15.08.2019, 19:45
Қараулар: 281
Кітап оқитын аппарат

Кітап оқитын аппарат

Қазталов  аудан  әкімі  аппаратының  мамандары  «Book Reаd»  жобасымен  күнделікті  кітап  оқуды  дағдыға айналдырған.  Бұл  жағымды  жаңалықты  естіген  бойда әкімдіктің  мамандарымен  арнайы жүздесіп,  пікірлесуді жөн көрдік. Жылы  жүзбен  қарсы  алған  аудан  әкімінің аппаратының  басшысы  Айбек  Исламбековтің  қолынан  Абай  Құнанбаевтың  «Абай  жолы»  кітабын  байқадық.  Бірден  әңгіменің  әлқисасына  көштік.

Бұл жобаны біз сәуір айынан бастадық. Жобаның мақсаты – мемлекеттік құрылымдардағы қызметкерлердің жұмыстан тыс уақытта әртүрлі жанрда кітап оқып, бір-бірімен ой бөлісуі болып табылады. Жаңа бастама қарқынды түрде қанат жайып  келеді, – деді ол. Тың бастамаға түрткі болған аппарат басшысының бастаған ісін мамандары да жалғастырып әкетті.

– Бұл бастама арқылы біраз әдеби кітапты оқып шықтық. Үнемі жаңа кітап іздейміз, оқыған  әдеби шығармамыз туралы пікір алмасуға асығамыз. Қызметкерлердің кітап оқуға деген ынтасы жоғары. Ауданымыздағы кітапханамен тығыз байланыстамыз. Қазіргі уақытқа дейін  Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романдарына қоса, тарихи және психологиялық тақырыптардағы шығармаларды тек оқып қана  қоймай, ой-пікірімізді ортаға салып, талдап үлгердік, – дейді бірыңғай персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы  Айша  Әбішева.

Жұмыс уақытынан тыс кезде мәжіліс залында бас қосқан  қызметкерлер өздері оқыған кітаптарын алып келіп, оқыған әдебиеті туралы 5-10 минут баяндайды. Бір ерекшелігі – оқулықтар қайталанбайды және екі тілде оқи береді. Қарбалас жұмыс болғандықтан, уақыт шектеулі. Сондықтан уақытты тиімді пайдалану үшін мемлекеттік мекемеде жұмыс жасайтын қызметкерлер қазіргі заман талабына сай электронды оқулықтарды ғаламтор желісінен жүктеп оқиды.

– «Book Reаd» жобасы арқылы жұмыспен қатар көбірек ізденуге тырысамыз. Кітапханамен тығыз байланыстамыз, кейде электронды түрде оқып аламыз. Лев Толстойдың “Война и мир” деген романын қайта оқып шықтым. Өзіме көбінесе алға қойған арман-мақсаттарыма жетуге құлшынысымды арттыратын және психологиялық шығармалар оқыған ұнайды. Соңғы рет Джон Кеххоның «Подсознание может все», Джо Диспензаның «Сила подсознания» атты кітаптарын оқыдым. Мұндай шығармалардың пайдасы сол, сарыуайымға салынудан, пессимизмге берілуден сақтандырады. Әрі дағдарыстан құтылу, тығырықтан шығу жолын шығармадағы сюжеттермен байланыстырасың, өмірмен ұштастырасың, шаршағанда демаласың, – дейді жобаны қызу қолдаушылардың бірі, Қазталов ауданы әкімі аппаратына қарасты бақылау және қаржы-шаруашылық жұмыстар бөлімінің бас маманы Жұлдыз Асхатқызы.

Осылайша басшысын қостаған мекеме қызметкерлері кітап оқудан жарысқа түскендей жақсы әсер қалдырып, игі бастаманың кең қанат жаюына лайықты үлес қосуда.

Диана  БАҚСЫҚ,

Қазталов  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар