12.08.2019, 21:58
Қараулар: 436
Ақ Жайықта 150 үй салынбақ

Ақ Жайықта 150 үй салынбақ

Құрылысшылар  күніне  орай  Х. Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында  салтанатты  шара  өтті. Жиында  облыс  әкімінің  міндетін  атқарушы  Бағдат  Азбаев  құрылысшыларды  құттықтады.

Өткен  жылдың қорытындысы бойынша 432,2 мың шаршы метр тұрғынжай қолданысқа берілді. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында тұрғын үй құрылысын және инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен 16 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 17 көп қабатты және аудандардағы 139 баспана құрылысына 13 млрд. теңге, 17 инженерліккоммуникациялық желі нысанын дамытуға 2 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалуда. 2019 жылы дарынды балаларға арналған 100 орындық интернаты бар спорт колледжінің құрылысы аяқталады. Қазіргі кезде сегіз ауданда 29 сумен қамту нысаны салынуда. 2016 жылы ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту 36 пайыз болса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 50,6 пайызға немесе 219 елді мекенге жетпек. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша төрт білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның біреуі пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда облыс бойынша 1 мың шақырымнан астам аутожол салынып, жаңғыртылды. Биыл Қазталов – Жәнібек – Өнеге – Бисен – Сайқын бағытындағы республикалық маңызы бар аутожолды күрделі жөндеу басталды. Президент тапсырмасына сәйкес оңтүстік аудандарға қатынайтын жолды асфальттауды 2021 жылы тәмамдаймыз, – деді Бағдат Азбаев.

Орал қаласының аумағында бой көтеретін Ақжайық шағынауданының көлемі 425 гектарды құрамақ. Жоспарға сай шағынауданда 150 көп қабатты тұрғын үй және жалпы білім беретін 8 мектеп, мектепке дейінгі 9 ұйым ғимараты салынбақ. 78 балалар ойыны алаңы қарастырылған. Қазіргі уақытта шағынауданға электр, су және кәріз желілері тартылған.

Шарада «Уральскводстрой» АҚ-ның бірінші вице-президенті Теңгіз Тедеев және өндірістік-техникалық бөлімінің жетекшісі Фатима Качмазова «Еңбек ардагері» медалімен, «СКФ Отделстрой» ЖШС-ның сырлаушысы Жаңғақ Айболатова, «Жаңа консалтинг ЛТД» ЖШС-ның техникалық қадағалау бойынша инженердің көмекшісі Сағидолла Әміров, «Жаңғырту 2012» ЖШС-ның инженері Сағынғали Имашев, «Westkaros» ЖШС-ның бас инженері Александр Рукин «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды. Бір топ құрылыс маманы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен облыс әкімдігі және Қазақстанның Құрылысшылар одағы атынан алғысхатқа ие болды. Сонымен қатар Құрылысшылар күніне байланысты Орал қаласы әкімдігі ұйымдастырған кәсіби шеберлік аумақтық байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай  сыйлық  табысталды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар