19.08.2019, 19:28
Қараулар: 284
Қос жатырда дамыған егіздер

Қос жатырда дамыған егіздер

Оралда қос құрсақты жас ана егіз сәбилерді босанды. Бұл егіздер бір-бірінен екі жарым ай айырмашылықпен өмір есігін ашты. Облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Есет Ералиннің айтуынша, мұндай анатомиялық ерекшелікпен босану жағдайы 50 миллион әйелдің біреуінде ғана ұшырасады.

Сергей мен Лилия Коноваловтардың шаңырағында енді үш бала – тұңғыш қыздары жеті жасар Алина және Лия мен Максим атты егіз бөпе бар. Жас ана Лилия екі жатыры бар екенін 19 жасында профилактикалық тексеру кезінде кездейсоқ білген. Сол кезде дәрігерлер бала көтеруде мәселе туындауы мүмкін екенін ескертіпті. Алайда оның осыдан жеті жыл бұрынғы жүктілігі еш кедергісіз өтіп, мерзімі жеткенде тұңғыш қызын босанған. Бұл егіздердің алғашқысы Лия 24 мамырда 850 грамм салмақпен, Максим екі келі 800 грамм салмақпен тоғызыншы тамызда дүниеге келген.

– Бұл ана облыстық перинаталдық орталыққа жүктіліктің 25-аптасында толғақпен түсті. Мерзімінен бұрын қыз босанды. Жүктілік кезеңі ауытқусыз өтіп, ана мен нәрестенің жағдайы жақсы болғандықтан, екінші сәбиді сақтап қалуға шешім қабылдадық. Қазір ананың да, нәрестелердің де жағдайы жақсы. Еліміз бойынша дәл осындай патологияда дені сау сәбилердің дүниеге келуі алғаш рет, – дейді перинаталдық орталық директорының орынбасары Есет Ғабитұлы.

Өз кезегінде қос сәбиін бауырына алған ана журналистер арқылы кәсіби біліктілік танытқан ақ халаттыларға алғысын айтты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар