12.08.2019, 22:03
Қараулар: 127
Авиация саласының сайыпқыраны

Авиация саласының сайыпқыраны

Еліміздің әуе шекарасын қызғыштай қорғап жүрген қаратөбелік әскери ұшқыш, подполковник Нұртай Амантаев – талай дарындар түлеп ұшқан Мұхит ауылының тастүлегі. Әскери ұшақты тізгіндеу бүгінгі кейіпкеріміздің бала күнгі арманы екен.

– Менің әскери адам болғанымды алдымен әкем қалады. Өзім де тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін салаға қатты қызықтым. Өмірлік еңбек жолымды түбегейлі таңдауыма мектептегі алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Жарылқаған Бүркітовтің септігі мол болды, – дейді Нұртай.

Амантай Сәндібеков ағамыздың шаңырағындағы 6 баланың тұңғышы Нұртай 1996 жылы Б. Қаратаев атындағы орта мектепті үздік тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т. Бигелдинов атындағы жоғары әскери авиациялық училищеге түсіп, 2000 жылы әуе навигациясын меңгеру мамандығы бойынша қызыл диплом алады.

Әуелкіде өзі дәріс алған оқу орнында бірер жыл авиациялық жаттығу полкінде ұшқыш-нұсқаушы ретінде «АН-26» ұшағын тізгіндеген. Содан соң 2002-2013 жылдары Қарағандыдағы №50185 әскери бөлімінде ұшқыш штурман болудан бастаған әскери маманның қызметі сатылай өсіп, авиациялық эскадрильяның штаб бастығы қызметін атқарыпты. Әскери салаға келу үшін сарбаздың денсаулығы мықты болуымен қатар терең білім де керек. Авиация саласының нағыз сайыпқыраны атанып, елі үшін еселі еңбек етуді көздеген Нұртай Амантайұлы 2013-2015 жылдары Ресейдің Воронеж қаласындағы әскери әуе академиясына оқуға түседі. Оқуын алтын медальмен аяқтап, әскери магистр атағын алып шығады. Қазіргі уақытта 3-сыныпты ұшқыш атанған жерлесіміз «АН-26, «АН-12», «МиГ-31», «МиГ-31Б» ұшақтарының құлағында ойнайды. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшатын аппараттарды басқаруды да жақсы  меңгерген.

– Еліміздің әуе кеңістігінде жоғарыда аталған ұшақтармен 500 сағат самғаған екенмін. Азаматтық авиацияға қарағанда әскери ұшақтар жылдамдық пен дәлдік жөнінен көш ілгері.

2005 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әскери әуе шеруіне қатысып, «МиГ-31» ұшағын тізгіндедім. Біраз жыл жауынгерлік кезекшілікке түсіп, мемлекетіміздің әуе шекарасын қорғау қызметінде болдым, –  дейді Нұртай Амантаев.

Әскери авиацияның білгірі, көк жүзінің құзар биіктігін бағындырған подполковник Нұртай Амантаев қазіргі таңда Тараз қаласындағы №14157 әскери бөлімде штаб бастығы қызметінде. Мақсатқа деген құлшынысы мен жауынгерлік мінезі біте қайнасқан Нұртайдың сіңірген еңбегі де елеусіз қалған емес. Ол «ҚР Қарулы Күштеріне сіңірген ерен еңбегі үшін» және он шақты мерейтойлық медальмен марапатталды. Ел тыныштығын көк аспанымыздан бақылап, бейбіт тіршілігіміздің кепілі болып жүрген азаматтарымыз қандай  құрметке  де  лайық, әрине.

Серікбай  ХАСАНОВ,

Қаратөбе  ауданы