15.08.2019, 19:44
Қараулар: 447
«Биенің сүті – сары бал…»

«Биенің сүті – сары бал…»

Жаңақала ауылының Қисыққамыс көшесінде орналасқан қызыл кірпішті үйдің маңына күніне 3-4 рет адам жиналып, абыр-сабыр болып жатады. Дертіне шипа, деніне саулық іздеген, салауатты өмір салтын сақтаған жандар әрбір сауын мезгілінде осы жерге келеді. Өйткені, мұнда исі мұрныңды жаратын, тоқсан түрлі аурудың емі болатын, ішсең, көңілің толатын жас биенің жаңа сауылған саумалы бар.

Иә, атакәсіп ризық-несібесіз қалдырмайды. Бұл – Жаңақала ауылының тұрғыны Ғалымжан Бақытжановтың өмірден түйгені. Кейіпкеріміз шаруа қожалығының жетекшісі немесе талайды таңдай қаққызған жеке кәсіпкер емес. Ол жай ғана адал еңбегімен мал тапқан жан. Бүгінде жұбайы Ботакөз Тілеуішева екеуі үкіметке қол жайып отыруды құп көрмей, шағын да болса өз кәсіптерін бастап, игілікті іс қылуда. Бұлай дейтініміз, бірлігі жарасқан отбасының табиғи өнімі аудан тұрғындарының сұранысына ие. Аталмыш  кәсіпті  мамыр айының басында қолға алған Ғалымжан мен Ботакөздің татымды тірлігіне һәм жанұя бірлігіне әрі халық үшін пайдалы қызметтеріне ел дән риза. Саумалдарын жоқтап, сұрап ішетіндер де бар екен. Айтпақшы, тұрақты тұтынушылар қатары қалыптасып үлгеріпті. Ғалымжанмен тілдеспек болып үйіне барғанымда, ауласынан саумал ішіп отырған 6-7 адамды көзім шалды. Бәрі – ер адамдар. Олардың сыраға емес, саумалға құмартқандары көңіл қуантып, көз сүйсіндіреді. Мен де олармен бірге саумалдан дәм таттым. Дәмі тіл үйіреді, керемет! Айтпақшы, бағасы да қымбат емес екен. Литрі – 700 теңге. Қазақ «Сауын саусаң, бие сау, боз қырау түспей суалмас» демей ме?! Осындайда көмейінен жыры түгесілмеген Ақтамбердінің:

Арудан асқан жан бар ма?

Жылқыдан асқан мал бар ма?

Биенің сүті – сары бал,

Қымыздан асқан дәм бар ма? – деген жолдары ойыңа орала кетеді.

Иә, біз тақырыпқа арқау етіп отырған Ғалымжан Жолдасқалиұлы – жастайынан ат жалын тартып мінген арда азамат. Саралжын елді мекенінен Жаңақалаға қоныс аударғанына да он жылдан асыпты. Әкесі Жолдасқали Жұмағұлов – зейнетке шықса да, ат үстінен түспеген, жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын жан. Жолдасқали  ағай алпысты алқымдағанша совхоздың жылқысын бағып, балала-рын да осы кәсіпке баулыпты. Сондықтан болар, Ғалымжан да Қамбар ата тұқымына жақын болып өскен. Жастайынан асауға мініп, тай-құнандарды үйретіп, реті келгенде аламан бәйгеге де қатысып, бақ сынайды. Кейін аудан орталығына көшкенде де балғын балалық шақтағы жан құмары жылқыны ұмытпай, қайта оның көзін жоймай, қолда барын сақтап, бағады.

– Бала кезімізде үлкендер жағы жайлауға жол түсе қалса, үйір-үйір жылқыны, көгенде байлаулы құлындарды көріп: «Құлын байлап, бие сауған берекелі үй екен, соғып қымыз ішелік» деп ат басын бұрып, сәлем беріп, әңгіме-дүкен құра отырып, шөлін қандыратын. Ал қазір ауылдағы сол бір жақсы салт көмескіленіп, жылқы ұстап отырса да, бие сауып, қымыз ішпейтін халге жеткеніміз өкінішті. Осы олқылықтың орнын толтырып, елге, халыққа, ұрпақ денсаулығының нығаюына қолдан келгенше өз үлесімді қоссам деген мұраттан туған ой болатын бұл бастапқыда. Аллаға шүкір дейміз. Жұмысымыз жанданып келеді, – дейді Ғ. Бақытжанов.

Осы тұста Ғалымжанның жұбайы Ботакөз Қанатқызы әңгімеге араласқан еді.

– Қазір жұрт ауырмаудың жолын іздейді. Саумал – сал ауруларына, жүрек пен асқазан жарасына, бауыр мен өкпе ауруларына мың да бір шипа. Буын мен қаназдық дертіне де дауа. Білетін шығарсыздар, бие сүтінің қасиеті – оның табиғаттағы ешбір сүтке ұқсамайтындығында. Ол қайнатуға келмейді. Ал басқа сүтті міндетті түрде қайнатамыз. Бие сүті қай-натсаңыз бұзылып, ал шикілей сақтасаңыз, тұрған сайын маңызы арта береді. Дәрігерден шаршаған жандар көбіне жанына дауаны нақ осы ұлттық сусыннан іздейді. Әрине, бұл қуанарлық  жайт. Мүмкіндік болса, қазағымның әр шаңырағында бір-екі бие сауғанға не жетсін? – дейді ол өз ойын жасырмай.

Болашақта кәсібін жандандыруды көздейтін Ғалымжан Жол-дасқалиұлы:

– Жылқыға қандай азық беру керегі туралы білмей тұрып ат баптау, мал басын көбейту мүмкін емес. Бір қарағанда шөп берумен жұмыс біткен сияқты көрінуі мүмкін. Тоя жесін деп алдына үйіп-төкпей, оларға қажетті азықты өлшеп, есептеп беру керек. Жылқы үшін ең табиғи азық – шөп пен пішен. Жаңа орылған шөп болса, сүті тіптен нәрлене түседі. Біздің ауданда биыл шөп мәселесі қиындау болып тұр. Қазір тіпті жоқтың қасы. Ауылдық округтерден сұрастырып, арнайы барып әкелеміз. Мол қылып алып қоюға қаражат жетіңкіремейді. Жануар баптауыңа қарай сүт береді. Қазақта «биебау», «биесауым уақыт» деген ұғымдар бар. Биелер таңертеңнен бастап әр екі сағатта бір сауылады. Сауылып болған соң құлындарына қосып, азықтандырылады. Бір жарым сағаттан кейін құлындарын бөлек қораға қамап, биені 15-20 минут тынықтырып аламыз. Әдетте бір биеден әр жолы 400 миллиграмнан жарты литрге дейін саумал алынады. Біздің үйдің саумалын құмартып, тұрақты түрде келетіндер бар. Алдын ала жазылып та қояды. Қазір үш бие сауып отырмыз. Бұйырса, келесі жылы 5-6 биеге дейін көбейту ойда бар. Мемлекет тарапынан көмек болса, жеңілдетіп несие берілсе, осы кәсіпті жандандыруға ынталымын. Қазір соған жұмыстанып жатырмын, – дейді  ол.

Ғалекең осы іргелі ісін сәл ертерек бастағанда бүгінде ауданда бір үлкен орталық болар ма еді, кім білсін?! Бірақ дәл осы қарқынымен талай жетістікке жетеріне шүбә келтірмедік. Қазақтың шұбат, қымыз, саумалынан артық сусын бар ма, шіркін?! Кем дегенде жылына бір рет пайдасы жоқ тәтті судан тыйылып, шөліңді қандырар, сырқатыңды алдырар саумал ішіп  жүрейік,  ағайын.

Алтынбек   СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,

Жаңақала   ауданы

Ерлан САТЫБАЕВ, зейнеткер:

– Жас келген соң денсаулық та сыр бере бастайды екен. Әр түрлі газет-журналдарды ақтарып отырсам, саумалды көптеген аурудың шипасы деп жазыпты. Ауылдық жерде тұрсақ та, бие сауатындар көп емес. Жақында «Ғалымжанның үйінде саумал бар» деген әңгімені естіп,  бірден осында келдім. Он шақты күн болды, саумалды тұрақты түрде ішіп келемін.

Ем болатынына сенемін. Көңілім сергіп, ұйқым да тынышталып келеді.

Тамаққа деген тәбетім де жақсарды. Жас болса да ерінбей бие сауып, саумал ұсынған Ботакөздей қызыма ризамын.