15.08.2019, 19:04
Қараулар: 419
Әріптес ағаның жаңа кітабы

Әріптес ағаның жаңа кітабы

Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада журналистика ардагері, Алашорда тарихына қатысты бірнеше кітаптың авторы Амантай Боранқұловты еске алу кеші өтті.

Шарада қаламгер шығармашылығына арналып кітап көрмесі ұйымдастырылып, журналист өмірбаянын арқау еткен шағын фильм көрсетілді. Дөңгелек үстелде бас қосқан қаламдас аға-інілері, әріптестері, тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар, тума-туысқандары мен ұрпағы өз естеліктерімен бөлісті. Басқосуда Орал қаласындағы «Полиграфсервис» баспаханасында жарық көрген «Азаттық жолындағы азапты өмір» атты кітабы таныстырылды. Жаңа жинақ Амантай Боранқұловтың зайыбы Күләш Тапалова мен қыздарының қолдауымен жарыққа шығып отыр.

Тарихи-танымдық кітап қазақтың алғашқы жоғары білімді заңгері, Алашорда үкіметін құрушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Жаһанша Досмұхамедовке арналған. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне жинақтың шығуына ғылыми кеңесші болған, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай мен Алматыдан келген профессор, экономика ғылымдарының докторы Меңдеш Исқалиев және Амантай ағамыздың қызы Жанат Боранқұлова, Сәулет есімді қызы мен Лондонда шаңырақ көтерген күйеу баласы Дэвид Арнольд қатысып, қалыптасқан дәстүрге сай қайшымен лента қиды.

– Дүниеден өткен адамның артында жоқтаушылар болса, ол мәңгі өмір сүреді. Марқұмның басына қойылған белгі уақыт өте мүжіліп тозуы мүмкін. Ал ескірмейтін, мәңгі жасайтын белгі – кітап. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып, әке даңқын асқақтатып отырады. Алашорда тарихына қатысты,  Сырым баба тарихына байланысты Амантаймен біраз пікірлескенбіз. Себебі Қаратөбе мен Сырым – бұрыннан бір, шекаралас, қоңсы жатқан егіз аудан. Амантайдың қаламы өте жүйрік еді. Журналистика – жауапкершілігі зор сала ғой. Осы салада жүріп-ақ қайраткерлік танытып, Алашорда тарихына қатысты ғылыми ортада пікірін айтудан, еңбек жазудан талмады. Еңбекқор қасиетін – елге деген сүйіспеншілік, азаматтық өнегесі деп білемін, – деді Жайсаң Ақбай.

– Амантай Боранқұлов аудандық және облыстық басылымдарда жауапты қызметтер атқарды. «Орал өңірі» газеті редакциясында 5-6 жыл еңбек етті. Ағамыз өзіне қатаң талап қоятын. Өзі көтерген мәселелерді тиянақты етіп жазатын. Және әріптестерінен де ісін жауап-кершілікпен атқаруды талап ететін. Менің ойымша, 1996-2001 жылдары Сырым аудандық архивінде қызмет еткен кезінде Күнбатыс Алашорда тарихына назар аудара бастады. Тарих ақтаңдағын зерттеу – Амантай Әбузарұлының азаматтық бастамасы. «Орнында бар оңалар» дегендей, әке аманатына, әке өсиетіне адалдық танытқан Амантай ағаның перзенттеріне ризамыз, – деді шарада сөз алған «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Меңдеш Исқалиевтің сөзінше, ардақты азаматпен ғалым ретінде әріптестік және бажа ретінде туыстық қатынасы берік болып, екі азамат ағалы-інідей сыйласқан. Ол Батыс өңірінде репрессия құрбаны болған тарихи тұлғалар туралы терең зерттеу әлі де қажет екенін айтты. «Азаттық жолындағы азапты өмір» кітабы – деректі жинақ тұрғысынан маңызы зор сүбелі еңбек.  Облыстық педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта дарялау институтын ұзақ жыл басқарған, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Өтебай Құспанов «Ұстаз» газетіне редакторлық еткен Амантай Әбузарұлы облыстық басылым арқылы мұғалімдер тәжірибесінің өзге өңірлерге де тарауына ықпал жасағанын  тілге тиек етті.

Ал Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова Алашорда тарихын бетбұрыс жасауға Амантай Әбузарұлы жетекшілік жасағанын әңгімеледі.

Басқосуда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров «Азаттық жолындағы азапты өмір» атты кітабы магистратурада оқып жатқан жастар үшін тың дерек көзі екенін айтты.

Автордың әлі жарияланбаған қолжазбалары мен тапқан құжаттары болса, архив пен музей мекемелеріне тапсырып, арнайы қорға енгізуді  ұсынды.

– Облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында қызмет еткен кезімде, ауданнан Амантай Боранқұлов жолдаған материал шымырлығынан, жазу стилінен көп әріптестен мойны озық екенін байқайтынбыз. Мәдениетті, сыпайы, артық сөзге жоқ, киіміне шаң жуытпайтын кірпияз, бипаз, сері жігіт болды, – деді ақын Айтқали  Нәріков.

Еске алу кешінде абзал азаматты тәрбиелеген асқар тау әкесі Әбузар Боранқұлов туралы біраз естелік айтылды. Қаратөбе ауданында ұстаздық еткен Әбузар Боранқұлов кеңестік кезеңдегі солақай саясаттан, репрессия салқынынан теперіш көрген. Өзінің сауаттылығы, көзі ашықтығы арқасында басын қатерден арашалап қалыпты. Баласы Амантай Боранқұловтың қуғын-сүргін құрбандарының  тағдырын зерттеуіне де осы жайт себеп болғанын айтты шараға қатысушылар. Басқосуда Лондондағы «Флюр» компаниясында бөлім басшысы болып қызмет ететін Дэвид Арнольд қайын атасының  журналистік әрі ғалымдық қырын мақтан тұтатынын айтты. Шара соңында азаматтың асыл жары Күләш Тапалқызы сөз алып, еске алу кешін ұйымдастыруға ықпал еткен «Жайық Пресс» медиахолдингі мен «Орал өңірі» газеті редакциясының басшылығына  алғыс айтты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар