15.08.2019, 20:03
Қараулар: 462
«Біз жанбасақ лапылдап…»

«Біз жанбасақ лапылдап…»

Жуырда  Орал қаласы  әкімінің  орынбасары  Бақытжан Нарымбетовтің  белсенді  жастармен  бейресми  кездесуі өтті.  Шара барысында  түрлі  салада  еңбек  етіп, қаламыздың  өркендеуіне  өзіндік  үлесін  қосып  жүрген  жастар  жыл  сайын қыркүйектің  алғашқы  жексенбісінде  дәстүрлі  түрде  тойланатын  Қала  күнін  ұйымдастыруға  қатысты  ұсыныс-тілектерін  ортаға  салды.

Туған қаламыздың көркеюі мен қарыштап дамуы үшін әрбір жастың үлес қосуы – перзенттік парыз. Жергілікті билік тарапынан қандай да болмасын шешім қабылданарда ұлт болашағы саналатын жастардың пікірі, ықылас-ниеті ескерілуі тиіс деп есептеймін. Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде тойланатын шаһар мерекесіне орай түрлі шара жоспарлануда. Мәселен, өңірімізде тұңғыш рет «Жайықтың би әлемі» атты облыстық би фестивалі өтеді. Фестивальді өткізуге ұйытқы болып отырған «Салтанат» би ансамблінің мүшелері – құрылғанына көп болмаса да, күні бүгінге дейін бірнеше беделді өнер бәйгесінде топ жарып үлгерген жас дарындар. Таяуда  облыс делегациясы құрамында Австрияға барған сапарымызда би ұжымы шетелдіктерді талантымен таң қалдырған болатын. Ал бүгінгі кездесу барысында Қала күнін атап өтуге сіздердің тарапыңыздан ұсынылатын жобаларды күтеміз, – деді Бақытжан Хаберұлы.

«Uralsk Runners» қозғалысының жетекшісі Асхат Рамазанов осыдан бір жыл бұрын белсенді жандардың басын қосып, содан бері салауатты өмір салтын ұстанып, жан-жақты тұлғалық дамуды насихаттап келеді. Бүгінде қозғалыстың 100-ден астам мүшесі бар, олар күнделікті жүгіру арқылы бірнеше шақырымды бағындырып қана қоймай, футбол және волейбол ойнайды. Сонымен қатар клуб мүшелерінің тұрақты түрде өтетін басқосуларында әр салада жетістікке жеткен жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тақырыптық тренингтер өткізіп тұрады. Қазақстанның қалаларында өткен марафондарға қатысудан бастаған қозғалыс мүшелері алдағы уақытта шет елдерде өтетін жүгіру жарыстарына қатысуды, әлем-нің түкпір-түкпіріне саяхаттауды мақсат етіп отыр.

– Кез келген адам үшін тұлға ретінде қалыптасып, жан-жақты даму маңызды. Ал өзің мықты болуың үшін айналаңа мықты жандарды топтастыруың керек. Қазіргі таңда қаламызда жүгіруге ынта танытып жүрген жандардың көбейіп келе жатқандығы, олардың жас деңгейінің әртүрлілігі қуантады. Биыл арнайы жүгіру жолағы қажеттігін айтып, осы мақсатқа қаржы жинау ісін қолға алғанбыз. Қысқа мерзім ішінде жергілікті тұрғындар тарапынан 1,5 млн. теңгеден астам қаржы жиналды. Бұл іске жергілікті әкімдік пен жанашыр меценаттар үлес қосып, қазіргі таңда жүгіру жолағының құрылысы жүргізілуде. Тұңғыш Президент алаңында орналасқан бір шақырымнан астам жолақ 7 қыркүйек күні Қала күніне сый ретінде қолданысқа берілетін болады, – деді А. Рамазанов.

Бала кезден велосипедке ерекше қызығушылық танытып, бүгінде аутокөлік жарысында бақ сынап жүрген Андрей Карпов деген азамат 2013 жылы «шайтанарбамен» шыныққанды жөн көретін жандардың басын біріктіретін «Орал велосипедшілері» велоқозғалысын құрған-ды. Бүгінде қозғалыс мүшелері күнделікті 35-50 шақырым, ал демалыс күндері 120-150 шақырымға дейін қашықтықты бағындырады екен. «Алысқа бармай-ақ, қаламыздың шет жағына шыққанда табиғатымыздың әсемдігіне ерекше таңданасың. Велосеруен адамның ой-санасын, тұла бойын сергітіп қана қоймай, айналаңдағы әдемілікті бағамдап, сұлулыққа көз тойдыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қозғалыс мүшелері об-лыс көлемінде аутокөлік жарысын ұйымдастырып, шетелдік достарымызды шақыруды жоспарлауда», – деген Андрей Қала күніне орай әуесқой велосипедшілердің басын қосып, веложорық ұйымдастыруды ұсынды.

Дастан Бижанов жетекшілік ететін «Street work out» қозғалысы жаттығу залына барып, арнайы диета ұстамай-ақ, қолжетімді құралдармен шынығу арқылы зор жетістікке жетуге болатындығын дәлелдеп келеді. АҚШ-та бастау алған көше қозғалысы біздің өңірімізде 2016 жылы алғашқы спорт алаңы қолданысқа берілген кезден бастау алған. Бүгінде 13-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің зор қызығушылығына ие болған қозғалыс 2018 жылы халықтық ойындар тізіміне енді. Енді олимпиадалық ойындар секілді төрт жылда бір рет ауқымды түрде өткізіліп тұратын болады.

– Бүгінгі таңда біздің қозғалыс мүшесі Нариман Есмағұлов «Жастар керуені» бағдарламасы аясында облыс аудандарын аралап, балғындарға «Street work out» туралы және дұрыс жаттығудың қыр-сырлары жайын түсіндіріп жүр. Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов және Жаңақала аудандарын аралап үлгердік, жыл соңына дейін барлық ауданды қамту жоспарымызда бар. «Жастар керуені» аясында әр ауданнан кем дегенде бір командадан жасақтап, алдағы уақытта ауқымды чемпионат ұйымдастырып, нағыз мықтыларды республикалық деңгейдегі сайыстарға шығарсақ деген ойдамыз, – дейді Дастан. Сондай-ақ ол аудандарда қолданыссыз тұрған алаңқайларды және қала ішіндегі ақаулы спорттық жабдықтарды  ретке келтіру қажеттігін айтып, қысқы уақытта жаттығу жұмыстарын тоқтатпау үшін арнайы орын бөлуді сұрады. Бұл ұсынысқа жауап ретінде Бақытжан Нарымбетов, – Биылғы жылы Орал қаласында 31 спорттық алаң жөнделуде. Жаңа спорттық нысандарды салуға қоса, бұрындары қолданысқа тапсырылған алаңдарды жөндеу, жетілдіру мақсатында жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге бөлінді. Демеушілер және меценаттардың қолдауымен, жергілікті биліктің бюджеттік қаражатына салынған нысандарды күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру шарт. Тұрғындар тарапынан жанашырлық болмауы салдарынан бүлініп, істен шыққан спорттық алаңқайларды қалпына келтіру жұмыстары тамыз айының соңында аяқталады. Сіздер айтқан олқылықтар жойылады, ал қысқы мерзімде арнайы спорттық зал бөлуге қолұшын созуға әзірміз, – деді.

«Motoclub» «Whels Brothers» МС URALSK» қоғамдық бірлестігінің өкілі Николай Романов байкерлердің ұйымдастыруымен биылғы жылы «Менің елім» атты мотожорық өткендігін айтып өтті. Жорық барысында клуб мүшелері мотоциклмен Қазақстанды түгелдей аралап шыққан. Ішкі туризмді дамыту бағытындағы белсенді жұмыстары үшін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысхатын иеленген клуб мүшелері Орал қаласы күніне орай түрлі ныспылы мотоциклдер топтасқан көрме ұйымдастыру туралы ұсыныс тастады.

Ұлы Жеңіс күніне орай қаламыздағы Еуразия даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің біріне қазақтың батыр қыздары – Әлия, Мәншүк, Хиуаздың бейнесін салған суретші-дизайнер Дарья Запрометова болашақта қаламыздың көрнекті жерлеріне түрлі артнысандар орнату ісін дамытуды, интернет-контент арқылы жастар арасындағы көкейкесті мәселелерге қозғау салатын қысқа метражды бейнематериалдар түсірумен танылып жүрген «Dvizh» қозғалысының өкілдері Мейрамбек Өтепов пен Дәурен Жасталапов өңірімізде киноиндустрия саласын өркендетуді мақсат тұтуда. Ал кинематограф, «Үркер» өнер және мәдениетті қолдау орталығының директоры Әлішер Ғұмаров талантты жастарды таныту, өнерлерін насихаттау мақсатында биыл «Жайық ZhaStar Fest», «Жайық DanceFest» атты байқаулар ұйымдастырған. Бүгінде өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап, ел игілігі үшін ақысыз-пұлсыз үлес қосатын ерекше жандар туралы, облысымыздың аумағындағы әдемі табиғи орындар, көркімен көз тартатын нысандар туралы тизер, қысқа метражды бейнероликтер түсірумен мықтап айналысып жүр.

Шара соңында БҚО жастар саясаты мәселелері бойынша басқарма басшысы Аян Сақошев кездесуге келіп, ортаға ой тастағаны үшін қатысушыларға ризашылығын білдіріп, қазіргі таңда жергілікті билік өкілдеріне жеке бас мәселесін айтып келетін жастардан гөрі қоғамды, қаланы дамыту бағытындағы идеяларымен келетін жастар қатары артып келе жатқандығы қуантатынын, ортақ мақсат-мүдде жолында жастар тарапынан белсенділік және бірлік қажеттігін  айтып  өтті.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар