15.08.2019, 19:42
Қараулар: 788
Халықтың қарғысы жібермейді…

Халықтың қарғысы жібермейді…

Иә, халықтың қарғысы жібермейді екен… Үш жылдан астам уақыттан бері  Қаратөбе халқын қан-қақсатып келген ұрылар ақыры, өздері қазған орға өздері омақаса құлады. Жуық арада шыға алмайтындай болып қатты  құлады. Құлатқан полиция мен сот! Барымташылар зауалын тартты.  Ал әділдігіне келсек, әрі «Сыбырлағанды Құдай естімей ме?» — дегендей, тап осы ұрылар туралы алғаш рет облыстық «Орал өңірі» газеті осыдан екі-үш жыл бұрын жазды. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың 25 қаңтарына дейін  көлемді-көлемді 6-7 мақала жариялапты. Сол мақалалардың ізімен Қаратөбеге осыдан бір-екі жыл бұрын облыстық ішкі істер департаментінен аға тергеуші Бақберген Молдагереев  арнайы жолданды. Оған қаратөбеліктердің аузында жүрген барымташыны қалайда ұстау міндеті қойылды. Майор Молдагереев бұған дейін де талай қылмыстардың қиыр-шиыр ізіне түсіп, талайын ашқан кәнігі тергеуші болатын.  Ол бастаған жігіттер ұрыларды тырп еткізбей ұстау үшін айлар бойы тер төкті. Сондықтан ұрыларды өздері қазып жүрген орларына өздерін құлатуда полиция майорының да үлесі өз алдына бір төбе.  Сол сияқты «Ертөстігім бір төбе»  дегендей, қаратөбеліктердің талайының қорасын қаңыратып, бос қалдырған баукеспелерді бұғалықтауда  «Орал өңірінің» де үлесі осал болмағанын оқырмандарымыз бағамдай жатар.

  Тағы бір айта кететіні Сырым аудандық сотының төрайымы, судья  Ботакөз Баймұханова төрағалық еткен бұл процесс ұзаққа созылып, үш айдан астам уақыт жүрді. Ұрыларды қайтеміз, жәбірленуші 35 адам (малдарын ұрлатқандар) мен қазылық еткен сот пен сот қызметкерлерін, мемайыптаушы прокурорды, қорғаушыларды әбден титықтатқан сот өткен маусым айының 28 жұлдызында аяқталды. Үкім шықты.  Қаратөбе түгілі, облыс тарихында бұрын-соңды болды ма, болмады ма, оған таласпаймыз, әйтеуір бұл бір жосын процесс болғаны кәміл. Сонымен, үкім шықты, Бірақ ол әлі заңды күшіне ене қойған жоқ. Дегенмен, оқырмандарымызды сот процесінің нәтижесімен таныстырып қоюдың еш артықтығы болмайтын сияқты. (Мақала сотқа дейінгі тергеп тексерудің және соттың іс жүзінде жинақтаған құжаттарының негізінде дайындалды).

Жоғарыда сөз болған-дай, ақиқаттан аттамай айтсақ, Қаратөбе ауданында орын алып жатқан мал ұрлығы жайлы алғаш дабыл көтерген «Орал өңірі» газеті. Бірақ  одан барымташылар ақи-тақи айылын жия қойған жоқ. Жимағаны, «Бассыз үйдің иті осырақ» дегендей, ауданның полициясы дәрменсіз, ұрысын әбден бастарына шығарған,  сосын ұры есірмей қайтеді? Тіпті сол кезде малын алдырған қаратөбеліктердің қайсысымен сөйлеспеңіз, бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Ұры – Ескендір деген. Оны полиция біледі,  бірақ онымен ауыз жаласып кеткен, бүркемелеп, қорғаштап отыр» – деп зар еңіреп қоя беретін. Сөйтсек, халық қалт айтпаған екен!  Оның дәлелін сәл алға озыңқырағасын, соңыра түсіне жатасыз, құрметті оқырман.

Әу баста «төбелестің неден шыққанына келетін болсақ», 2017 жылдың қаңтар айының алғашқы күндерінде  «Орал өңірі» газетіне қаратөбелік Жалғас Тінәлиев арыз айта келді. Соғымға соямын деп отырған екі жасар баспағы өткен 2016 жылдың қарашасында қолды болған. Оны кімнің иемденіп кеткенін біледі. Ол туралы полицияға арыз айтып барған. Бір емес, бірнеше рет барған. Бірақ ондағылар арызын алмайды. Сөйтіп, полицияның табалдырығын екі ай бойы  тоздырып, әбден қажиды. Ақыры амалы құрығасын баспағын сіңіріп кеткен адам  мен аудандық  полицияның үстерінен арыз жазып, «Орал өңіріне»  келуге мәжбүр болған…

Біз өз тарапымыздан мақала дайындауға шұғыл кірістік. Құдай біледі, ол кезде біз осынау мал ұрлықтарына байланысты ұзаққа созылатын ызы-қиқы, дау-дамайға кірісіп жатқанымызды білген жоқпыз. Тіпті оның аяғы газетті сотқа беруге дейін тірелетіндігін, ұрының шашбауын көтерген Берік Шұқанов деген қаратөбелік кәсіпкердің мақала авторы Қыстаубаевты  «Орал өңірі» газетімен  қоса сотқа беріп, әуелі, 5 000 000 (бес млн.) кейін 3 000 000 (үш млн.) теңге талап етеді деген ой – ол кезде үш ұйықтасақ та  түсімізге кірмеген. Бірақ «Орал өңірі» газетінен  және оның тілшісі Қыстаубаевтан ең болмаса, 3 000 000 теңге алып қалайын» – деген  Шұқановтың далиған дәмесін сот «орындалмайтын арманға» айналдырып, қанағаттандырмай тастады.

*  *  *

Қаратөбелік азамат Жалғас Тінәлиевтің баспағының жоғалуының өзі шым-шытырық. Аяқ жетер жерден іздейді, сөз жетер жерге сұрау салады, бірақ ізім-қайым. Сөйтсе, баспақ бұлардың үйінен таяқ тастам жердегі Берік Шұқановтың қорасында тұр екен… Өтіп бара жатып, қораның ішінен шыққан мөңіреген даусынан сырттай  танып, ішке кіріп барады. Құлағындағы сырғасын шұнтитып кесіп тастаса да бірден таниды. Шұқановтың көзінше алып кетпекші болады.  Алайда  Шұқанов түлкі бұлаңға салып, баспақты бермейді. Полиция да алып бере алмайды. Ал қызығына қараңыз, айналғанда ол баспақты айдаладағы Ескендір Төлегенұлы деген біреу «Менікі» – деп, емін-еркін иемденіп  алып кетеді. Баспақты полицияға бермеген Шұқанов:  «Ескендір мен жоқта алып кетіпті» – деп енді басқа қырына аунап түседі. Жалғастың айтуынша, тап осындай жағдай осыдан 4-5 жыл бұрын да болған. Онда да Шұқанов Тінәлиевтің бір танасын қорасына қамап қойып бермей, ұрыс-керіспен әрең алған екен. Ескендір айналғанда баспақты алып кеткенін мойындап, оның иесі Жалғас Тінәлиевке «Мен оны жойып жібердім, келесі күзде туатын сиырларым бар, содан бір бұзау аларсың» – дейді. Жалғас оған келіспейді. Полицияға ша-ғымданса, арызын алмайды. Содан жоғарыда айтқанымыздай, «Орал өңірі» газетіне арыздануға мәжбүр болған ғой… Баспақтан шыққан дауды «Орал өңірі»  жіктеп тұрып жазды. Газетке шыққан мақаланың дүмпуімен Ескендір Тінәлиевке «Баспағыңның құны, алсаң да осы, алмасаң да осы» – деп, 100 мың теңге беріп құтылады. Бірақ бір айнала беріп, «Ол менің баспағым, ақшамды қайтар» – деп тағы қиғылық салады. Телефонмен қорқытады, үркітеді. Бетімен кеткен жанды тәубесіне келтіруге «Орал өңірі» газеті тағы араласуға мәжбүр болды. Бұл кезде Қаратөбе ауданымен қатар Сырым ауданында да мал ұрлығы өршіп тұр еді. Басқа шыққан ұрылар жайлы осы аудандардан редак-цияға арыз айтып келушілер тіпті көбейді. «Қорамыз қаңырап қалды» – деп «Орал өңіріне» жылап-еңіреп келгендердің полицияға деген өкпелері қара қазандай еді.

Өйткені олар ұрыны іздемек түгілі, жәбірленушілердің арызын қабылдамай, сенделтіп қояды екен.

Сондықтан осы жолдардың авторына қайта-қайта мақала жазуға тура келді. Онда құқық қорғау орындары қызметкерлерінің қылмысқа пара-пар жайбарақаттығы мен азаматтардың арыз-шағымдарына жүрдім-бардым қарайтындығы  ащы жазылды. Облыстық ішкі істер департаменті айналып келгенде, «Орал өңірі» газетінде жарияланған сын материалдардың ізімен қызметтік тексеру жүргізді. Сын мақалаларда сөз болған кемшіліктер толық дәлелін тапты. Сол бойынша 2017 жылдың наурызында Сырым аудандық ішкі істер басқармасынан ішінде басшысы бар, қосшысы бар 17 полицей, Қаратөбе аудандық ішкі істер басқармасы басшысымен қоса 6 полицей (барлығы 23 қызметкер) әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы «Орал өңірі» газетінде жарияланған мақалаларға байланысты облыстық ішкі істер департаментінің консультативтік-кеңесші органының кезектен тыс арнайы өткізген отырысында ресми түрде мәлім етілді. Қош делік. Бірақ бұдан малдарын алдырған қаратөбеліктерге көк тиын да пайда болмағаны өзінен-өзі белгілі (Жалғас Тінәлиевке  100 мың теңге ұрлық малдың құнының қайтқанын есепке алмағанда). Ұры ұсталмады, ұрлық бұрынғысынша жалғаса берді.

Малын жоғалтқан кім болмасын, оны Ескендірден көруден жазбады. «Жазған құлда жазық жоқ»  деген «Орал өңірі» газеті бұл мәселеге тағы да оралды. Ақыры полицияның өзі төбелеріне шығарып жіберген ұрының шеннен шыққан еркелігі айналып келгенде сол еркелетушілердің «түбіне» жетті. Қаратөбелік 4 полицей (басшысымен қоса) жұмыстан қуылды, қалғандарына тәртіптік жаза белгіленді. Бірақ бұдан жылқысы мен сиырын екі аяқты «қасқырларға» алдырғандарға қандай пайда болды?  Түкте! Осы арада «Апырай, сонша есірген ұры кім болды?» – деп отырған болар, оқырман. Таныс-тыра кетейік, («Орал өңірі» газеті тілшісіне полицияның 2018 жылғы 20 желтоқсанда және 2019 жылдың 28 қаңтарында    берген ресми деректерінен) Ескендір Төлегенұлы 1976 жылы Қаратөбенің Қаракөл ауылында туған. Орта білім-ді. Жанұялы. Жұмыссыз (негізінен жазда жекенің малын бағады)  бұрын мал ұрлағаны үшін екі дүркін сотталған. Тұрғылықты жері Қаратөбе ауданының Қаракөл ауылындағы Кіші Қоскөл елді мекені. 2018 жылдың 15 қарашасынан тергеуде, абақтыда отыр. Төлегенұлы бұрын түрмеде бірге отырған сыбайласы Оралбек Дәулетияровпен 2015-2018 жылдар аралығында Ақтайсай, Қаратөбе, Алакөл, Егіндікөл, Жусандыой және Кіші Қоскөл ауылдары тұрғындарының малдарын, жылқыларын барымталап келген.  О. Дәулетияров 1978 жылы Қаратөбе ауданындағы Қаракөл ауылының  Кіші Қоскөл елді мекенінде туған. Тұтқындалғанға дейін осы жерде тұрып келген. Орта білімді, үйленген. Бұған дейін жалпы нобайы 12 жылдай түрмеде отырып шыққан.  Жұмыссыз деп есептелгенімен, Ескендірдің көмекшісі, жекенің малын бағушысы. Сондай-ақ Ескендір мен Оралбекке жекенің малын бағуға көмектесуші және бір адам бар. Ол – Сабыржан Бисембаев, 1976 жылы Қаратөбенің Қаракөл ауылында туған. Жұмыссыз. Бұрын сотталмаған. Бұл азаматты Ескендір 10 жылдан бері құлша жұмсап, еңбегіне бір тиын да төлемеген. Бірақ ішіп-жемінен, киім кешегінен тарықтырмаса да, ылғи һарам істерге мәжбүрлеп, жұмсап отырған. Үй-күйі, баспанасы жоқ, жалғызбасты, үйленбеген, барар жері, басар тауы тағы жоқ.  Бисембаев Ескендірдің он жыл бойы айтқанына көнген, айдауына жүрген. Бұл азамат тергеу кезінде барлық кінәсін мойындап, Ескендірдің тікелей бұйрығымен, жұмсауымен Оралбек Дәулетияров екеуінің 2015-2018 жылдар аралығында малдарды қашан, қайдан, қаншасын,  қалай  ұрлағандарын бәрін жасырмай, тергеу-шілерге  айтып берді. Өзінің ауыр қылмыстарға барғанына қатты өкінді.

*  *  *

Алдын ала тергеу мен сот процесінде дәлелденгеніндей,   ұрылардың анау үш жыл ішінде 40 шақты үйден 26 бас жылқы, 118 сиыр барымталап, малмен жан бағып отырған қаратөбеліктерге жалпы сомасы 28 миллион 515 мың теңге залал келтіргендері белгілі болды. Соты үш айға созылған бұл қылмыстық  іс 22 эпизодтан тұрады. Біз оның барлығын тізбелемей, екі-үшеуін ғана келтірсек, түсінікті болатын сияқты. Қаратөбеліктерді қан-қақсатқан ұрылар қалай әрекет еткен? Енді соған келейік. Бұл – алдын ала тергеу мен сотта анықталғанындай және дәлелденгеніндей ұйымдасқан қылмыстық топ. Басшысы, дем беріп, «жаңа идеяларды» көтеріп отыратын «көсемі» – Ескендір Төлегенұлы. Ал Оралбек Дәулетияров пен Сабыржан Бисембаев Ескендірдің айтқанын мүлтіксіз орындаушылар. Бірақ ол үшін ауыздарынан ақ май ақтарылып, ақшаға, малға қарық болмаған. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, екеуінде тышқақ лақ жоқ.

Өйткені, Ескендір оларға бір тиын ұстатпаған.  41 жастағы Оралбектің басында үйі, әйелі бар, ал 43 жасар Сабыржанда ол да жоқ, жалғызбасты, сабау қамшылы дедік қой.     Сонымен, Ескендір «Нива» көлігімен сыдыртып, айналадағы ауылдардың маңайын  «барлайды» әуелі. Қай жерде қандай мал жатыр, түрі мен түсі, қоңы мен күйі қалай, неше бас болады, қай жермен, қалай айдап шығу керек, бәріне мұқият талдау жасалады. Аса қоңды, сауырынан бит домалағандай семіздеріне ерекше назар аударылады. Ұрлықтың жолдары, жай-жапсары мұқият пысықталғаннан кейін барып, Ескендір Оралбек  пен Сабыржанды екі атқа қондырып, суыт аттандырады. Малсақ, маңайды бес саусағындай білетін, тас қараңғы түнде де адаспайтын, жершіл, бағыттарынан аумайтын Оралбек пен Сабыржан Ескендір айтқан маңайға дәл түседі. Айтқан малдарын қайырмалай айдап, Ескендір тұратын Кіші Қоскөлдегі қораға әкеліп қамайды. Бұл қораға келген малдың ізі болуы мүмкін, бірақ қайтадан шықан із болмайды. Осында олар сойылады да, етін Ескендір өзі жайғайды. Әрі қарай Оралдың, Ақтөбенің арасында Атыраудың ет базарлары-на күн туады. Араммен тапқан ақшаны ол өзі билеп төстеген, ешкімге ұстатпаған. Ұстатқанды айтасыз, тіпті қанша теңгеге өткізіп жүргенін де ешкімге айтпаған.

Анау Оралбек пен Сабыржанға ішіп-жерлерін алып беріп, қарындарын аштырмаған. Арасында арақшарабынан да тарықтырмаған сияқты. Ескендірдің Кіші Қоскөлдегі бұл қорасы туралы шаруа Ерболат Ситалиев былай деп еді:

«18 бас ірі қарам жоғалғанда Ескендірдің ауылына бардым, жоғымды іздеп. Сонда адамға сен-гішпіз ғой, өзімізге  обал жоқ… Ескендір алдымыздан шығып, үйі мен қорасының жанында тұрып, бөтен мал келмегенін, тек кешегі күні қырда жайыла өрістеп бара жатқан бір топ ірі қараны көргенін айтты. «Былай қарай жайылып бара жатты» – деп, бағытын  да көрсетті. Біз соған сеніп, көрсеткен жағына кете барыппыз.

Сол жерде қорасын тексермей тұрмыз ғой… Ал кейін анау жігіттері тергеуге айтатын көрінеді:

«Біз сол кезде қораның ішінде 18 басты шетінен жайратып сойып жатыр едік. Сығалап қарап, зәреміз ұшып, қорқып тұрдық. Ерболаттар қораға кіріп келсе, бітіп едік…».

Ескендір малын іздеп келген адамды қорасын қарайын десе, «Тінтуге прокурор мен соттан қағазың бар ма?» – деп қорасына маңайлатпаған. Өткен үш жылдың ішінде малын жоғалтқан бірде-бір адам Кіші Қоскөлге келіп тұрып, қорасына кіріп көрмепті.  Ал ол қора ұрлық малдарды сойып жататын нағыз қасапхана болған… Ішіндегі сойылған малдың терісі мен бас, сирағын лақтыратын арнайы құдықтары кейін әшкереленді. Сол құдықтардан ұрланған малдарының бас, сирағын, терісін тауып алғандар және бар. Жоғарыда айтып өткен  ұрлықтың 22 эпизодынан мысал келтірсек, ұрлық былай өрбіпті. Е. Төлегенұлы 2015 жылы наурыз айының ішінде Бисембаев пен Дәулетияровқа соятын жылқы керек деп, екеуін Қалдығайты өзенінің арғы бетіне жұмсайды. Бисембаев Сабыржанның алдын ала тергеуде және сотта айтқанындай, екеуі  екі атпен өзеннің арғы бетіне өтіп, Жусандыой ауылының маңайында еркін жайылыста жүрген бір үйір жылқыны қуып әкеліп, Сәрсенғали қыстағына қамайды. Ішінен мінер жақ құлағының тілігі бар семіз қара биені ұстап, қалғандарын шығарып жібереді. Биені Кіші Қоскөлдегі (өздері тұратын мекендегі) қораға әкеліп сояды. Етін бес бөлікке бөліп, Ескендірдің «Нива» көлігіне тиеп береді. Ол оны Орал қаласына сатуға алып кетеді. Бұл жылқы Е. Табылдиевке тиесілі еді, ұрылар оны сойып алып, иесіне 350 мың  теңге  зиян  келтірген.

2015 жыл, 7 мамыр. Таңертең сағат 10-11 шамасында Ескендір  Оралбек Дәулетияровты ірі қара малын ұрлап келуге жұмсайды.  Атқа салт мінген Оралбек Тоқсит қыстағы бағытына шығып, кешке қарай шаңырақ мүйізді қызыл қасқа сиырды алдына салып, айдап әкеліп, Кіші Қоскөлдегі қораға қамайды. Келесі күні сиырды сойып, етін Ескендір мен Оралбек  Қаратөбедегі «Мерей» дүкеніне әкеліп аударады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы есік қағып тұрған. Қаратөбе халқы мұның ұрлық мал екенін қайдан білсін, мереке қарсаңында келе қалған семіз сиыр етін пышақ үстінен бөліп әкетті… Шаңырақ мүйізді, қызыл қасқа сиыр  азаматша Э. Сыдықо-ваның үш жылдан бері өсіріп  келе жатқан ақ адал малы еді, ұрылар  бұйыртпады.

 2015 жыл 6 маусым. Ескендірден бірнеше бас ірі қараны бірден айдап келуге жаңа «бұйрық» түсті… Сол бойда атқа қонған қос барымташы Сабыржан мен Оралбек «Қанды басың бері тарт» – деп Ескендір айтқан бағытқа суыт аттанды. Көп ұзамай, «Қаратөбе – Ақтайсай» тасжолы бойында жайылып жүрген Ғ. Байниязовқа тиесілі әрқайсысы 60 мың теңгеге бағаланған 12 бас  баспақ пен К. Хамидуллинаның құны 75 мың теңге делінген бір бас ірі қарасын  айдап әкеліп, Кіші Қоскөлдегі қораға ың-шыңсыз сүңгітіп жіберді. Кейін олардың бәрін сойып, еттерін Ескендірдің өзі тіркемелі «Нива» көлігімен Оралға апарып өткізеді. Ұрылардың бұл «операциясынан» Байниязов 720 мың,  Хамидуллина 75 мың теңгеге материалдық  зиян  шекті.

Үш жыл бойы қаратөбеліктерді зар қақтырған Ескендір бастаған ұрылардың қай «ерлігін» айтасың… Санамалай бастасаң, бірінен-бірі асып түсіп, әрі қарай жалғаса береді. Айтса сенгісіз, Кіші Қоскөлдегі Ескендірдің қорасында ұрлық мал кейде күн сайын, кейде күнара сойылып жатыпты. Мұны тергеуде Бисембаев айтқан. Ұрылардың бетімен кеткені сонша, әбден дәніккенде бір бас, екі бас, тіпті үш бас малды місе тұтпай, арандары апанға айналған. Әсіресе, Ескендірді мықтап «байытқан» мал иесі – Ерболат Ситалиев. 2015 жылдың қараша айының соңғы күндерінде Е. Төлегенұлы «Нивасымен» қырды шолып келе жатып, Құрсай қыстағының маңында жайбарақат жайылып жатқан шаруа қожалығының иесі Ерболаттың малдарын байқап, әбден барлайды. Табында жондарынан бит сырғанап түскендей, қоңы келіскендері толып жүр. Сол бойда үйге келіп, барымташылары Оралбек пен Сабыржанды атқа қондырады. Олар Ескендір айтқандай, жайылып жатқан табыннан таңдап тұрып, ішінде еркегі, ұрғашысы бар 17 бас ірі қараны сай-сала, жықпылдар-мен қуалай айдап отырып, жан баласының көзіне түспей, Кіші Қоскөлдегі қораға құлатады. Сол қорада 17 басты шетінен бауыздап, етін Ескендір «Нивасына» тиеп, Орал қаласына апарып, «құтты жеріне» қондырған. Бұдан шаруа Ерболат Ситалиевке келген зиян орасан – 4 миллион 200 мың теңге. Ескендір осыдан кейін де Ерболатты «ұмытпады». Арада бір жылға жетпейтін уақыт өткенде, яғни 2016 жылы қыркүйектің 23-інде Ескендір Төлегенұлы Құрсай қыстағының маңайына  тағы айналып соғады. Баяғы сурет алдынан тағы шығады. Тоқтарын баса алмай, ыңқылдаған сиыр малдары. Ескендірден бұйрық алған Оралбек пен Сабыржан бұл жолы Ерболат Ситалиевтің табынынан таңдап тұрып, жалпы құны 5 миллион 400 мың теңгеге бағаланған 18 бас ірі қараны алдарына салып, Кіші Қоскөл қайдасың? – деп табандарын жалтыратады. Бұл малдар да сойылып, етін Ескендірдің өзі жайғап, ақшасын қалтасына басады. Сөйтіп, Ерболат Ситалиевтің барлығы 35 бас ірі қарасын ұрлаған Ескендір бастаған ұрылар оған жалпы көлемі 9 миллион 600  мың  теңге  зиян  шектірген…

Ұрылар арасында жылқыны да барымталап отырған. 2016 жылдың қараша айында Қаракөл ауылына қарасты Айш қыстағы аумағында саяқ жүрген 6 бас жылқыны Ескендір алдын ала байқайды. «Ол байқады дегенше, жануардың қылша мойны қиылды дей беріңіз», – дейді қара-төбеліктер. Бұл жолы да солай болды. Оралбек пен Сабыржан түн жамылып барып, әлгі саяқтарды Кіші Қоскөлге қуып келеді. Бұл жылқылар Қаракөл ауылының тұрғындары Ғабдуллиннің (2 бас), Рахымғалиевтің (1 бас), Дүйсенғалиевтің (1 бас), Сакуовтың (1 бас), Қонашевтің (1 бас) ақ адал малдары еді.  Олардың бәрі де ұрылардың пышағынан аман қалмады, еттері Ескендірдің «Нивасы» мен  тіркемесіне тиеліп, Оралға жол тартты… Айтпақшы, ұрыда ынсап болмайды, туысқанға-туғанға қарамайды дейді, сол рас-ау, сірә… Сол алты бас жылқының ішінде Ескендірдің туысқанының да жылқысы пышаққа ілініп кетіпті. Бірақ ол азамат Ескендірдің үстінен  арыз  жазудан  бас  тартқан.

Жусандыойлық Манас Қайырлиев 2018 жылдың жазында 6 бас ірі қарасын ерекше күтімге алып, бордақылап жүрген. Бұйыртса, күзге қарай етке тапсырып, қаржысын балалары мен немерелерінің керегіне жұмсаймын деп, әр теңгесіне дейін есептеп қойған. Бірақ ұрылар бұйыртпады. Маусым айының 16-сы күні Манастың 6 басы бүйірлерін соғып, Ескендірдің қорасында қамаулы тұрды. Оларды Оралбек пен Сабыржан Ескендірдің нұсқауымен қырда жайылып жатқан жерінен зым-зия қылған. Осы алты бастың екеуі сол түні сойылып, қалған 4-еуін Ескендір өзінің малына қосып жіберген. Сол Манас Қайырлиев  бізге былай деген еді:

– Екі полицеймен малымды іздеп, Ескендірге бардым. Сонда ол маған нагло қарап тұрып: «Қосағасы, мен ұрлық жасамаймын… Бірақ келген малды қайтармаймын!» – деді. Полицейлердің көзінше шынын айтқан екен, малымды әлі қайтарған жоқ…

Құрметті оқырман, ұрылардың өткен үш жылдағы белгілі болған «эпопеясы» осылай жалғаса бере-ді. Белгісізі қаншама? Оның бәрін тізіп айта берсек, уақыт жете ме? Одан да «…таң атты, Шаһаризада төсегіне жатты» – деп осы арадан тізгінді  тартайық.

*  *  *

Сонымен, ұрылар қалай тұтылды? «Ешкіні Құдай ұрайын десе, қойшының таяғына келіп сүйкенеді» дегендей, ойына келгенін істеп, әбден есірген Ескендір Төлегенұлын бір күні Құдай ұрды. Ұрғаны сол, өзінің қырда қатар отырған (үйлерінің аралары таяқ тастам) Құдай қосқан көршісі  Орын Шүрменовтің малына 2018 жылдың 6 қазанында ауыз салды. Ал дәл осы оқиға – «Орал өңірі» газетінде ай құрғатпай жазылып жатқан Ескендір бастаған баукеспелерді қалайда ұстауға Орал қаласынан арнайы жіберілген тергеуші Бақберген Молдагереевтің жыл бойғы ұрының соңына түскен операциясын апогейіне, яғни шырқау шегіне жеткізуді тездетті. Сөйтіп, Шүрменовтің малын ұрлаудың соңы ұрыларға құрылған қақпанның сақ ете қалуымен аяқталды. Орын Шүрменов әуелі полицияға (Оралдан келіп, ұрылардың соңына шам алып түскен тергеуші Бақберген Молдагереевтің өзіне) арыз түсіреді. Сосын полицияны қатыстыра отырып, мұның сиырын қалай сойып алғанын ұрының мойнына тыпыр еткізбей қойып береді. Төлегенұлы түлкі бұлаңға салып, әуелі басын алып қашады. Орын оған қорада қалып қойған  сиырының мүйізіне дейін дәлелге тартады. Ақыры ұры Ескендір Орынның сиырының құнына 300 мың теңге төлеуге мәжбүр бола-ды. «Мен мұндай арсыз адамды көрген жоқпын, бірақ ұрыда ар-ұят, обал-сауап, абырой деген мүлдем болмайды дейді. Сол рас! Сонда Ескендір не деді дейсіз ғой, маған. Ақшаны беріп тұрып: «Інім, полицияға бармай-ақ, өзіме келуің керек еді ғой…» – дейді ұялмай, қызармай… Сөйтсе, Ескендірдің Орын көршісіне ауыз салуы бір бұл емес екен. Бұдан тура бір жыл бұрын да осылайша Орынның қалаға 2-3 күнге сапарлап кеткенін пайдаланып, семіз сиырын ұрлап сойып, етін Оралға апарып сатып, ақшасын қалтасына басқан. Анау Оралбек пен Сабыржанға бір тиын да татырмаған.  Мұны естіген қаратөбеліктер «Япырмай, қасқыр екеш қасқыр да апанына жақын қойшының  малына ауыз салмайды деуші еді… Мына қарғыс атқыр ұрың қасқырдан бетер екен ғой…» –  деп  жағасын  ұстайды  әлі  күнге.

*  *  *

Баукеспелерді тұтқындау да аса құпия әзірленді. Аудан полициясындағылардан санаулы адам ғана білді. Арнайы жасақ Орал қаласынан келді. Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқар-ма бастығының орынбасары, под-полковник Асхат Хасанғалиев бастаған топ аузы-мұрны тұмшаланған қара машинамен Кіші Қоскөл ауылына 2018 жылдың 10 қарашасы күні, бесін ауа сап ете қалды. Мұздай қаруланып, жер астынан шыққандай жетіп келген арнайы жасақ Ескендірдің малшыларын аяқтарын талтайтып, маңдайларымен үйдің қабырғасына тіреп қойып, тінтуді бастап кетті. Қыбырлаған мал біткен санаққа алынды, түрі-түсі хаттамаға түзілді, сырға нөмірі тіркелді. Үй мен қоралардың ішінде астан-кестенін шығарды тергеушілер. Мұның бәрі бейнетаспаға түсіріліп жатты. Ымырт әбден үйірілгенде, бағанағы қара машина Орал қаласына қарай зытты… Ішінде қолдары кісенделген ұрылар бірге кетті. Қаратөбеліктердің айтуынша, сол сәттен бастап аудандық полиция бөліміне шалқайып кіріп, шалқайып шығатын Ескендірдің басына зауал туды. Сыбайлас-тары да құр қалмады.

*  *  *

Мына жәйтті де айтпай кетуге болмайды. Тергеу кезінде малының құнын ұрылардан өндіріп беруді қатаң талап еткен кейбіреулер сот процесі басталғаннан кейін қожырады. Тіпті сот отырысына келмей қойғасын, олардың бірқатарына сот арнайы шақырту (повестка) жіберуге мәжбүр болды. Жәбірленушілердің арасында ұрланған малын табанды түрде талап етудің орнына: «Ауылдың азаматы ғой, соттатып жібергеніміз ұят болар» –  деп, бет моншақтары үзілгендері  де кездесті. «Әйелінен ұялған баласыз қалады» дегендей, ондай «ұялшақтардың» бірқатары мал да жоқ, оның құны да жоқ, дымсыз қалған сияқты. Енді біреулері «Малымның құнын қайтарып берсе, талабым жоқ, соттатпай, бостандықта қалдырылсын» – деп ұрыларды жазадан арашалап әлекке түсті. Ұрыларға жалпақ-шешей танытқаннан ұшпаққа шық-қан кім бар екен?..

Сотта Төлегенұлы сүттен ақ, судан таза болып қылмысын мойындамады. Сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Ал Дәулетияров болса, алдын ала тергеуде берген жауаптарынан сотта бас тартып, бұл да бейкүнә, жазықсызбын деп жазадан құтылып кетуге барлық ызбынын салды. Бұл қос ұры беттің арын белге түйіп, тіпті полиция қызметкерлері азаптап, қысымшылық көрсетті деп БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне дейін арыздануға барды. Бірақ оларынан түк те шыққан жоқ.

Сонымен, ұрылардың серкесі Ескендір Төлегенұлы ұйымдасқан қылмыстық топты жазалайтын баппен 8 жылға түрмеге (орташа қауіпсіз мекемеде) кесілді (мал мүлкі, үйі, т. б. тәркіленген жоқ). Һарам жолмен келген мол ақша не істетпейді, күндіз-түні ұрының қорасына мөңіреп кірген сиырлар, кісінеп келген жылқылар кейін қыруар қаржыға айналып, ұрыны әбден есірткен ғой. Есіргені сонша, есірткіге еліткен. Содан да болар, сот үкімінде  «Төлегенұлы Ескендірді бас бостандығынан айыру мекемесінде нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеу міндеттелінсін» – делінді. Ал оның «аса маңызды тапсырмаларды орындайтын» көмекшісі, оң қолы – Оралбек Дәулетияров таяудағы  7 жылын түрмеде (төтенше қауіпсіз мекемеде) өткізеді. Сабыржан Бисембаевқа тергеу орындарымен процессуалдық келісімге келуі есебінен жазасы жеңілдетілді. Оның бас бостандығы 5 жыл, 6 айға  шектелді.

*  *  *

– Қош делік, – дейді малын ұрлатқандар (Ерболат Ситалиев, Манас Қайырлиев, Сырым Оразов, Ермек Табылдиев, Асқар Биалиев, Тілек Ғабделов, Темірболат Сағынов, Айман Андирова, Аманкелді Баймашев, Жанболат Батыров, Жасталап Қыдырниязов, Далабай Ташай, Бекболат Сайын, Талғат Мұқтаров, Ғабит Байниязов, Орын Шүрменов және тағы басқалары) сот процесінен кейін газет тілшісімен хабарласқанда. – Бірақ біздің малымыздың құнын кім және қалай төлейді? Өйткені оның ретін көріп тұрған жоқпыз. Ұры Төлегенұлының ештеңесі, мал-мүлкі, үйі, қоралары, техникасы тәркіленген жоқ. Бұл қалай? Алдын ала тергеу кезінде Төлегенұлының малмүлкіне, көліктеріне, трактор-тіркемелеріне, банкідегі есепшотына неге тоқтам (арест) салынбады? (Мұны әбден сот басталып кеткенде жәбірленушілердің құқын қорғаған адвокат Ғалия Қамешқызы Қаржауованың өтініші бойынша сот ұйғарым шығарды. Сонда адвокат айтпағанда бұл мәселе мүлдем ұмыт қалар ма еді?) Ескендірдің малына, дүниесіне, үйіне, ұрлық малдардың етін 3 жыл бойы Орал мен Ақтөбеге, Атырауға кезек-кезек тасыған үш «Нивасына», тіркемелеріне (яғни қылмыс құралдары), тракторларына неге тыйым салынбаған? Осы үш көліктің ішіндегі «Нива-Урбан» көлігін ұры Ескендір 2018 жылдың басында сатып алған. Ал енді қызықты қараңыз. Сол «Нива-Урбан» ұрыларға сот жүріп жатқан өткен маусым айының ішінде сатылып кеткен. Оның ақшасы кімде?  Алдын ала тергеу кезінде оның мүлкін, малын, техника да бар сияқты, туысқандары Болат Төлегенов пен Бисекешевтердің аттарына шұғыл аударып жіберуге жол берілгені қалай? Тергеушілер қайда қарады? Әсіресе, Ескендір Төлегенұлы тұтқындаларынан сәл бұрын өз атындағы малдарын Тасқала ауданында тұратын інісі Болат Төлегеновтің атына шұғыл аударып үлгеріпті… Б. Төлегенов Тасқала ауданының тұрғыны, сонда тіркелген. Ескендірдің малдарын өз атына аударып  алу үшін Болат Төлегенов Тасқаладан тіркеуден шығып, жан ұшырып келіп Қаратөбеге есепке тұрады. Әрі қарай ұрының малын Болат Төлегеновтың атына шұғыл аудару «операциясын» Қаракөл ауылдық округінің мал дәрігері Құрманбек Қуанов  бес  тиындай  қатырған.

Қаракөл ауылдық округі әкімшілігінің Е. Төлегенұлына 2018 жылдың 1 қаңтарында берген анықтамасында оның атына 104 бас ірі қара тіркелген (тіркелмегені қаншама?). Соның тек қана 53 бас ірі қарасына тыйым салынған. Қалған 51 бас қайда кеткен? Бұл өз  алдына.

Тағы бір назар аударатыны тергеу барысында Ескендірдің үш жыл бойы ұрлаған етін өткізетін сыбайластары неліктен анықталмай  қалған?

Баукеспеге ұрлаған малдарына, жеке малдарына үш жыл (!) бойы тиісті құжаттарын беріп отырған, оған ұрланған малдарды сойып сатқанда болуға тиісті анықтама  (справкаларды)  үздіксіз беріп отырған, малдарына сырға салған, қосымша сырғамен қамтамасыз еткен Қаракөл ауылдық округінің әкімі Нұржан Сақиповтан бастап, бас маманы Ғабиден Ғұмаров, учаскелік полицей, капитан Тілеген Наурызалин, мал дәрігері Құрманбек Қуановтар заңи тұрғыдан жауапкершілікке неге тартылмады? Өйткені бұл азаматтар ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне қолдары-нан келген көмектерін аямаған (істі қараған аудандық сот Қаратөбе ауданының әкімі атына және облыстық полиция департаменті басшысы атына (тергеуге қатысты) жеке ұйғару жіберді. Бұдан қандай қорытынды шығатыны әзірге белгісіз). Олар үш жыл қатарынан ұрының еркін қимылдауына жол бермесе, осыншама адам зиянға қалып, соншама мал қолды болар ма еді, болмас па еді?! Анау мал дәрігері Құрманбек Қуанов деген ұрыға 20 мың теңгеге бола малдарын сырғалап, «справкаларын сықитып» бергені қалай (тергеу кезінде онысын мойындап, ал сотта жауапталғанда «20 мың теңгені қарызға алдым» дегені, «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері емес пе)? Осындай Қуанов сияқты сол қолынан оң қолы ұзындау келетін мамандар әкімдерімен қоса ауылдастарының бетіне енді қалай қарайды?! Сондайлардың көмегімен ауылдарда әлі талай «ескендірлердің» өсіп шықпасына  кім  кепілдік  береді?

 *  *  *

Малдарын ұрлатып, қыруар шығынға қалған қаратөбеліктер үшін бүгінгі уайым – малдарының құнын кім, қалай және қашан қайтарады?  Ендігі үміт – 21 тамызда болатын апелляциялық сотта…

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»  газетінің  арнаулы  тілшісі,

Қаратөбе  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар