12.08.2019, 21:52
Қараулар: 124
Қос мәселе кеңінен талқыланды

Қос мәселе кеңінен талқыланды

«Ақжайық  –  адалдық алаңы»  жобалық  кеңсесінде  облыс  аумағындағы  бруцеллез  ауруы  бойынша  эпизоотиялық  ахуал  және  мектепке  дейінгі  мекемелердегі «Garden»  электронды  кезек  мәселелері  талқыланды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының  (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет аталмыш мәселелерді ортаға салды. Оның сөзінше, ауылдарды аралау барысында тұрғындар тарапынан бруцеллезге қарсы жүргізілген талдаудың оң нәтижелері анықталған ірі қара малға қатысты шағымдар жиі түседі. «Мәселен, бір жылда екі рет ірі қара малдан бруцеллезге қан алынады. Қорытындысы бойынша көбінесе бұл аурудың бар екені анықталады. Ережеге сәйкес, ауру малды  ет комбинаттарына термоөңдеуге өткізу керек. Сол кезде ауру малды ең төмен бағамен сатып алуды ұсынатын пысық кәсіпкер пайда болады. Нәтижесінде тұрғындар ұтылып, іскер кәсіпкер пайда табады. Осы жерде «Ветеринар мен кәсіпкер арасында сөз байласушылық бар ма?» деген  күдік туындайды», – дейді Нұрдәулет Ілиясұлы. Сондықтан да бруцеллезге шалдыққан малды анықтау барысындағы іс-шаралардың  қарапайым халыққа ашық та түсінікті болу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ауылдағы ағайын арасында «мұндай мәселеге көбінесе ветеринарлық қызметте таныстары жоқ адамдар кез болады» деген де шағым айтуда екен. Ал бұл экономикалық және әлеуметтік те тәуекелдің бар екенін жоққа шығармайды. Аталмыш мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Ташимов жауап берді.

– Жыл сайын Ауыл шаруашылығы министрлігінде бекітілетін жоспарға сәйкес, қолдағы барлық бір жастан асқан ірі қара мал жылына екі рет бруцеллез ауруына қарсы тексерілуге міндетті. Көктемде және күзде  жекенің не шаруашылықтың болсын малынан қан алыну керек. Көпшілік арасында «ветеринар мен ет өңдеу кәсіпорнының арасында сыбайластық бар» деген сөздер де естілетіні рас. Алайда бұлай болу мүмкін емес. Мысалы, малдан қан алатын ветеринар ол  қанды зертханаға жеткізуші ғана. Ал зертханаға тапсырылған қанмен екі маман жұмыс істейді. Қан үлгісін қабылдап алған маман малдың иесі кім екенін, қандай мал екенін біледі. Бірақ қанды зерттеп отырған серолог маман кімнің малының қаны екенін көре алмайды. Өйткені қан құйылған сынама шифрмен тапсырылады. «Қанды дұрыс тексермейді» деген уәж айтуға да негіз жоқ, – дейді Қазбек Қазиханұлы. Маманның  сөзінше,  малдың қаны бір емес, үш түтікке құйылып, бірнеше рет зерттеледі. Қан үлгісін алған адам ветеринарға зерттеу қорытындысын ғана тапсырады. Тағы бір айтатын жағдай – қан үлгісін қабылдап алған маман зертханаға тапсырылатын қан сынамасы  құйылған түтіктегі бітеменің (пломба) бұзылмағанын мұқият тексереді. Өйткені малдың қаны иесінің көзінше алынып, сол қан сынамалары бір рет пайдаланылатын түтікке құйылып, пломбаланады. Сонымен қатар ветеринар мамандар қан зерттеу орнында бейнебақылау да жан-жақты жұмыс істейтінін атап өтті.

Мал иесі қан тапсыру нәтижесімен келіспеген жағдайда шағымдануға құқығы бар. Бірақ бұл жағдайда ол малдан қайтадан қан алынбайды. Өйткені оң нәтиже берген барлық сынама зертханада сақталып тұрады. Сол зертханадағы қан үлгілеріне қайтадан реакция қойылып, тексеріледі. Ал мал иесі бұлай зерттеуге де  келіспесе, онда Елордадағы ветеринария бойынша ұлттық референттік  орталықта ақылы тексерте алады.

Айта кету керек, мал иесі бруцеллезге қарсы екпе қолданатыны жөнінде ветеринар маманға жеті күн бұрын ескертуі қажет. Сосын мал міндетті түрде ветеринар маманның қатысуымен егілуі керек. Тиісті акт жасалып, ветеринар егілген малды қан алу жоспарына сәйкестендіреді. Себебі кейбір екпені қолданғаннан кейін алты айға дейін қан алуға болмайды. Сала мамандары мемлекеттен мұндай екпеге қаражат бөлінбегендіктен, бұл тұрғындардың өз қалауымен жүргізіледі. Бюджет қаражаты тек сібір жарасы, құтырма, пастереллез сияқты аса қауіпті  ауруларға  бөлінеді.

«Ауру»  малдан қалай  құтылу  керек?

Ветеринар мамандар қан зерттеуінен оң нәтиже шыққан малдан  «құтылу» керек дейді. Бұл мал 15 күн ішінде арнайы мал сойып, ет өңдейтін орындарға тапсырылуы шарт. «Ауру» малды  ауылдардағы мал соятын орындарға  союға мүлдем болмайды. Қазір облыс бойынша мұндай малды Орал қаласында, Бәйтерек, Жаңақала және Шыңғырлау аудандарында ғана союға рұқсат. Ауруға шалдыққан мал ет өңдеу орындарына тегін жеткізіледі. Ол үшін 2014 жылы барлық ауданға арнайы «КамАЗ» аутокөлігі берілген екен. «Тұрғындар тарапынан «малды  бруцеллез ауруына өтірік шығарады»  деген  де әңгіме естіліп жүр. Алайда бұған  келіспеймін. Өйткені бруцеллезбен ауыратын тұрғындар бар. Мәселен, 2017 жылы 77 адам, 2018 жылы  51, ал биылғы алты айда 23 адам бруцеллезге шалдыққан. Ал малы мұндай дертке шалдықпаса, оның иесі де ауырмайды ғой», – дейді   Қазбек  Қазиханұлы.

Ветеринар маманның айтуынша, жергілікті атқарушы құрылымдар мұндай малды тапсыратын орындарды белгілеп, яғни бір ет өңдеу кәсіпорнымен меморандумға отырады. Малды сол ет өңдеу кәсіпорнына  апаруға жететіндей жанар-жағармай қарастырады. Егер мал иесі малын бекітілген орыннан басқа аудандағы ет өңдеу комбинатына апаратын болса, өз қаражатын пайдаланады.  Және бір айтпағымыз, ет комбинаттарында көктем айларында мал арық болған кезде еттің келісі 1 050 теңгеден  қабылданған. Қазір 1200-1250 теңгеден қабылдауда. Барлық ет өңдеу кәсіпорындарында ет бағасы бірдей. Ветеринар мамандардың айтуынша, арнайы мал сою орындарында сойылғаннан кейін мал етінде 12 сағаттан кейін патологиялық өзгерістер болмаса, оны шектеусіз пайдалануға жіберіледі. Яғни 12 сағаттан кейін бруцеллездің қоздырғыштары өледі екен. Ет өңдеу кәсіпорындары жеке кәсіпкер ретінде бұл сойылған малдың етін басқа кәсіпкерлерге сата алады. Етті мал иесінің де алып кетуіне құқығы бар. Бірақ етте патологиялық өзгерістер болған жағдайда ол ет міндетті түрде арнайы өңдеуге, яғни шұжық, консерві жасауға тапсырылады.  Нұрдәулет Ілиясұлы ветеринар мамандардың мал иелеріне бұл бағыттағы заңнамаларды барынша түсіндіріп, сұрақтарына  тұшымды  жауап  берулерін  тапсырды.

«Garden» электронды  кезегі

Жобалық кеңседе «Garden»  электронды кезек мәселесі де сөз болды. Нұрдәулет Саметтің айтуынша, бұл мәселені көтеруге департаментке «Батыс Қазақстан облысының  жеке білім ұйымдарының  қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Қайдар Қапановтың шағымы себеп болған. Ол шағымында баланы Орал қаласындағы балабақшаларға электронды түрде орналастыру тәртібіндегі қиындықтар жөнінде айтқан. Шағым берушінің сөзінше, ата-аналар балаларын мемлекеттік және жеке балабақшаларға «Garden» электронды кезек жүйесі арқылы орналастыруда қиындықтар көруде. Сондай-ақ делдалдарға 10-50 мың теңге ақысын төлесе, бұл мәселені шешуге болады деген де уәж айтқан екен. Ал бұл жағдай сыбайластықты, халықтың сенімсіздігін туғызады дейді. Нұрдәулет Самет айтып өткендей, Орал қаласындағы балабақшалардағы «Garden» электронды кезек жүйесі  2018 жылы ақпан айынан бастап күшіне енген. Ал жобаны жүзеге асыруға 15 млн. теңге қаражат бөлінген екен.

Оның сөзінше, балабақшаға кезекке тұру үшін арнайы мекенжай бойынша  garden.uralsk.gov.kz сайтына тіркелу қажет. Ата-ана баланың жеке сәйкестендіру нөмірін, электрондық пошта мекенжайын және ұялы телефон нөмірін көрсетуі тиіс. «Алайда бүгінде көптеген ата-ана  бұл электронды кезек жүйесі дұрыс жұмыс істемейтінін айтып шағымдануда. Кейбір ата-ана мектепке дейінгі мекемеге кезекке тұру үшін сайтқа таңғы сағат 5-6-дан бастап кіру қажет десе, біреулер сайттың өте баяу жұмыс істейтінін, балабақша кезегін бақылау мүмкін еместігін айтуда», – дейді Нұрдәулет Ілиясұлы. Оның сөзінше,  шағымдар, негізінен, жүйедегі техникалық  ақауларға  байланысты болып отыр.

Аталмыш мәселе бойынша алдымен қалалық білім бөлімінің  басшысы Асан Нарымбетов сөйледі. Оның сөзінше, бұл бағдарламаны Нұр-Сұлтан қаласындағы «CUSTOM  SOLUTIONS CENTER» ЖШС әзірлеген. Қазір Орал шаһарындағы 50 мемлекеттік және 50 жеке балабақша, мектеп жанындағы 30 шағын орталық  осы жүйе арқылы қызмет көрсетуде екен.  Жоғарыда аталған сайт бойынша 2018  жылдан күні бүгінге дейін 14 мың ата-анаға балабақшаға жолдама берілген болса, оның 10 300-і мемлекеттік балабақшаға жолданған. Қазір «Garden» электронды кезегінде 17 мыңға жақын бала тұр.

– Техника болғандықтан, сайттың жай жұмыс істейтін кездері болады. Бас қаладағы IT мамандар арқылы кемшіліктерді шешіп отырамыз. Біз осы мәселеге қатысты шағымдар бойынша атааналармен кездесуді көздеп отырмыз. Алайда кезекке тұру үшін атааналардың таңғы сағат  5-6-да тұрып, электронды кезек жүйесінің қосылуын күтудің қажеті жоқ.

Астана уақытымен таңғы сағат 8-де, жергілікті уақытпен сағат 7-де сайт жұмысын бастайды, – деді Асан  Маратұлы.

Мектепке дейінгі ұйымдардың Қазақстан ассоциациясының БҚО және Орал қаласы бойынша филиалының директоры Борис Лаврентьевтің айтуынша, бұл сайттың Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен жұмыс істеуі дұрыс емес.

– «Кешкі сағат бесте сайттың жұмысы тоқтайды, ал Оралда жұмыс уақыты 18.30-ға дейін жалғасады. Осының өзі бір кемшілік. Тағы бір айтатын жайт – инстаграм әлеуметтік желісінде балаларды ақшасын төлесең, мемлекеттік және жеке балабақшаға тіркеп беремін дейтіндер пайда болды.

Бұл да сыбайластықтың бір көрінісіндей. Менің ойымша, «Garden» электронды кезегі арқылы мемлекеттік және жеке балабақшаға бала қабылдау тәртібі ашық та нақты жазылу қажет, – деді Борис  Лаврентьев.

Аталмыш мәселелерді талқылау барысында білім беру саласының мамандары «Garden» сайтының еліміз бойынша толықтай іске  қосылмағанын  айтты. Олардың сөзінше, сайттың әлі де жетілдіретін тұстары бар. Әсіресе, баланы балабақшаға кезекке қоюда сайт арқылы сыбайластыққа жол бермеу  жағы  баса  айтылды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар