19.08.2019, 19:41
Қараулар: 417
600-ден астам ау жинап алынды

600-ден астам ау жинап алынды

«Аулардан таза су айдындары» республикалық акциясы облыс орталығындағы және бес аудандағы 17 өзен-көлде өткізілуде. Бұл шараның басты мақсаты – өзен-көлдерге заңсыз құрылған ауларды тазарту.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Орал қаласы маңындағы Шаған өзеніне рейд ұйымдастырды. Арнайы топ түске дейін өзенге құрылған ауларды шығарып, заңсыз тор салып, балық аулаумен айналысып жүрген бір тұрғынды ұстады.

– Жыл басынан бері облыстағы өзен-көлдерден 600-ден астам иесіз ау жиналса, соның 185-і – шаян аулайтын жабдық. Комитетке қарасты Ақжайық инспекциясының бөлімі 142 рейд ұйымдастырды. Нәтижесінде 123 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 11 әкімшілік іс сотқа жолданды. Өзен-көлдерге жасырын ау құрып, балық аулағандарға 1 млн. 630 мың 825 теңге айыппұл салынды. ҚР «Табиғатты қорғау туралы» заңына сәйкес балыққа тор құрғандарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын немесе одан да қатаң жазаға тартылатынын ескертеміз. Бүгінгі рейд барысында өрескел түрде заңды бұзған тұрғын ұсталды. Әкімшілік хаттама толтырылды. Енді бұл іс сотқа жолданады. Арзан болған соң, қытайдан әкелінетін аулар көп. Ал олар суда шірімейді. Содан су астында балықтардың жосықсыз қырылуына әкеліп соғады. Торға түскен балықтар тірі болса, босатып жібереміз. Балық аулайтын кәсіпорындарға ғана ау салуға рұқсат етілген. Көбіне жергілікті балықшылар осындай заңсыз қадамға барады. Менің ойымша, өзендердің айналасындағы ауылдардағы тұрғындар жұмыссыздық себебінен су айдындарынан нәпақа іздейді. Кеңестік кезеңде балықты заңсыз аулаудан қорғайтын 17 мекеме қарауында 130-дан астам адам еңбек етті. Қазіргі кезде балық қорын қорғаумен сегіз ғана инспектор айналысады. Бұл бағытта мамандар тапшы, нақты айтқанда, штаттық бірліктер қарастырылмаған, – деді Ақжайық инспекциясы бөлімінің бас маманы Геннадий Картунов.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар