12.08.2019, 21:59
Қараулар: 129
Абай мектебіне күрделі жөндеу қажет

Абай мектебіне күрделі жөндеу қажет

Облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов іссапар  барысында  Сырым  аудандық  полиция  бөлімі аудан  орталығы  көшелеріне  орнатқан  камералардың жұмыс  жасау  жүйесімен  танысты.

Жол ережесін орындау, қауіпсіздік белдігін тағу сияқты мәселелерде талапты орындамаған көліктерді анық көріп отырамыз. Бізде қазір «Қауіпсіз аула мен тұрмыс» деген профилактикалық іс-шара жүріп жатыр. Профилактикалық іс-шара аясында қоғамдық орындарда заңбұзушылықтың орын алмауын қадағалаудамыз. Бейнекамера 360 градусқа дейін бұрылып, 50 шақырымға дейін жан-жағын түгел көрсете алады. Өте таза, анық көрсетеді. Қатты желде қорқыныш жоқ, радиокөпір арқылы жұмыс жасайды. Кезекші күнде мониторинг жасайды, – деді бейнебақылау камераларының жұмысы туралы Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақытберген  Өтеев.

«Камералардың бәрін қарап отыруға компьютердің күші жете ме?» деген Ғабидолла Абдоллаұлының сұрағына Бақытберген Қазмолдаұлы «Жетеді» деп жауап берді.

– Бейнебақылау камералары қылмыстың ашылуына септігін тигізеді, заңға қайшы әрекеттердің алдын алады, тұрғындарды тәртіпке шақырады, қаншама полиция қызметкерінің уақытын үнемдейді, патрульдік полиция жүретін орындарда бейнебақылау камерасы бар, бір полиция қызметкері бірнеше бейнекамераны бақылап отыра алады. Осы жүйеге көшкендеріңіз өте жақсы болды. Аудандағы, облыстағы құқық пен тәртіптің сақталуына сеп болады. Мұндай бейнебақылау камераларын алдағы уақытта көбейту керек, – деді  Ғ. Оспанқұлов.

Содан кейін облыс әкімінің  орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің 15 жылдығына орай аудан орталығында ашылатын коворкингтің жөндеу жұмыстарымен таныс болды. «Сырым» таксиі орналасқан ғимараттың бірінші қабаты жастарға арналған коворкинг орталығына бейімделу үстінде. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат болашақ коворкингтің құрылыс жоспарын түсіндірді. Оның мәлімдеуінше, әкімшілік бөлім, кофе-брейк, жастар қызмет көрсету орталығы, студиясы, «Адалдық алаңының» кеңсе-бөлмесі болады. Ресурстық орталықтың кеңесші мамандары арнайы курстан өтіп, дайындалып, жастарға қызмет көрсетеді.

Шағырлой ауылындағы Абай орта мектебі – күрделі жөндеуді аса қажет етіп тұрған мектептердің бірі. Облыс әкімінің орынбасары сол мектепті де арнайы барып, көрді.

Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Дайыр Сапаров мектептің жағдайымен таныстырды. Мектептің терезелерінің де, еденінің де тозығы жеткен.

Акт залының төбесі құлау қаупінде тұр. Жауынды күндері төбеден су ағады. Асхана құрал-жабдықтарының бәрі де ескі, едендерінің кафельдері алынып қалған. Ағымдағы жөндеудің, күтіп ұстаудың күшімен тұрған мектеп бүгінде 80% ағымдағы жөндеуден өтіп тұр.

Шынар  МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым  ауданы