15.08.2019, 19:05
Қараулар: 423
«Ренни» бүлдіршінді тауып берді

«Ренни» бүлдіршінді тауып берді

Оралда тәртіп сақшылары қызметтік иттің көмегімен жоғалған баланы тапты. Ит үш жасар қыздың ізіне түсу үшін бірнеше үйді аралап шыққан.

Орал қаласының тұрғыны 13 тамыз күні сағат 19:30 шамасында әскери бөлімдердің кезекші аға лейтенанты Данияр Наурызғалиевке жүгініп, үйдің жанында ойнап жүрген баласын таба алмай қалғанын айтты. Хабарлағанға дейін әйел қызын өзі іздестіріп көрген.

Іздеу бағыты жайында бірден барлық қызмет күші мен патрульдік топтарға  хабарланды. Патруль бастығы Айбек Шаяхметов, қатардағы жауынгер Бағлан Көпжасаров және кинолог маман, кіші сержант Ерғали Ернар сол кезде бала жоғалған теміржол вокзалының аумағында қызметте  жүрген.

Қыздың анасы итті үйретушіге баланың қалпағын жеткізді. Иіс алған соң, Ренни атты ит Кердері көшесі бойымен теміржол вокзалына қарай тартты. 15 минуттан кейін жылап отырған бүлдіршін үйден екі шақырым жерде, вокзал маңында табылды. Үш жасар қыз үйге аман жеткізілді.

Қоғамдық тәртіпті сақтау және әскери міндеттерді құлшыныспен атқару міндеттерін орындауда қырағылық танытқан әскери қызметкерлер 5517-әскери бөлім командирінің марапатына ие болды.

Ұлттық ұлан сарбаздары із-түзсіз жоғалған адамдарды бірінші рет тауып отырған жоқ. Мысалы, 28 ақпанда және 6 сәуірде Жаңаөзен мен Оралда күзетшілер жоғалған екі қызды ата-анасына аман табыстады.

ҚР  Ұлттық  ұланы  «Батыс»  ӨҚ  баспасөз  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар