12.08.2019, 21:24
Қараулар: 137
Төлеген ТӨРЕҒАЛИЕВ, Сырым ауданының әкімі: «Жұмыссыздықты кәсіппен ғана жеңуге болады»

Төлеген ТӨРЕҒАЛИЕВ, Сырым ауданының әкімі: «Жұмыссыздықты кәсіппен ғана жеңуге болады»

– Ауданның негізгі экономикалық бағыты – ауыл шаруашылығы саласында қазіргі уақытта 600-ден астам агроқұрылым  жұмыстануда. Олардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мал басын көбейту, асылдандыру және материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға көңіл бөліп отыр. Алдағы уақытта мал басын аудан шаруашылықтарының мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуы арқылы және өз төлі есебінен көбейту жұмыстары жүргізіле береді. Сапалы ет өнімін өндіру мақсатында 2 шаруашылық  мал бордақылау  алаңын  іске  қоспақ.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға бағытталған бағдарламалар аясында біздің шаруалар 2016-2018 жылдары 2 млрд.  925 млн. теңге несие және 979,9 млн. теңге субсидия алды. Биылғы жылы оларға  110,9 млн. теңге несие, 82,9 млн. теңге демеуқаржы (субсидия) тағы берілді.

Ауыл шаруашылығы тек мал шаруашылығынан тұрмайды. Біздің ауданда кейінгі жылдары егін шаруашылығы да етек-жеңін жинап келеді. Мәселен, жыл сайын ақ бидай, күздік бидай және арпа  егетін Талдыбұлақ ауылдық округіндегі «Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 2 000 гектарға Украинадан арнайы алдырып, күнбағыстың шығымдылы-ғымен әрі гербицид сықылды тыңайтқыштарға төзімділігімен ерекшеленетін армагедон сұрпын екті. Былтырғы жылы шаруашылық 800 га күнбағыс алқабының әр гектарынан 11 центнерден өнім алса, биыл бұл меже еселенген түрде орындалады деген жоспар бар.

Осы межеден шығу үшін серіктестік көктемгі далалық жұмыстарды асқан жауапкершілікпен атқарды. Адам күшіне қоса, су жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын  жұмылдырды, тұқымның сапалысын екті, жер өңдеудің тың ғылыми әдісін қолданды. Шығым өте жақсы, шүкір, еңбек еселеп қайтатын түрі бар.

Биыл Бұлдырты ауылдық округіндегі «Ықылас» шаруа қожалығы жалпы аумағы 13 гектар бақша-сының 12 гектарына қарбыз екті.

Қарбыздың түйнектері жылыжайда өсірілді. Сондықтан да өнім мерзімінен бұрын әрі сапалы болып пісуі тиіс. Бәрі ойдағыдай болса, Бұлдырты қарбызының нарыққа қайта  оралатын  күні  алыс  емес.

Соңғы жылдары аудан орталығында жәрмеңке өткізу дәстүрге айналды. Биылғы жыл басынан бері Жымпитыда жәрмеңке 16 рет өтті. 25,4 тонна өнім сатылып, халық 10 205 750 теңгеге сауда жасады.

Жымпитыда өтетін бір жәрмеңкеде бас-сирағы, ішек-қарнымен бірге 4 малдың еті санаулы сағаттарда сатылып кетеді. 2019 жылғы жәрмеңке науқаны басталғалы 4,5 тоннаға жуық ет сатылды. Етке қоса, қаймақ-май, ірімшік пенқұрт та өтімді тауарлардың санатында.

Қазір ауыл адамдары көбі қорасында мал ұстайды. Малдың сүтін, құрт-сүзбесін, қаймақ-майын бір аптадай жинап, жәрмеңкеге әкеліп сатса, ол жанұя әжептеуір пайда табады. Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – әрбір тұрғынның өз қора-қопсысын-дағы малын және ет-сүт өнімдерін өткізуге жағдай жасау, сол арқылы тұрғындарды кәсіпкерлікке жетелеу. Жұмыссыздықты кәсіппен  ғана  жеңуге  болады.

Бүгінгі күні ауданда 20 адам «Игілік» бағдарламасымен 57,5 млн. теңге несие алып, 164 ірі қара, 10 жылқы сатып алды. Олар да жаңағыдай жолмен шаруашылықтарын табысты бизнеске айналдыруы керек. Мен үш сиырымен жанұясын асырап отырған іскер аналарды білемін.

– Төлеген Серікқалиұлы, аудан тұрғындарының асыл тұқымды мал шаруашылығына деген ынта-ықыласы ерекше екендігінен  хабардармыз…

– Ауданымызда ірі қара малын асылдандыру жұмыстарымен 18 шаруашылық айналысуда. Осы шаруашылықтардағы асыл тұқымды ірі қара саны күні бүгін 3 582 басты құрап отыр. Биылғы жылы олардың қатарына және 2 шаруашылық қосылмақ. Сондай-ақ асыл тұқымды жылқы өсірумен 2 шаруашылық айналысса, ағымдағы жылы олардың саны 4 шаруашылыққа  жететін  болады.

Әрине, асыл тұқымды мал шаруашылығы өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп үлгерді. Біріншіден, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар төлдерді тауарлы шаруашылықтарға қымбат бағаға сата бастады. Бұрын Сырым ауданы асыл тұқымды малды басқа аудан, басқа өңірлерден сатып алса, қазір аудан шаруашылықтары аудан-ның жеке секторын да, қожалығын да қамти алатындай деңгейге жетті. Мәселен, алдыңғы жылдары Жосалы және Сарой ауылдық округтеріндегі шаруашылықтар асыл тұқымды қашарларды өзіміздің аудандағы «Жібек жолы» шаруа қожалығынан сатып алды.

Осылайша, ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар саны артуда.

Ірі қара өз алдына, қазіргі таңда «Азат» және «Жақыбалы» қожалықтары алғашқылардың бірі болып ауданда асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуға кірісті.

 

– Сырым ауданындағы шаруашылықтардың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының игілігін көрудегі белсенділігі қалай?

– Біздің шаруашылықтардың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының игілігін көру белсенділігі 2018 жылмен салыстырғанда, өте жоғары. Өткен жылда 6 шаруа қожалығы күн сәулесінен қуат алатын батареяның 6 данасын орнатса, қазіргі уақытта 56 шаруа қожалығы  күн сәулесінен қуат алатын батареяның 59 данасын қондырды. Осы шаруашылықтар қазіргі уақытта 118 млн. теңге көлемінде инвестициялық демеуқаржы (инвестсубсидия) алып отыр. Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша аудан шаруашылықтары 37 дана жаңа агротехника сатып алды.

Мал ұрлығының алдын алу мақсатында 1 шаруа қожалығы малды қашықтықтан бақылауға дрон-бақташы, үш шаруа қожалы-ғы электробақташы, 9 шаруашылық 19 дана JPS-трекер орнатып, пайдалануда. Осының барлығын мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамытуға, сол арқылы ауылды көркейтуге жасаған қолдауы деп түсінуіміз керек.

– Әңгімемізді осы тұста мал ұрлығы мәселесіне қарай бұрсақ. Ауданда мал ұрлығы сая-бырсыды ма?

– Мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда, саябырсыды деп айта алмаймын. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында 15 мал ұрлығы тіркелсе, өткен жылдың алғашқы алты айында 13 мал ұрлығы тіркелген болатын. Биыл екі рет қора-қопсыдан мал ұрланса, қалған 90 пайызы еркін жайылымнан, яғни даладан ұрланып  отыр.

– Демек, малымызды бағымсыз жіберіп, ұрыларға өзіміз мүмкіндік беріп отырмыз ба?

– Дәл солай. Төрт түліктің жайылымда бағымсыз, қараусыз жүруі, иелерінің ұрланған мал туралы полиция бөліміне уақтылы хабарламауы мал ұрлығының не-гізгі себептеріне айналып отыр.

«Малыңыз неге қараусыз жүреді?» деген сауалға тұрғындар «Бақташылардың қызметі қымбат» деп жауап береді. Бақташы болу оңай емес, сол себепті олар тапшы. Сондықтан олардың өз жұмысына лайық еңбекақы талап етуі орынды. Бақташылардың еңбегінен қызғанғанмен, мал ұрланып, мал иелері бәрібір бірнеше есе шығынға батуда. Ұрлықтан сақтанған, әрі малының бабын ойлаған адам малын бағымға қосуы тиіс.

Ең өкініштісі, қараусыз жайылып жүрген ірі қара, жылқы жолкөлік оқиғаларына себепші болуда. Бұл бағытта, жоғарыда атап өткендей, заманауи мал бағу құрылғыларын пайдалануды насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта тұрғындарға жылқыға жарық шағылыстырғыш таспалар тағуды ұсынудамыз. Себебі бағасы арзан, қолжетімді. Күні бүгінге тек 110 жылқыға жарық шағылыстырғыш, яғни флиппер таспалар тағылды. Осы таспаларды ауданның өзге елді мекендеріне қарағанда, Жымпиты, Бұлан, Аралтөбе, Сарой ауылдық округтеріндегі жеке тұрғындар мен шаруашылықтар жиі қолданысқа енгізуде. Мал-жанды бірдей жол-көлік оқиғасынан сақтандыратын аталмыш қондырғыны насихаттау жұмыстары  жалғаса  береді.

– Төлеген Серікқалиұлы, көп балалы жанұялардың мәселесі күн тәртібінен түспесі анық.

Оларға Сырым ауданының басшылығы қандай қолайлы жағдай жасап бағуда? Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың арасында тұрмыс-тіршілігін түзеуге жүйелі  ұмтылатындары  бар  ма?

– Аудан бойынша көп балалы 287 отбасы болса, соның ішінде 101 отбасы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуда. Қазіргі уақытта өз кәсібін ашу мақсатында бір көп балалы отбасы грант, үш жанұя несие алып отыр. Биыл Сырым ауданының орталығы – Жымпитыда 36 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Осы жаңа үйдің 18 пәтері көп балалы жанұяларға  беріледі.

Аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын 469 отбасының 2 332 адамына атаулы әлеуметтік көмек төленіп отыр. 928 адам еңбекке қабілетті болып табылса, 469 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген. Ресми жұмыссыз тұрғындардың 23-і тұрақты, 127-сі қоғамдық, төртеуі әлеуметтік жұмыс орнына тартылса, 14 адам кәсіптік оқуға, 4 адам «Жастар тәжірибесіне» жолданды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын 69 отбасы өз жағдайын жақсарту мақсатында 66 бас ірі қара, 106 бас ұсақ мал, 3 бас жылқы сатып алды. Осы малдың бәрі далада құр жайылып жүрмеуі керек, сол жанұяға өнімімен пайда, яғни кіріс әкелуі тиіс. Отбасылар әлеуметтік көмекті табыс деп емес, жоғарыда айтқанымдай, жеке кәсіп, төл өндіріс үшін берілген мүмкіндік деп түсінсе, керім болар еді.

– Аудан жастарының кәсіпкерлікке икемі қалай? Батыл  шешім қабылдап, бизнес жолында тәуекелге барып жатқандары бар ма?

– Жастар кәсіпкерлігіне келетін болсақ, аудан бойынша «Игілік» бағдарламасымен 3 жас кәсіпкер 9,5 млн. теңге несие алып, 33 бас ірі қара сатып алды. Жастарды қолдау мақсатында биылғы жылы алғашқы рет жүзеге асырылған «Zhas Project»  жобасына ауданнан 46 топ қатысып, жан-жақты зерделенген әлеуметтік жоба жасақтаған 9 топ қатысушылары республикалық бюджеттен 1,0 млн. теңгеден грант ұтып алып, кәсіпкерлік әлеміндегі алғашқы қадамдарын бастады. Сонымен қатар 4 жас өз кәсіптерін ашу мақсатында қайтарымсыз грант ұтып алды. «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздері курсында  16  жас оқып шықты, бұған қоса «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 45 жасты оқыту жоспарланып отыр, қазіргі уақытта 28 жас оқуын бастап кетті. Олардың алдағы уақытта несие немесе грант алуға мүмкіндіктері  бар.

– Төлеген Серікқалиұлы, кәсіпкерлік дегеннен шығады, біздің ауданға кәсіпкерліктің қандай салаларын дамыту қажет деп есептейсіз?

– Сырым ауданының Самара – Шымкент бағытындағы халықаралық күрежолдың бойында орналасуы ауданымыздың кәсіпкерлік саласын дамытуға мол мүмкіндік  берері сөзсіз. Халықаралық жолдың бойындағы қызмет көрсету орындарында қазір 100-ден астам аудан тұрғыны қызмет етуде. Биылғы жылдың өзінде Самара – Шымкент халықаралық магистралінің бойынан 6 нысанның құрылысы басталды. «Жібек жолы» шаруа қожалығының шілде айының басында іске қосылған көпбейінді кәсіпкерлік нысанын осы қатарда атап өтуге болады. Нысан толық іске қосылған уақытта 40 адамды жұмыспен қамтиды. Қазірдің өзінде 30 адам жұмыспен қамтылды. Қожалық ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу мақсатында ауысымына 25 бас ірі  қара және қой сою пунктін осы жылы іске қосып, болашақта ет өнімін вакуумдық фабрикаттау  ісін  жолға  қоймақ.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жол бойындағы жер телімдері кәсіпкерлерге ұсынылып, Жымпиты ауылынан Орал және Ақтөбе қаласы бағыттарына қарай жалпы аумағы 6,6 гектар болатын жерді нақты жайғастыру жоспары жасақталды. Аталмыш жер телімдері кәсіпкерлерге берілуде.  Мұның сыртында елді мекендердегі шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ тұрғын үй салуға жер телімдерін беру мақсатында 7 елді мекеннің бас жоспары  жасақталуда.

Инвестиция тарту жұмыстары аясында кәсіпкерлік нысандары 3 жоба ұсынып, 1 жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталып  кетті («Sinooil» жанармай құю бекеті). Инвестиция тарту арқылы асыл тұқымды жылқы шаруашылығын  және құс шаруашылығын дамыту көзделіп отыр.

Жолдың бойына асхана, дүкен сала бермей, жергілікті кәсіпкерлерге қайта өңдеу, төл өнім өндіру салаларын да игеру керек. Былайша айтқанда, өзіміз тұтынатын күнделікті тауар мен тамақты  өзіміз  өндіруіміз  қажет.

Әрине, кәсіпкерлік саласы дамыған сайын жаңа жұмыс орындары ашылады және ауданның инвестициялық әлеуеті артады. Бұл екеуі де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жергілікті басшыларға берген тапсырмасы. Демек, осы бағыттағы жұмыстарымыз жүйелі жалғасып,  қарқын ала  түсуі  тиіс.

Сұхбаттасқан Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы