15.08.2019, 19:54
Қараулар: 490
БЕС ЕЛДІҢ МЫҚТЫЛАРЫ БЕЛДЕСТІ

БЕС ЕЛДІҢ МЫҚТЫЛАРЫ БЕЛДЕСТІ

Орал  қаласында  12-15  тамыз  күндері  самбодан  әлем чемпионы,  Әлем  кубогының  иегері,  Қазақстан Республикасының  еңбек  сіңірген  спорт  шебері  Асқар Шайхиевті  еске  алуға  арналған  самбо  мен  әскери  самбодан  ерлер  арасында  халықаралық  турнир  өтті.

Айта кетейік, самбо күресінен қазақ спортшылары арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанған Асқар Тастайұлы Шайхиев – 1963 жылы қазіргі Сырым ауданына қарасты Қызылтаң ауылында өмірге келген. Самбомен 1976 жылдан бастап айналысқан. Халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы А. Шайхиев 1989 жылы КСРО чемпионы, ал 1987 және 1988 жылдары Кеңес Одағы чемпионаттарының күміс жүлдегері болды. Сонан соң ел ішіндегі жеңісті жолын дүниежүзілік деңгейде жалғастырған Асқар ағамыз 1988 жылы Жапонияда өткен әлем кубогының иегері,  ал 1989 жылы  АҚШ-та өткен  дүниежүзілік  додада әлем чемпионы атанды.

… Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, самбодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Михаил Шепетюк, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева қатысып, палуандарға  сәттілік  тіледі.

Палуандардың әлемдік додаларға дайындығын арттыру мен шеберліктерін шыңдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жарысқа Армения, Грузия, Өзбекстан және Ресейдің, сондай-ақ еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарынан 180-ге жуық спортшы қатысып, 11 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

– Жерлесіміз, саңлақ самбошы, даңқты палуан Асқар Шайхиевті еске алуға арналған бұл турнир 2014 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Аталған спорт додасының деңгейі жыл санап артып, қатысуға ниет білдіруші елдердің қатары көбейіп келе жатқанына қуанамыз. Бұл жарыс жас палуандардың өз тәжірибесін шыңдап, кәсіби шеберлік деңгейін арттыруларына, сол арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне жақсы мүмкіндік туғызатыны сөзсіз.

Сонымен қатар жастар арасында атақты спортшымыздың есімін ұлықтауға, еліміздің және ТМД елдері спортшыларының достық байланысын нығайтуға зор септігін тигізбек. Бұл жарыс барысында тәжірибелі спортшылар  төрелік етеді. Сондықтан әр палуан өзінің бабы мен бағына қарай бағасын алады деп сенемін, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Әсия  Аманбаева.

Турнир қорытындысында салмақ дәрежелеріне қарай батыс-қазақстандық палуандар Ерасыл Бақыт (52 кг), Болатбек Райымқұлов (57 кг), Қазбек Сұпығалиев (62 кг), Серікбай Неғмет (68 кг, БҚО), Нұрбол Серіков (74 кг) бірінші орынды иеленді. Ал 82 келі салмақта грузиялық Берулава Бека, 90 келіде батысқазақстандық Орынбасар Жүрмағанбетов, 100 келіде ресейлік Даниил Борисов, 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жерлесіміз Темірлан Көлбай жеңімпаз атанды. Сондай-ақ әскери самбодан Шыңғыс Қажиақбаров (62 кг, БҚО) пен Денис Любимов (74 кг, Ресей) үздік шықты.

Жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлері диплом-медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айта кететін жайт, аталған турнирдің басты жүлдесі ретінде тігілген «LADA Granta» аутокөлік иегерін анықтауға әр салмақ дәрежесінің жеңімпазы қатыстырылды. Салмақ дәрежелері жазылған шиыршық арнайы қобдишаға салынып, жеребе арқылы таңдалды. 52 келі салмақта чемпион атанған Ерасыл Бақыттың бағы жанып, темір тұлпарды тақымына  басты.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Теміржан   ХАСАНҒАЛИЕВ, А. Шайхиевтің   досы:

– Асқарды мен бала кезімнен танып, бірге өстік. Орал қаласындағы №11 мектепте білім алып жүргенде Батыр Қуанышев есімді бапкерге қатар барғанбыз. Асқар алғашқылардың бірі болып республикалық, әлемдік додаларда жеңімпаз атанды. Жастайынан өжет, алғыр, алған бетінен қайтпайтын жан еді. Сол мінезінің арқасында биік белестерді бағындырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін турнирлер Асқардың ізін жалғаушылары бар екендігін дәлелдейтіндей. Осындай жарыстар әр елден келген палуандардың достығын нығайтып, шеберліктерін шыңдай  түсетіні  анық.

Ерасыл   БАҚЫТ, жарыс  жеңімпазы:

– Менің жасым жиырмада. Самбо күресімен айналысқаныма сегіз жыл болды. Осы кезге дейін Қазақстан Республикасының чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атандым. Алдағы күзде Азия және әлем чемпионатына қатысып, бағымды сынаймын. Мақсатым – бәсі биік додаларда жеңімпаз атанып, еліміздің көк байрағын көкке көтеру. Асқар ағамызды еске алуға арналған жарыс жылдағыдай жоғары дәрежеде өтті. Жарыстың бас жүлдесі ретінде тігілген темір тұлпарды иеленгеніме  өте  қуаныштымын.

Григор  КИТАРЯН, Грузия   палуаны:

– Мен 20 жылдан астам уақыт бойы осы спортты жаныма серік етіп келемін. Жеткен жетістіктерім де аз емес. Осыдан тура екі жыл бұрын Ресейдің Сочи қаласында өткен жарыста әлем чемпионы атандым. Бүгінгідей бәсі биік додаға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл жарыста 62 келі салмақта күрестім. Қарсыластарымның дайындығы мықты болғасын шығар, үшінші орынды місе тұтуға мәжбүр болдым. Жалпы, жарыс өте жақсы ұйымдастырылған. Қазақстанда, соның ішінде Орал қаласында өтетін жарыстарға келген сайын өзіме жаңа достар табамын.

Нұрбол   СЕРІКОВ, әлем  чемпионы:

– Өткен жыл мен үшін өте табысты болды. Осы уақытқа дейін бірнеше дүркін Қазақстан Республикасы чемпионатында, жастар және ересектер арасында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атандым. Сондай-ақ Румынияның Бухарест қаласында әлемдік додада әлем чемпионы болдым. Бүгінгі турнирде 74 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жеттім. Қарсыластарым осал болды деп айта алмаймын. Бәрі де тыңғылықты дайындалған. Жалпы, жас спортшылар осындай жарыстарда шыңдалып, дәрежесін арттырып, бәсі жоғары  додаларға  іріктеледі.

Денис   ЛЮБИМОВ, Ресей   палуаны:

– Жасым 22-де. Жеті жасымнан бастап самбо күресімен шұғылданамын. Ресей Федерациясының бірнеше дүркін чемпионымын. Маған бүгінгі жарыста әскери самбодан жеңімпаз болу бақыты бұйырды. Бұл жарыстағы үш қарсыласымды да уақытынан бұрын, айқын басымдықпен ұттым.

Аталған жарыс жоғары дәрежеде өтті. Орал қаласына алғаш рет келуім. Кеше көне шаһардың көрікті жерлерін араладық. Жасыл желекке оранған қаланың ауасы да таза екен. Маған қатты ұнады. Жарыстың ұйымдастырушыларына  алғыс  айтамын.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар