12.08.2019, 22:09
Қараулар: 295
Жайықтағы «жанталас»

Жайықтағы «жанталас»

Футболдан  бірінші  топ  командалары  арасындағы ел біріншілігі қыза түсті. Жасыл алаңда әр ұпай сайын жан алып, жан беріскен тартысты ойындар  өтуде. Көштің соңындағы командалар артта қалғысы келмей, жанталасса, көшбасшылар өздерін өкшелегендерден ұзай түсуді көксейді.

Біріншіліктің 16-шы туры қос мықтыны, яғни “Ақжайық” пен “Қызылжар” командаларын тоғыстырды. Алдына үлкен мақсат қойған қос ұжымның текетіресі ешкімді бей-жай қалдырмады. Сондықтан болар, жанкүйер қауым бұл матчқа “Жайықтағы жанталас” деген атау берді. Бұған дейін біздің жігіттерге өз алаңында өткен ойында есе жіберген қызылжарлықтар Оралға үш ұпай үшін келген-ді. Сол себепті де қонақтардың бас бапкері Әли Әлиев Момоду Сисей, Олег Грубов, Павел Кривенец, Әлібек Қасым, Руслан Жанұзақов, Алдан Балтаев, Бақдәулет Қожабаев сияқты сенімді жігіттерін алаңға шығарды.

Өз жанкүйерлерінің алдында есе жібергенді ар санайтын Артур Авакянц та жасыл алаңға кілең мықтыларын қоя берді. Қорғанысты Бауыржан Омаров, Руслан Хайыров, Сергей Басов, Владимир Покатилов төрттігіне тапсырса,  жартылай қорғанысты Мелло Джакомо мен Әділет Болатов, Ерболат Рүстемов пен Наурызбек Жагоровқа жүктеді. Ал  шабуылға Дәуренбек Тәжімбетов  шықты.

Өліспей беріспеуге бекінген қос тарап бірден шабуылға кірісті. Бірде тамаша шабуылды қорғаушылар тоқтатса, енді бірде қақпашылар шеберлік танытып, командасын құтқарумен болды. «Қызылжардың»  қақпасын күзеткен Олег Грубов та, “Ақжайықтың” қақпашысы Илья Караваев та барын салып бақты. 90 минут бойы алма-кезек толассыз шабуылдаған қос команданың кездесуі есеп ашылмаған күйі итжығыспен тәмамдалды.

Енді “Ақжайық” келесі кездесуді 17 тамыз күні шымкенттік «Қыранға» қарсы өткізеді. Біздің  команда өз алаңына 24 тамызда оралып, осы күні “Екібастұзды” қабылдайды. П. Атоян атындағы  стадионда өтетін бұл матчтың сағат  нешеде  басталатындығы  жанкүйер қауымға  жергілікті  БАҚ арқылы  қосымша хабарланады.

Қазіргі таңда 30 ұпай қанжығалаған «Ақжайық» турнир кестесінің төртінші  сатысына  жайғасты.

Түгелбай  БИСЕН,

«Ақжайық»  футбол клубының  баспасөз хатшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар