауыз толтырып айтарлықтай болғандығы рас. Орман шаруашылығымен айналысатын арнайы мекеме, техника түрлері мен мамандар шоғыры жетіп артылушы еді. Тіпті орманшылықтың Тыныштыбай елді мекенінде арнайы қосалқы шаруашылықтың орналасқанды-ғын, онда ірі қара, қой бағылып, 15-ке жуық адам еңбек еткендігін, бір «Т-150», екі «МТЗ-80», бір «ДТ-75» тракторы, бір «ГАЗ-53» көлігі болғандығын, кейін осының бәрі түбірімен жойылып кеткендігін көз көргендердің тамсана отырып әңгімелейтіндері  бар.

Ал қазір ше? Қазір Бұлдырты орманшылығында бар болғаны төрт-ақ адам. Жіктеп айтар болсақ,  орманшы Алтынай Ибрайымова, орман шебері Ермек Рахметов, орман күзетшілері Тайман Төреға-лиев  пен  Серік  Қапсанов.

Техника жөнінде айтудың өзі ұят. Сонау заманнан қалған ескінің көзі, жарамсыздыққа шыққан «УАЗ» аутокөлігінің қаңқасы ғана тұр. Басқа техникаларды іздесең де таппайсың, алынып  та  көрмеген.

Жұмысшылардың ертеңгілік бас қосып, алғы жоспарлары жөнінде ақылдасатын кеңсесі де жоқ. Ал кеңсе болмағандықтан, әркім ертеңгілік үйлерінен қалта теле-фондары арқылы байланысқа шы-ғып, межелі жерлеріне аттанып жатады. Межелі жерлері дегеннен шығады, жігіттер шағын топ болса да, қиындықтар деп қолдарын қусырып қарап отырған жоқ. Ермектің иелігіндегі жеңіл көлігіне қалталарынан қаржы шығарып, жанармай құйып алады да, Қара ағаш, Аман, Шадияр, Балқайың нүктелеріндегі орман алқабын, Бұлдырты, Тамды, Шиелі өзендерінің маңын аралап қайтатындары бар.

– Қазірде Бұлдырты орманшылығының беркітілген алқабында  қара ағаш, қайың, көктерек, қарағай, үйеңкі, жөке ағаштары өсіп тұрса,  дала бүлдіргені, қарақат секілді табиғи жеміс-жидектер бар. Сондай-ақ қыстай жап-жасыл күйде болатын, адамдар жаңажыл-дық шыршаға пайдаланатын арша ағашы, жергілікті тұрғындар аула қоршауына қадеге асыратын жас талдар да баршылық. Ал өзенде-рімізде шортан, қара балық, ала-бұға, сартұқыш тұқымдас балықтар кездессе, орман алқабында  елік,  қабан, бұлан, қасқыр, түлкі, жиі кездесіп жатады, – дейді әңгі-ме барысында орман шебері Ермек  Рахметов.

Орманшылардың айтуларынша, жылдың төрт мезгілінде орман алқабын, өзендерді  суыт жүрісті адамдардан қорғау, аңдардың, балықтардың қолды болмауын қадағалау – басты міндеттері. Ал оларды ең басты алаңдатарлық жайттың бірі кездейсоқ өрттің белең алуы, сосын браконьерлердің жиі мазалаулары  екен.

Қыс кезінде қар мен мұздан «көрпе» жамылған өзен-көлдердегі балықтардың қырылып қалмауы үшін ойықтар ойып, сол ойықтарға қамыс-қоға салып  жүретін, орман алқабында аңдарды қорғайтын орманшыларға көз аларта қарайтындар да баршылық. Әсіресе, күз, қыс айларында Самара, Орал қалаларынан аң атуға, балық аулауға келетіндер тым жиілейтін көрінеді. Осындай «шақырылмаған қонақтардың» бірі өткен қыста екі «Джиппен» келіп (мемлекеттік нөмірлері жоқ), қабан атып алып, қашып кеткен. Өкініштісі сол, қолдарында қызметтік куәліктері, үстерінде  арнайы киімдері болса да, жүйрік «темір тұлпарлары» бар браконьерлер орманшылардың әрекеттеріне пысқырып қарамастан, олардың шабан көліктерін шаң қаптырып кете барған көрінеді.

Иә, браконьерлер жағадан алғанда, кездейсоқ келер өрт те орманшыларды жиі мазалайды екен. Мәселен, 1998-2005 жылдары «Аман» орман алқабындағы жайқала өсіп тұрған ағаштарды  тұрғындар отын үшін кесіп алуға  қырғидай тиіссе, тамырлары аман қалған ағаштар қайтадан  көктеп, бой түзей өсіп келе жатқанда осыдан төрт жыл бұрын Ақтөбе облысынан бастау алған жойқын өрттің де аталмыш орманға тигізген зияны орасан зор болыпты. Көпшілік жабыла атсалысып, өртті сөндіріп алғанмен де, Қоскөл ауылының қой бағып жүрген қойшысы өртте қалып, қазаға ұшыраса, малшылардың отырған қоныстары түгелдей жанып кеткен. Міне, осы жерде көкейді мынадай ойдың мазалайтынды-ғы бар. Шыңғырлаудағы бас мекемеде техника түрлерінің арасында  өрт сөндіру көлігіне дейін болуы, керісінше Бұлдырты орманшылығында қаңқасы қалған «УАЗ» көлігінен өзге техника атаулының жоқтығы шеттетуді, «тоқалдан туғандықтың» нышанын  көрсетіп  отырғандай.

Осыдан 3-4 жыл бұрын Бұл-дырты ауылында өрт сөндіру  пункті ашылады, арнайы техника алынады екен деген әңгіме шығып, жігіттер қысқа мерзімді курста оқып, қызметтік  куәліктер алған. Әйтсе де, істің соңы созылып кетіп, жоспар жүзеге аспай қалған.  Ал өрт сөндіру пункті  ашылса, бізге де үлкен көмек болады ғой деген орманшылардың да үміт шоқтары сөніп, бұрынғы ескі тәсілдері қолда бар сыпырғыларымен орын алған дала өртін сөндіріп жүрген жайлары  бар.

– Биылғы жылдың өзінде екі рет дала өртін сөндірдік. Өрттің шығуына көбіне қожалықтардағы ескі техникалардың шоқ лақтыруы, жолаушылардың шылым тұқылын тастап кетулері себеп болуда. Соған орай қожалық иелеріне, орман алқабында демалушыларға оқтын-оқтын арнайы барып, өртке жол бермеу мен сақтық шаралары жөнінде айтып отырамыз, – дейді  Е. Рахметов.

Айлық жалақылары мардымсыз, техника атаулыдан мақұрым қалған Бұлдырты  орманшылығындағы жігіттер болса, қал-қадерлерінше еңбек етуде. Мысалы, орманшылар биыл Самара – Шымкент тасжолы бойындағы ашық алаңға (25 гектарға) қара ағаштың, үйеңкі мен жөкенің жас шыбықтарын отырғызса, 2020 жылға 40 гек-тар жер жыртылып, әзірлеген. Осы жерде айта кетерлік мәселе, ауыл-дағы орманшылар аулаларына отырғызылған жас көшеттерді Қоскөл, Көгеріс ауылдарындағы  мектептерге  ауылды көгалданды-ру ниетінде үлестіріп, өткен жы-лы Шыңғырлаудан бөлінген 7000 түп жас шыбықтарды ел игілігі жолында қадеге асырған. Ал ор-маншылар үшін жол жиегіндегі жерді жырту мақсатында Қара ағаштан келетін көмек үлкен  демеу  болмақ.

Иә, Бұлдырты орманшылығының бүгінгі ахуалы осындай.

«Аузы күйген үрлеп ішеді»  дегендей,  үнемі «ұмыт»  қалатын бұлдыртылық  орманшылар жоға-ры  жаққа жәутеңдей қарап, «50-60 мыңдық айлық жалақымыз сәл болса да өссе, сосын бір «МТЗ-50» тракторы, жүруге жарамды  «УАЗ» көлігі болса ғой», дейді сабырлық  таныта.

«Сыбырлағанды Құдай да естиді» дегендей, біз де орманшы-лардың бұл тілегін  сала басшы-ларына  жеткізгенді жөн көрдік.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Сырым ауданы

Редакциядан:

Көзі қарақты оқырмандарға белгілі болуы керек, жүйрік «темір тұлпар» мініп, тоқтықтан есіргендер биылғы жылдың қаңтар айында қарағандылық қорықшы Ерлан Нұрғалиевті ажал оғына байласа, осыдан бірер апта бұрын Ақмола облысы, Бірсуат ауылының тұрғыны, қорықшы Қаныш Нұртазин де суық қолды браконьерлердің оғынан қаза тапты.  Қос арыс та  дала сәні ақбөкендерді браконьерлерден қорғау жолында жандарын пида етті.

Осы тұрғыда мынадай ой келеді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті тарапынан табиғат инспекторларын қорғайтын жаңа заң қабылдау қажет сияқты. Ой мен қырды кезіп, есірген браконьерлерге қатаң жазаға тартып, орманшыларды қуатты техника, қарумен қамтамасыз етіп, тәртіп бұзғандарға талап қоюда қорықшыларға еркіндік берілсе. Әйтпесе, тоқшылыққа тойынып, есіргендер дүркін-дүркін қорықшыларға қару кезенулерін қояр емес.  «Көп асқанға бір тосқан» дегендей, қорықшылар тарапынан да браконьерлерге қарсы суық қарудан оқ атылса, олар да аяқтарын аңдып басары айдан анық.