19.08.2019, 19:43
Қараулар: 266
Еңбекқор ерлі-зайыпты

Еңбекқор ерлі-зайыпты

Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар деген ауыл бар. Күре жолдан бұрыс жатқан момақан, табиғаты таңдай қақтырар 90 түтінді шағын ауыл.

Ауылдың ортасында білімнің қара шаңырағы – мектеп. Мектеппен бір аулада мәдениет ошағы – кітапхана. Ауыл шетінде жатқан медициналық пункт те осы аулаға қоныс аударады жуырда.

Ауыл халқы күнкөрісін малмен айырады. Қызылжарда мал ұстамайтын үй некен-саяқ. Ауыл азаматтары пішен шауып, жаздың ашық күндерін пайдаланып, аулаға үйіп алады. Қолында техникасы барлары шөптің өзінен артылғанын сатып, пайда түсіреді. Қызылжарлық Абай Нығметов – сондай шаруақор жігіттердің бірі. Ауласында сақадай сай трактордан бастап, пішен шабуға керекті құрал-сайман жинап алған. Тракторлары ескі болғанымен, Абай ағаның епсекті қолы ебін тауып тұр. Шалғы салған жерден сырылдатып шөп жинап алады. Өзіне керектісін жиып алған соң саттыққа шабады. Саттыққа дегенде, алдымен жалғызілікті аналар, қауқары жоқ қариялардың үйіне түсіреді. Қаржысы бары сол жерде сатып алып, қолма-қол есептеседі. Кейбірі «соңынан береміз» деп ала-ды. Биыл Абай бума шөптің бағасын 3500 теңгеден сатуда. Шапқан шөбін шөмелелеп тастап, далада апталап жатқызбайды. Бір күн шауып, екінші күні буып, үшінші күні аулаға жеткізіп береді. Яғни нәрі кетіп, қурамай тұрып жинап алады. Ісіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтың қолынан мал азығын сатып алуға қызығушылар бар-ау. Дегенмен шабындық жердің аздығы қол байлап тұр.

Қабылтайдың Абайы күнкөрісін тек шөп шабудан айырмайды. Ірі қарадан жас мал алып, бордақылайтын «өнері» тағы бар. Осы істі ауылдастарына да насихаттап жүреді. Мысалы, 80 келілік баспақтың «тірі  салмағын» 1000 теңгеден алдым деңіз. Жемге байлайсыз. Бұл жердегі құпия – жем-суды уақытымен беру керек. Малдың тұратын жері таза болғаны абзал. Бес-алты айда бордақыға іліккен мал еселеп қоң жинап, 250-300 келіге дейін тартады. Сол кезде оны сойып немесе соғымға сатып жібереді. Малға жұмсаған жем-шөбінің құнын  алып тастағанның өзінде, үстінен қосылған салмақтың ақшасы – таза кіріс.

Айтуға оңай болғанымен, мұқияттылықты, тәжірибені қажет ететін шаруа.

Ауылында алғашқылардың бірі болып көгілдір отын кіргізіп алған ол тек сонымен тоқталмады. Ауласынан құдық қазды. 20 метр тереңдіктен шыққан су тұщы. Сол құдықтан құбыр тартып, суды үй ішіне кіргізді. Содан соң су жылытатын қондырғы сатып алды. Бір демалысқа барған жерінде «сусебер (душевая) кабина» дегенді көріп келіп, оны да сатып алды. Қазір Абайдың Қызылжардағы үйі қаланың ыстық-салқын суы бар жанға жәйлі баспанасынан бір кем емес.

Үй ішінен де, ауласынан да епсекті қол байқалады. Өмірлік қосағы Бақыт та отағасына сай, еңбекқор жан. Малды ауылдың май-қаймақ, ірімшік-айранын үзбей, үй берекетін келтіріп отыр. Үй ішінде жинақылық, ұқыптылық орнаған. Есік алдында бақша салып қойған. Өзен-көлден аулақ отырса да, бақша салып отырған Бақыт апайдың еңбегі айтуға тұрарлық. Өткен күзде жерге тіккен сарымсақтың уақыты келіп, қазып алыпты. Қада бойына отырғызған қиярлары самсап тұр. Қызанақтары да ішінара қызарып жатыр. Қара өріктің ағаштарында жемістер жылтырайды. Қысқа деген тұздалатын қияр-қызанақ пен тосап-тәттіні Бақыт апай өз ауласынан жинап, жауып алады.

Түрлі химикатпен суарылған, не болмаса пісуі жетілмей келген көкөністей емес, өз қолыңмен өсірген өнімнің сапасы да, дәмі де ерекше болады емес пе!

«Шағын ауылдарда болашақ жоқ» деген жылаңқы әңгіме айтатындар әлі де аз емес. Оларға Абай Қабылтайұлының айтары: «Шағын ауылда болашақ бар. Және де ондай елді мекендердің болашағын қамтамасыз ету өз қолымызда. Кішкентай ауылдан қалаға қарай үдере көшіп, баспанасыз қалғандар аз емесі баршаңызға аян. Өз орнын таба алмай, әр істің басын шалып, тапқаны таянғанына жетпей жүргендер бар. Алақандай ауылда қалып, астына қос-қостан көлік басқандар да бар. Айтарым, ауыл – алтын бесік. Еңбек етсең, ауылда бақуатты өмір сүруге әбден болады. Ауыл өмірі жалқаулықты, кертартпалықты көтермейді. Әсіресе, «ащы суға» үйірсектеп, қора артына жиналып, «шөлмек-дүкен» құратын азаматтарға жаным қас».

«Қалауын тапса, қар жанар» деген. «Шағын ауылдарда жұмыс көзі жоқ» дегендерді Қызылжарға апарып, таң бозарғаннан тұрып, қас қарайғанда ғана дамыл табатын Абай мен Бақыт Нығметовтерді көрсетіп, тәрбиесіне берер ме еді, шіркін…

Камелия ӨТЕУ,

Теректі ауданы,

Қызылжар ауылы