19.08.2019, 20:00
Қараулар: 266
Халыққа жарық сыйлағандар алғыс алды

Халыққа жарық сыйлағандар алғыс алды

Тамыздың  5-і  күні  облыс  орталығында  желдің  жылдамдығы  28 м/с  жетіп,  соның салдарынан  шаһардың  төрт  мың  абоненті  электр  қуатынан  ажырап  қалған  еді.  Табиғаттың  тосын  мінезінің  кесірінен орын  алған  мәселелерді  шешуде уақытпен  санаспай  еңбек  еткен  «Қалалық  электр  желісі»  АҚ  қызметкерлеріне  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  арнайы барып,  алғыс  айтты.

Осыдан екі апта бұрын облысымыз бойынша қатты жел тұрып, теректер құлады. Орал қаласы бойынша 100-ден астам электр желілері  үзілді. Төтенше жағдай орын алған кезде  оның зардабын жоюға «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату» компаниясының, «Қалалық электр желісі» акционерлік қоғамының, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Жайық таза қала» ЖШС қызметкерлері ұйымдасқан түрде бір кісідей атсалысты. Күн-түн демей еңбек еткендеріңіз үшін облыс тұрғындары атынан алғыс айтамын. Болашақта табиғат «тосын мінезін» көрсетпесін деп тілейік. Жұмыстарыңызға сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Шара барысында бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің алғысхатына ие болды. Олардың қатарында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Жанболат Ізбасаров, Шайдолла Түменов, Тимур Бегалиев, сондай-ақ  «Жайық таза қала» ЖШС бойынша Мұрат Жұмашев, Мұстафа Мағзомов, Саин Үмбетов, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-дан Ғалымбек Есқалиев, Андрей Лютиков, Владимир Лысюнинко, Бекболат  Ғалиев секілді  азаматтар болды.

Владимир  ЛЫСЮНИНКО,

«Батыс  Қазақстан  электр желілерін тарату  компаниясы» АҚ-ның  қызметкері:

– Сол күндері  Орал қаласы бойынша 12 бригада таңғы сағат 07.00-ден түнгі 23.00-ге жұмыс жасадық. Алғашқы екі күн құлаған ағаштардың салдарынан  үзілген  электр сымдарын жалғадық. Өйткені тұрғындар  ашық жатқан жоғарғы кернеулі электр тогына соғылып қалуы мүмкін еді. Жарық болмаса, қалада су да, байланыс та болмайды. Туындаған мәселе дер кезінде шешілуі үшін  бірнеше мекеменің қызметкерлері атсалысты. Жұмысшылардың уақытын үнемдеу мақсатында тамақтандыру пункттері ұйымдастырылды. Ортақ мүдде үшін ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде электр желілері бір аптада қайта қалпына  келтірілді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар