19.08.2019, 19:56
Қараулар: 281
Ашық аспан астындағы «Жайлау» фестивалі

Ашық аспан астындағы «Жайлау» фестивалі

Өткен  жұма  күні  Қазақстан  ауылдық  округіне  қарасты Алмалы  ауылының  аумағында  «Бабадан  қалған  бар  байлық»  атты  облыстық  «Жайлау»  фестивалі  өтті.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға ауыл тұрғындары мен Бәйтерек, Теректі, Бөрлі, Сырым, Шыңғырлау және Тасқала ауданының командалары қатысты.

Мұндай шара былтыр аудандық деңгейде ұйымдастырылған болатын. Енді биыл ауылдық округ деңгейінде ұйымдастырғандағы басты мақсат – ұлттық рухани мұрамыз бен төл мәдениетімізді ел ішінде кеңінен насихаттау.

Шара аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықта өтті. Түгін тартса, майы шығатын, көк майсасы көз тұндырып,  таза ауасы тынысыңды ашатын кең дала төсіне қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен буы бұрқыраған қазанды көргенде бұл жерге жаңадан  ауыл көшіп келген бе дерсіз. Қазақы киіммен алдыңнан ақ ұсынып, бауырсақтан дәм татқызған қаракөз қыздарымыз қазақы ауылдың бейнесін одан әрі аша түскендей. Бұл шарадан ауыл әкімдері де қалыс қалмады.

Шараның салтанатты бөлімі  «Бабаларға тағзым» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Одан әрі «Жас дәурен» халықтық фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен жергілікті әнші Х. Сұлтангереев «Біржан – Сара» операсынан үзінді орындады. Сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева қонақтарға «Қош келдіңіз» айтып,  командаларға сәттілік тіледі. Сосын облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов сөз алды.

– Ата-бабадан қалған рухани мұрамызды көзіміздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау – біздің парызымыз. Бүгінгі шара да осының бір дәлелі. Олай болса, қай кезде де ел мерейі үшін еселі еңбек етіп, қазақтың өнерін баршаға паш етіп жүрген  өнер майталмандарына сәттілік тілеймін, – деді ол.

Шараның салтанатты ашылуында «Жас дәурен» халықтық фольклорлық ансамблі Абайдың «Торы жорға» күйін орындаса, халықтық «Дауыс SOL» квинтеті Б. Есебаевтың «Отаным менің» әнін шырқады. Содан соң қонақтар этно киіз үйде ұйымдастырылған қолөнер және кітап көрмесін тамашалады.

Фестивальдың бірінші кезеңінде барлық команда асық ату, ат ерттеу, арқан тарту, қой көтеру, құрт жасау, сиыр сауу бойынша сынға түсті.

Арқан тарту кезеңінде теректіліктер  суырылып алға шықса,  ат ерттеуден бөрлілік жігіт Райымбек Сабырғалиев алдына жан салмады. Ал сиыр саууға келгенде барлық команданың қыздары тең түсті. Мұнда қазылар алқасы тек сиыр сауу ғана емес, басына тартқан орамалы мен алдына жапқан алжапқышты қалай байлайтындығын  да  ескерді.

Асық ату кезеңінде өзінің мергендігін көрсеткен шыңғырлаулықтар ешкімге дес бермеді. Бірақ қой көтеру кезеңінде тасқалалықтарға жететін адам болмады. Оның ауырлығы соншалық, қонақтар  5-6 рет көтеруден аса алмай жатқанда,  салмағы 50 келіден асатын қойды мойнына арта салған тасқалалық Мағжан Жұмағалиев 25 рет көтеріп, үздік нәтиже көрсетті. Ал сүзбеден құрт жасау кезінде 1 минутта 18 құрт жасап үлгерген теректілік Орынша Түсіпқалиева алдыңғы орыннан көрінді. Олар құрттың шығу тарихына  да  тоқталып  үлгерді.

Бірінші кезең бойынша жалпыкомандалық есепте теректіліктер жүлделі бірінші орынға табан тіресе, екінші орынға шыңғырлаулықтар жайғасты. Ал үшінші орын тасқалалықтардың еншісінде қалды.

«Жайлау» фестивалінің екінші кезеңі түс қайта басталды. Мұнда әр ауданнан келген тазылар сынға түсті. Нәтижесінде  Бәйтерек ауданынан келген Мұрат Мұхтаровтың «Нөкері» бірінші орыннан көрінсе, шыңғырлаулық Мират Есмағамбетовтің «Лашын» атты тазысы екінші, Сырым ауданының намысын қорғаған Арсен Жұмағазиевтің «Лашыны» жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Барлық жеңімпаз-жүлдегерлерге аудан әкімі Алдияр Халеловтің және аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенованың атынан алғысхат пен арнайы сыйлықтар және бірінші орынға 25, екінші орынға 15, үшінші орынға 10 мың теңгенің сертификаттары  тапсырылды.

Шарадан соң   дастарқан басында дәстүрлі әніміз шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Жалпы, «Жайлау» фестивалі халыққа үлкен серпіліс берген жарқын бастама болды. Ауыл ағалары ат ерттеу кезінде команда мүшелерінің жіберген қателіктерін айтып, оны өздерінше түсіндіріп жатса, құрт жасау кезінде аналарымыздың тарапынан да үлкен қолдау болды. Міне, ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек. Ең бастысы, шара барысында жас ұрпақ бабадан қалған мол байлық – ата салтымыз бен әдет-ғұрпымыз, тарихымыз бен төл мәдениетіміз жөнінде саналарына біраз тың ақпарат, құнды мағлұмат сіңіргені анық.

Назгүл  СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала  ауданы