12.08.2019, 21:37
Қараулар: 417
Орал қаласында жаңа әкім

Орал қаласында жаңа әкім

Осыған   дейін  Орал  қаласының  әкімі қызметін атқарып  келген  Мұрат  Мұқаевтың  басқа қызметке ауысуына  байланысты  ҚР  Президенті  Әкімшілігі және  Орал қаласы  мәслихатының келісімімен  ротация бойынша  Орал  қаласының  әкімі  болып  Абат  Шыныбеков тағайындалды.

Шаһардың жаңа басшысын облыс әкімі Ғали Есқалиев қала активіне таныстырды.

Шыныбеков Абат Абайұлы  1973 жылы өмірге келген. Ол  Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығын механикаландыру, «Еуразия» Батыс Қазақстан менеджмент және тілдер институтын экономика және менеджмент, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін ақпараттық жүйелер мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының магистрі. Әр жылдары Қаратөбе ауданының әкімі аппаратында  және  облыс әкімі аппаратында түрлі лауазымды қызметтер атқарған ол  Қазталов ауданы әкімінің орынбасары  болды.

Орал қаласы әкімдігінде қызмет етіп, «Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Орал қалалық мәслихатының хатшысы,  Сырым  ауданының әкімі болып қызмет атқарды. 2017 жылдың маусым  айынан бастап Қазталов  ауданының  әкімі  болды.

Ғали Есқалиев Абат Шыныбековтың жаңа қызметіне зор табыс тілей отырып, шаһардың бұрынғы басшысы Мұрат Мұқаевтың атқарған  жұмысына ризашылығын білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

– Мұрат Рахметұлы 2017 жылдың маусым айынан бастап Орал қаласының әкімі болып  еңбек етті. Осы жылдар ішінде Мұрат Рахметұлының басқаруымен  шаһарда  бірқатар жұмыс атқарылды. Айта кетсек, 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, халық қолданысына берілді. Тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, қаланың инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүргізілді, кешенді балалар және спорт алаңдары салынды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай монумент орнатылды. Ақжайық шағынауданына инженерлік желілер тарту жұмыстары бастау алып, Меловые горки ауылы ауданындағы жеке тұрғын үйлер газбен қамтамасыз етілді. Қысқы жылыту маусымы тиісті деңгейде өткізіліп, көптеген жұмыс атқарылды. Бұл жұмыстар қала халқының ауызбіршілігінің арқасында, бір-біріне деген қолдау білдірудің нәтижесінде атқарылып келеді деп білемін. Мұрат Рахметұлы ұрпақтар сабақтастығының  мызғымастығын   сақтау үшін   қала ақсақалдарымен тығыз байланыс орнатты. Еліміздің, соның ішінде  қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін кәсіпкерлермен серіктестік қарым-қатынаста жұмыстана білді.  Жастармен де жұмысты жүйелі жүргізіп келді, – деген облыс әкімі шаһардың бұрынғы басшысы өзіне артылған  жауапты  қызметті абыройлы және адал  атқарды  деп  атап  өтті.

Бұдан соң Орал қаласының жаңа және бұрынғы басшылары да сөз алды. Абат Абайұлы өзіне артылған  сенімді ақтауға  бар күшжігерін салатынын айтса, шаһардың  бұрынғы  әкімі  өзімен   қызметтес болған азаматтар мен қала  халқына   ризашылығын білдірді. Жиында  ҰОС ардагері  Алексей Толкачев, облыс әкімінің Орал қаласы бойынша қоғамдық өкілі Вениамин Мұқатаев, ардагер-ұстаз Шалқыма Құрманалина қос азаматтың жаңа қызметтеріне сәт-тілік тілеп, бұрынғы атқарған жұмыстарына  оң  бағаларын  берді.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар