12.08.2019, 20:13
Қараулар: 444
«Жанұялық жарастық eкеуара сыйластықта»

«Жанұялық жарастық eкеуара сыйластықта»

mde

 

Айдос пен Эльвираның отасқандарына биыл 10 жыл толады. Сырым ауданының  Алғабас ауылында тұратын олар бүгінде төрт баланың қызығына бөленген бақытты жанұяға айналды.

Айдос – Ақырап ауылының тумасы. Ауылындағы тоғызжылдық мектептен кейін білімін В. Шубин атындағы мектепте жалғастырған ол 2006 жылы әскерге алынып, Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласында ішкі әскердің сапында болды. Айдостың жігіттік мінезі, азаматтық айбары осы жақта қалыптасты. Әскерден кейін ол еңбек етудің қамымен Оралға тұрақтайын деп шешті. Бұл 2007 жыл болатын. Теректі ауданындағы Ақсоғым ауылынан бір бойжеткеннің қалаға оқуға келіп жатқаны  да осы кез. Сөйтіп, Айдос пен Эльвираның тағдыры Орал көшелерінде тоғысты.

Отбасылық өмірдің алғашқы жылдары екі жас біраз қиындыққа кезікті. Айдос ол уақытта жүк тасушы болып, жанұясын асырап жүрді. Еңбегіне алатын 7000 теңгесі пәтерақы мен азық-түліктен ауыспайтын, кейде оның өзі тапшы болып қалатын. Бірақ сәбидің күлкісіне, баланың шаттығына бөленіп үлгерген жас жанұя ондай қиындықтарды, жетіспеушіліктерді елемеді. Айдос біраз уақыттан кейін экспедиторлық қызметке ауысып, сауда нүктелеріне тауар жеткізумен айналысты. Бұл уақытта тұңғыштары Манас пен одан кейін көрінген қыздары Гүлназым ауылдағы атасы мен әжесінің қолында еді.

— Ата-әженің тәрбиесі бала тәрбиесінің үлкен мектебі екен. Мәселен, атасы мен әжесінің қолында болған Манас қаланың балаларындай жалтақ емес, рухы биік, еркін, паң болып өсті,  – дейді Айдос.

Екі жастың жанұясында Манас пен Гүлназымнан кейін тағы да бесік тербелді. Дүниеге Айдын деген ұл келді. Қазір Айдынның өзі аға болды. Жарас деген інісі бар.

— 2016 жылы Алғабас ауылына көшіп келдік. Үлкен баламыз ауырыңқырағасын, жайлы жерде, атасы мен әжесінің қасында болғымыз келді. Денсаулық жағдайына байланысты Манас бірінші сыныптан кейін екі жыл үйден білім алды. Биыл мектепке қайта қабылданбақ. Құдайға шүкір, сауығып келеді. Қазіргі күні төрт перзенттің ата-анасына айналдық. Өмірдің қызығы бала екен. Олар күліп жүрсе – нағыз бақыт, олар ауырса – нағыз қайғы. Мен ешбір ана баласының ауырғанын көрмесе екен деп тілеймін, – дейді 29 жастағы көп балалы жас ана Эльвира.

Әкесі Ғалымжан мен анасы Құттықыздан үйренген еңбекқорлық Айдосты несібесіз қалдырып көрген емес. Оған ауылдан да жұмыс табылды. Үш жылдан бері «Жамбыл» шаруа қожалығында механизатор болып еңбек етеді. Алғабасқа алғаш көшіп келген жылдары тұрақты баспана болмай қиналып еді, қазір оның да ыңғайы шықты. Еңбектерімен дербес баспанаға ие болды. Осы жылы наурызда жас әнші Нұртілеу Болат қайырымдылық концертін өткізіп, түскен қаржыны баспаналарына газ өткізу үшін Ешмақовтар жанұясына табыс етті. Оның үстіне, Ешмақовтарға биылдан бастап жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, нұр үстіне нұр болды. Айдос жәрдемақының арқасында биыл қосалқы құрылыс жүргізіп, баспанасын кеңейтті.

— Көп балалы үйдің мәселесі де көп болады. Балаларға ең әуелі әке мен ананың мейірімі, одан кейін жылы, қауіпсіз баспана керек. Үй ескіріп тұр еді, биыл кеңейтіп, тіпті шатырына дейін жаңалап алдым. Бұйырса, үйдің ішіне жылу жүйесін жүргізбекпін. Жәрдемақы бізге осы жағынан игілікті болып жатыр, – дейді отағасы Айдос.

Осылайша, Айдос пен Эльвира Алғабас ауылының бір түтіні болып  отыр. Олар жанұялық жарастықты сақтаудың сыры қандай жағдайда да екеуара сыйластықты жоғалтпауда деп біледі. Пікірлердің екіге жарылуы көп жағдайда ер мен әйелдің екі жаққа кетуіне әкеліп соғатыны белгілі. Аудандағы көп балалы жас аналардың бірі – Эльвира өзінің сөзінде әйел адамның шыдамды болып, ерінің шешіміне жығылуы жанұяның берік бола түсуіне себеп болатынын, оны өзінің талай рет түсінгенін айтады.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы