15.08.2019, 19:11
Қараулар: 286
Жаңа бірінші орынбасар

Жаңа бірінші орынбасар

Осы  аптаның  сәрсенбісінде  «Nur Otan» партиясының  Батыс Қазақстан  облыстық  филиалы саяси  кеңесі  бюросының  жиыны  өтті.  Бұл  жиынға  облыс  әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық  филиалының  төрағасы  Ғали  Есқалиев  төрағалық  етті.

Күн тәртібіне «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің  зейнеткерлік жасқа толуына байланысты осы қызметке жаңа лауазым иесін тағайындау жөнінде мәселе қойылды. Алдымен өңір басшысы 2014 жылдың ақпан айынан бастап, облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Серік Сүлейменнің партиялық жұмысты жүйелі жүргізгендігін атап өтті. Мемлекеттік қызмет саласында 30 жыл еңбек өтілі бар әрі біраз басшылық қызметті абыроймен атқарған Серік Кенжебекұлы  «Балаларға арналған тегін ІТ сыныбы», «Бизнестің геоақпараттық онлайн-сервисі», «Білім тарату орталықтары», «Engish for jastar», «Мектеп асханаларын жаңғырту», «Бірыңғай онлайн кітапханалар», «Мектептегі спорт алаңдары» сықылды партиялық жаңа жобалардың сәтті жүзеге асуына ұйытқы бола білді. «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» секілді әлеуметтік жобалардың орындалуына да облыстық филиалдың ықпалы зор болды. Сонымен қатар партияның қоғамдық қабылдау жұмысына жіті көңіл бөлінді. Партия филиалының осы бағыттағы жұмысы 2015 жылы республикалық «Үздік қоғамдық қабылдау» конкурсында жеңімпаз ретінде танылды. Ал «Батысэнергоресурсы», «Ақсайгазсервис» мекемелерінің бастауыш партия ұйымдары республикалық «Үздік бастауыш партия ұйымдары» конкурсында бірінші және екінші орындардан көрінді. 2015 және 2019 жылғы ҚР Президентін сайлау, 2016 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде С. Сүлеймен облыстық штабтың жетекшісі ретінде айтулы ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен сенім биігінен көріне білді. Міне, партиялық жұмыс саласындағы Серік Кенжебекұлының осындай қадау-қадау жетістіктерін атай келе,  – Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойған міндет-мақсаттарды орындау жолындағы қажырлы еңбегіңіз үшін сізге ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Сонан соң облыс әкімі бюро мүшелерінің назарына «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарлығына Мұқаев Мұрат Рахметұлын ұсынатындығын айтты. Бұл ұсыныс бірауыздан мақұлданды.

Жиын соңында Ғали Есқалиев «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының алдында тұрған жаңа  міндеттерге  тоқталды.

Өз  тілшіміз

Мұрат  Рахметұлы  МҰҚАЕВ 1969  жылы  туған. Екі  жоғары  білімі бар (бухгалтерлік есеп, экономист, заңгер мамандығы бойынша).

Еңбек  жолын  1992  жылы  аудандық  деңгейде  салық  инспекциясының есепке алу жөніндегі инспекторы болып бастады.

1994-1997 жылдары банк саласында жұмыс істеді.

1997-2011 жылдары Батыс  Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша кеден саласында қызмет атқарған.

2011-2013  жылдары Орал қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, 2013-2016 жылдары  Жәнібек, ал 2016-2017 жылдары Теректі аудандарының әкімі лауазымы қызметінде болды.

2017-2019  жылдары  Орал  қаласының әкімі  болып  қызмет  атқарды.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар