8.08.2019, 19:51
Қараулар: 198
Діни мереке қалай тойланады?

Діни мереке қалай тойланады?

Бұл  жөнінде  Тәжиден  Батырұлы  атындағы  Орал  қалалық  мешітінің  бас  имамы  Мейрамбек  Әбдірахманов БҚО  өңірлік  коммуникация  қызметінің  ақпарат  алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, әр бақуатты мұсылман отбасы құрбандық малын шала алады. Ал тұрмысы нашар болса да, сауап алғысы келген кісі өз еркімен мал сояды. Шариғат бойынша қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір, сиыр екі, түйе бес жаста болуы керек. Алты-жеті айлық қозы тоқты сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа жарайды. Түйе мен сиыр жеті адамның құрбандығына жүреді. Бірақ ондағы шарт – жеті адамның жетеуінің де ниеті Аллаға жақындау, сауап алу мақсатында болуы тиіс.

Облыс бойынша Құрбан айт намазы тамыздың 11-і күні таңғы сағат 7.00-ден бастап оқылады. Айт намазынан кейін мал шалу рәсімі басталады. Діни мейрам тамыздың 13-іне дейін жалғасады. Құрбан шалудың өзіндік шарттары бар. Соған байланысты облыстық орталық мешітте «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» тақырыбында семинар өтеді. Семинарда қасапшыларға шариғат бойынша мал союдың тәртібі түсіндіріледі. Орал қаласында құрбан малдарын шалу орындары болып «Ел ырысы» базары, «Кублей» кәсіпорны және «Батыс адал ет» ЖШС базасы болып белгіленді. Осы орындардан сойылған мал еті жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға, табыс-кірісі аз отбасыларға таратылады.

Қасиетті мерекеге орай тамыздың 10-ы күні қалалық жастар стадионында ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Оған ерік білдірген әр тұрғын қатыса алады. Құрбан айт аудандарда да кеңінен  мерекеленбек.

Исламда айт күні алдындағы мейрамға дайындық сәті  «Арапа күні» деп аталады. Биыл Арапа күні мұсылманша зүл-хижжә айының 9-шы жұлдызына, яғни григориан күнтізбесінде тамыздың 10-ына сәйкес келіп тұр. Бұл күні мұсылмандарға ораза ұстау – сауапты амал. Имам Арапада қазақтардың орындайтын «шек тарату» дәстүрі  жайында  да  айтты.

– Еліміздің кейбір аймақтарында қайтыс болған жақындарына арнап, Ораза айт пен Құрбан айттан бұрын мал сойып,  туған-туыс немесе ауыл қарияларын асқа шақырады.  Мұны бізде «шек беру» дейді. Шекте қайтыс болған кісілердің аты аталып, аруақтарына Құран бағышталады. Өмірден өткен адамға сауап болсын деген мақсатпен мал сойып, құрбан шалу шариғатта да бар. Бұған дәлел, Әбу Дәуідтен келген бір хадисте Әзіреті Әлі пайғамбарымыздың  рухына арнап бөлек бір қошқарды құрбанға шалғаны айтылады. Сондықтан шек беріп, сауабын марқұм кісіге бағыштау шариғатқа теріс емес. Дегенмен, қазіргі кезде құрбан айтынан бір күн бұрын мал сойып, шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар да бар. Шариғат бойынша сойылған мал «уәжіп құрбандық» боп есептелуі үшін Құрбан айт намазы басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы аралығында шалынуы шарт. Бұхари риуаят етілген хадисте: «Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбанын қайта шалсын!» – делінген.

Ендеше, арапада шек беру мақсатында мал сойған кісі тұрмысы төмен болса,  Құрбан айт келгенде қайта құрбан шалуының қажеті жоқ. Ал бақуатты кісі айт күнінде қайта «уәжіп құрбан» шалуы тиіс. Арапа күні шек беру мақсатында сойған малы нәпіл құрбаны  санатына кіреді, – деді  Мейрамбек  Әбдірахманов.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар