19.08.2019, 19:42
Қараулар: 280
Талпынысы таудай қыз

Талпынысы таудай қыз

Аспаздық өнердің қыр-сырына қанығып, өзін осы салаға баулып жүрген оқушы Сабрина Кужиеваның талпынысы қатарластарына үлгі  боларлықтай.

Биыл Сабрина Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сыныбын бітірді. Аспаздыққа тоғыз жасынан әуестік танытқан ол ең алғаш анасының көмегімен кекс әзірлеп үйренген екен. Сол күннен бастап кондитерлік тағамдарды әзірлеуге  ықыласы артып, түрлі тәтті тағамдардың рецептерін өз бетімен іздеп, оларды пісіруге машықтана бастайды.

– «Әп» дегеннен бәрі бірдей мінсіз бола бермейді ғой. Алғашында пісірген тағамдарымның тұзы татымай, болмаса ұны мөлшерден көп болып, тіпті кейде күйіңкіреп те кеткен кездері болды. Бірте-бірте қолым жаттығып, тамақ пісіруге икемделе бастадым. Қазір «Молочная девочка», «Красный бархат», «Вупи Пай» сықылды көп сұранысқа ие торттар мен кекстерді, бәліштер мен вафли түрлерін пісіруді еркін меңгеріп алдым. Аспаздыққа деген икемімді әу бастан байқаған отбасым қызығушылығыма үнемі қолдау көрсетіп отырады, – дейді Сабрина. Кейіпкеріміздің сабақ үлгерімі де жоғары.

Үнемі қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, бос уақытында түрлі жанрдағы кітаптарды оқып, домбыра тартумен де айналысады екен.

Үйдегі қонақтарға жайылатын дастарқанды әзірлесуге көмектесетін Сабрина тәтті-дәмдісін өзі дайындайды. Туысқандарының тарапынан «Дәмді торттарға тапсырыс қабылдап, шағын бизнес бастасаң қайтеді?» деген де ұсыныстар бар екен. Өзіне қолдау көрсеткен жандардың ақыл-кеңесін ой елегінен өткізген Сабрина пісірген тағамдарын инстаграм парақшасына орналастырып, көпшілікке жарнамалап көреді. Бүгінде сабақтан қолы қалт еткенде тапсырыс берушілердің талғамына сай етіп торттардың түр-түрін әзірлеп жүр.

– Мен осылай отбасылық бюджеттің аздап болса да, көбеюіне өз үлесімді қосып келемін. Болашақта мамандығымды кондитерлік саламен  байланыстырғым келеді, – дейді Сабрина.

Самат БАЙБОЛАТ,

Шыңғырлау ауданы