15.08.2019, 19:07
Қараулар: 537
Темірден түйін түйген

Темірден түйін түйген

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекерге айтылмаса керек. Шежін-2 ауылындағы шебер Рафхат Байтуковтың қолымен жасалған  небір кереметтерді көрсеңіз, «Япырмау, бұл не деген дүниелер!» деп еріксіз таң-тамаша қаларыңыз сөзсіз.

Рафхаттың мамандығы – дәнекерлеуші. Бір-бірімен үндесіп жатқан темірден жасалған дүниелердің «өз айтары» бар. Ешкімнің қолқалауымен емес, өзінің өн бойындағы бұлқынған өнері адам қиялы жете бермес нәрселерді жасауға ұйытқы болған. Үйінің жанынан балаларға арнап шағын саябақ жасап қойған. Ұшар басында самұрық құс бейнеленген шарға көзің түскенде «Қазақ елінің мәңгілік бейнесі осы болар» деп ой түйесің. Себебі самұрық – қазақ мифологиясында екі дүниенің арасына дәнекер құс. Самұрық өлгеннен кейін де қайта тіріле алады.

Ал домбыра ескерткішіндегі ұлттық аспаптың бір шетінде уық бейнеленген. Төменгі жағына жерлес ақын Қадыр Мырза Әлидің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген жыр жолдары ойып жазылыпты. Темірден соғылған сан алуан жұмыстардың арасынан сыңар туфли назарымызды аударды. Бақсақ, оның тарихы қызық екен.

1990 жылдары Рафхат мұғалім болып жұмыс істейтін зайыбының туфлиінің бір сыңарын байқамай сөмкесіне салып алады. Жолда көлік ішінде сөмкесін ұмыт қалдырғанда сыңар туфли де жоғалып кетеді. Кейін мұны естіп, кейіген келіншегіне «Ертең саған темірден туфли жасап беремін» деп әзілдеген екен. Рафхат сол уәдесінде тұрыпты. Саябақтың бір бөлігінде сол бір күлкілі сәтті еске салып сыңар аяқ киім тұр.

Әдемі әрі ыңғайлы әткеншекті ол кіші қызымен құрдас көршінің мүмкіндігі шектеулі қызына арнайы ор-натқан. «Балалар ойнап жүреді. Ал ол үнемі үйде. Сол көрші қызға жақсы болсын деп жасадым» – деп ағынан жарылды шебер. Өзгеге жақсылық жасау жаныңды елжіретеді. Әрі сәбидің, оның ата-анасының қуанғанын көру қандай бақыт десеңізші! Негізінен, үйлердің айналасын қоршауға темір шарбақ жасайтын шебердің бос уақытында темірден түйін түйетін өнерін ауылдастары ерекше қадірлейді.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Тасқала ауданы