15.08.2019, 19:15
Қараулар: 355
Биыл үш мектеп бой көтермек

Биыл үш мектеп бой көтермек

Алдағы  жаңа  оқу  жылында  өңіріміздегі  379  білім ошағында  100  мыңнан  астам  оқушы  білім  алады  деп  күтілуде.  Қыркүйекте 13  мыңнан  астам  бүлдіршін алғаш  рет  мектеп табалдырығын  аттамақ.  Бұл  туралы өңірлік  коммуникациялар қызметі алаңында  «Білім  беру мекемелерінің  2019-2020 жаңа  оқу  жылына  дайындығы» тақырыбына  арналған  брифингте  айтылды.  Жаңа  оқу  жылы-ның  қарсаңында  баспасөз  мәслихатына  арнайы  келген облыстық  білім  басқармасы  басшысының  орынбасары  Зәуре  Ғұмарова журналистердің  сұрақтарына  жауап  берді.

Екі  бастауыш  мектеп неге  жабылады?

Тұрғындардың көшіп-қонуы және оқушылар санының білім беру мекемелер желісінің нормативіне сәйкес келмеу себептерінен Жәнібек ауданындағы Еңбекші және Ақжайық ауданындағы Коловертное бастауыш мектептері жабылады. Сондай-ақ Тасқала ауданындағы Ынтымақ негізгі мектебі мен Теректі ауданындағы Таран негізгі мектептері бастауыш мектеп болып қайта құрылмақ.

2019 жылы кезең-кезеңмен жаңартылған білім мазмұнына көшу бойынша әзірленген 4, 9, 10-сынып оқулықтары мен оқу әдістемелік кешендер, мектепалды даярлық сыныптарының оқу-әдістемелік кешендері алынуда. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5, 6, 7-сыныптарға арналған «Өлкетану» хрестоматиясы және оқушылар контингентінің өсуіне байланысты қорды жетіспейтін оқулықтармен толтыру бағытындағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге тапсырыс берілді (2,4 млрд. теңге, оның ішінде 54,5 млн. теңгесі Алматы қаласынан тасымалдаушылар қызметіне қаражат бөлінді).

Қазіргі таңда тасымалдаушылармен оқулықтарды баспалардан алу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа оқу жылында белгіленген кестеге сәйкес 4, 9, 10-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Бұл бағытта мектептер тиісті бағдарламалар мен оқу жоспарларымен қамтамасыз етіліп, мұғалімдер біліктілік арттыру  курстарынан  өтті.

Неше  мұғалім  жетіспейді?

Өңіріміздегі білім ошақтарында 12 мыңнан астам педагог қызмет атқарады. Қазіргі уақытта 45 мұғалім жетіспейді. Атап айтар болсақ, 10 орыс тілді бастауыш сынып мұғалімі, 25 қазақ мектептеріне сабақ беретін орыс тілі және әдебиеті мұғалімі және 10 математика пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге қажеттілік туындап отыр. Кадрларға қажеттілік жас мамандарды жұмысқа тарту арқылы шешілмек. Мәселен, биыл  республикалық бюджет есебінен (көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың  балаларына) жоғары білімді мамандарды дайындау үшін 100 грант бөлінсе,  оның 25-і педагогикалық  мамандықтарға  арналған.

Апаттық  жағдайдағы білім  ошағы  нешеу?

Облыста апаттық жағдайдағы жеті  мектеп бар.  Олар Орал қаласының №31, 33 орта мектептері, Ақжайық ауданының Абай атындағы гимназиясы және М. Өтемісов атындағы орта мектеп, Қазталов ауданында А. Оразбаева атындағы орта мектеп, Сарықұдық негізгі мектебі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебі. Биылғы оқу жылында Орал қаласының бес мектебінде оқушылар  үш ауысымда оқиды деп күтілуде (№10, 18, 20, 47 және эстетикалық бағыттағы гимназия). Мектептердің апаттылығын және үш ауысымдылықты жою мақсатында 2019 жылы республикалық бюджеттен үш мектептің құрылысын бастау үшін 3,2 млрд. теңге бөлінді (Ақжайық ауданының Чапаев ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп – 1,0 млрд.  теңге, Қазталов ауданы Қазталов ауылында 600 орындық мектеп – 1,2 млрд. теңге, Орал қаласы №51 мектеп – 1,0 млрд. теңге).

Облыс әкімдігімен 900 орынға арналған №52 және 300 орынға арналған №33 мектептің құры-лысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп,  ҚР Білім және ғылым министрлігіне құрылыс бастауға қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолданды.

Қосымша бес  мектептің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталуда (Орал қаласындағы 400 орындық №31 мектеп, 900 орындық №53 мектеп, 300 орындық №18 мектеп, 600 орындық эстетикалық бағыттағы гимназия, Ақжайық ауданының  Атамекен ауылында 108 орындық мектеп, Қазталов ауданының Сарықұдық ауылында 60 орындық мектеп).

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен үш мектептің күрделі жөндеуіне қаржы бөлінді (Ақжайық ауданының Чапаев ауылындағы №1 орта мектеп, Тасқала ауданының Тасқала ауылындағы С. Жақсығұлов және Қ. Сәтпаев атындағы жалпы орта мектептері), сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен екі  мектеп күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті (Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №5 орта мектебі, Теректі ауданының Ақсуат  орта  мектебі).

Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады. Бұл мектептерде күрделі жөндеу аяқталғанға дейін оқу процесі осы ауылдағы білім беру мекемелерінде жүргізіледі.

«Мектепке  жол» қалай  өтуде?

Биылғы жылы «Мектепке жол» акциясының  10 тамыздағы жағдайы бойынша әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасының  4 693 балаларына 28 млн. 634 мың теңгеге, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 2 354 балаға 13 млн. 829 мың теңгеге қаржылай және материалдық көмек  көрсетілді.

Сонымен қатар акция шегінде «Тәуекел тобындағы», тәрбиесі «қиын» мектеп жасындағы балалардың білім алуға құқығын қамтамасыз ету, олардың қараусыздығы мен қадағалаусыз қалуының алдын алу және оқумен қамтылмай қалған балаларды анықтау мақсатында білім саласы, ішкі істер бөлімі қызметкерлері, балалардың құқықтарын қорғау құрылымдары, ата-аналар қоғамы, үкіметтік емес ұйымдар  және  БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтік  іс-шаралар  жүргізілді.

Сондай-ақ брифингте әдеттегідей  аз қамтылған отбасының балалары мен 1-4 сынып оқушыларының тегін ыстық тамақпен қамтылатындығы жөнінде айтылды. Оқушыларды тамақтандыруға қатысты жиі талқыланып жүрген карта жүйесіне көшу туралы қанатқақты жоба, балалардың сөмкесінің ауырлығы, оқулықтардың электронды нұсқасын қолдану туралы жиі айтылғанымен, іс жүзінде орындалмай жүргені де журналистер назарынан тыс қалмады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Базарғалиқызы аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп  жатқандығын  жеткізді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар