19.08.2019, 19:27
Қараулар: 388
Қыз-келіншектердің велошеруі

Қыз-келіншектердің велошеруі

Жексенбі күні Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында “Цифрлық ханымдар велосипедте” атты велошеру өтті.

Шараны Жастар жылы аясында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені ұйымдастырды. Осымен екінші жыл өткен шараның ашылуында Қазақстан инновациялық  және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Әліби Баяхов пен Москва университетінің ректоры Михаил Романчук сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал бұл шараға қатысушылардың басым көпшілігі қыз-келіншектер болған еді. Қалпақ пен көйлек, аяққа туфли киген олар қос дөңгелекті көлікте желмен жарысып, шараның қызықты өтуіне ұйытқы болды. «Салауатты өмір салтын ұстанудың, әр саланы цифрландырудың еліміз үшін маңызы зор деп ойлаймын. Біздер ғой күн сайын  смартфондар мен телефондар, ноутбуктарды пайдаланамыз. Алайда нәзікжандылар  бұл жаңашылдықтарды  меңгеріп  қана қоймай, спортқа да жақын болуы керек. Жыл сайын өтетін  велошеруге қатысушылардың қатары жыл санап артып келеді», — дейді «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің тәрбие беру-әлеуметтік  жұмыстар жөніндегі проректоры Аида Маратова.

Велошеруге қатысушы қыз-келіншектер  “Велосипед  ханымы – 2019”, “Ең жас ханым”, “Ең креативті велосипед”, “Ең шапшаң велошабандоз” секілді 13  аталым бойынша және белсенді велошерушілер алғысхаттармен марапатталды. Сондай-ақ  олар  тұрмысқа қажетті  бағалы  сыйлықтарға  ие  болды. Айта кету керек, ең жас велошабандоз 6 жасар №47 мектептің оқушысы Аяулым Қуанышева мен №50 мектептің оқушысы Жанель Кәрібаева болса, ең жасы үлкені 73 жастағы оралдық бұрынғы велошабандоз Святослав Выдарин болды.

Гүлзада ІЗТІЛЕУОВА,

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің аға оқытушысы:

— Шараға тек біздің оқу орнының оқытушылары емес, Атыраудан да келіп қатысқан замандасымыз болды. Өзім бұрыннан велосипед тебетінмін. Алайда  мұндай  шеруге бірінші рет қатысып отырмын. “Велосипед  ханымы – 2019” аталымына ие болдым.  Бұл шара бір уақыт  жұмыстағы қарбалас  тірлікті ұмытып, таза ауада дене шынықтырып, демалуға мүмкіндік береді.

Аяулым ҚУАНЫШЕВА,

№47 мектептің 2-сынып оқушысы:

— Мен үш жасымнан бері велосипед тебемін. Велосипед тепкен ұнайды. Велошеру маған өте ұнады. Өзім секілді бүлдіршін қыздармен таныстым. Таза ауада қыдырдық. Велосипед  біздің  денемізді шынықтырады.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар