8.08.2019, 19:50
Қараулар: 213
Құрбан айт қабыл болсын!

Құрбан айт қабыл болсын!

Айт сөзі араб тілінен (ديعلا) сөзінен енген. ديعلا сөзі жыл сайын қайталанып келуші мейрам деген ұғымды білдіреді. Шариғатымызда мұсылмандар үшін екі ұлық мереке бар. Біріншісі, рамазан айы аяқталып шәууәл айының кіруімен басталатын Ораза айты болса. Екіншісі, хижрет жыл санағы бойынша зүлхиджа айының оныншы күніне сай келетін құрбан айт. «Алланың елшісі Алланың игілігі мен сәлемі болсын» Мәдинаға қоныс аударған соң, ондағы жұрттың арнайы екі күнде қызық-думан құрып жүргендерін байқап: «Бұл не қылған екі күн?» – деп сұрады. Олар: «Исламнан бұрын осы екі күнді ойын-сауықпен өткізуші едік», – деді сонда Аллаһтың елшісі Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Расында, Аллаһ сендер үшін бұл екеуін бұдан да жақсырақ болатын құрбан айты мен ораза айтына айырбастады», – деді. Дінімізде екі айтты, яғни ораза айты мен құрбан айтты тойлау құлшылық болып саналады. Айт намаздарына қатысу әрбір мұсылман, балиғат жасына толған, ақыл есі дұрыс болған тұрғылықты ер-азаматтарға міндет болады. Ал әйел қауымына айт намаздарына және жұма намаздарына қатысу міндеттелмейді.

Айт  күні  орындалатын мұстахаб  амалдар  бар

  1. Айт күніне қараған түнде намаз оқу. Бұл амалдың артықшылығы жайында хадистер өте көп.
  2. Ғұсыл құйыну, әтір себіну және мисуак пайдалану. Бұл аталмыш амалдар жұма намазына арнайы алынған ғұсыл секілді ұнамды амалдардан болып саналады. Сол секілді айт намазына бара алмаған адамға да қатысты, өйткені айт әсемденуге лайықты мейрам.
  3. Киімнің ең жақсысын кию.

Хадистердің бірінде пайғамбарымыз Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын, «Айт күні өзіне ұнамды әрі жарасымды болған қызыл шапанын киіп шығатын еді»  дейді.

  1. Көңілді болу, құттықтау сөздерін араларында тарату. Жомарттық танытып, садақа беру.
  2. Ораза айтында үйден үш құрма жеп шығу. Құрбан айтта керісінше ештеңе жемей шығып, алғашқы дәмді құрбандық дас-тарқанынан тату.
  3. Айт намазына ертерек және жаяу бару.
  4. Қайтарда үйге басқа жолмен оралу.
  5. Айт намазының алдында және кейін нәпіл намаздар оқымау.

Құрбан айттың Ораза айттан ерекшелігі – Құрбан айтта көпшілікке сол күнгі алғашқы дәмді шалынған құрбандықтан дәм татқызады. Бұл – сүннет амалдан, қазақи қанымызға сіңген дәстүрімізден. Құрбан айт күндері  шамасы жеткен барша азаматтарға құрбандық малын сою – міндеттелумен қатар, барша жамағатқа арафа күнінен бастап айт күнінің үшінші күнінің екінді  намазы уақыты аралығында «ташриқ»

Алланы ұлықтау, мәртебелеу  сөздері айтылуы қажет.

Ханафи мәзһабы бойынша төмендегі талаптарға сай әр адамға құрбандық шалуы уәжіп:

— Мұсылман  болуы;

— Тұрғылықты адам болуы (жолаушы болмау);

— Ақыл-есі дұрыс болуы;

— Балиғатқа  толған  болуы;

— Бақуатты (негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға  ие  болу);

— Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін  артық  мүлікке  ие  болу;

Кейбір отбасыларда жоғарыда аталған адамдардан бірнешеуі болуы мүмкін. Мысалы, бір отбасында кәмелет жасына толған ақыл-есі дұрыс, жеке кәсібі немесе әрқайсысының өзіндік табыстары мен байлықтары бар жанұя мүшелері болуы мүмкін. Міне, осындай отбасыларда әкесінің сойған құрбандықтары  ұл-қыздарына жүрмейді, бұлар әрқайсысы өз аттарынан құрбандық шалулары міндетті. Егер де керісінше болса, отбасынан бір адамның шалған құрбандығы баршасының атынан жүреді. Бұл сөзімізге дәлел пайғамбарымыз (с.а.у.) шалған құрбанының сауабын үмбетімен де бөлісетіндігі риуаят етілуінше. Сахаба Жәбір ибн Абдолла былай дейді: «Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.а.у.) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа, Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан», – деді».

Қазіргі кезде құрбан айтынан бір күн бұрын мал сойып, шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар да бар. Шариғат бойынша, сойылған мал «уәжіп құрбандық» болып есептелуі үшін «Құрбан айт» намазы басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы аралығында шалынуы керек.

Бухари риуаят етілген хадисте:

«Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбанын қайта шалсын!», – делінген.

Құрбандыққа сойылатын малдардың түрлері де шариғатпен бекиді. Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Сондай-ақ пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей тым арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген. Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар:

— Бір көзі соқыр;

— Сойылатын жерге өз аяғымен жүріп  жете  алмайтындай  әлсіз;

— Құлағы  немесе  құйрығы  туғаннан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;

— Тістерінің  көбі  түсіп  қалған;

— Емшектерінің  басы  жұлынып қалған;

— Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен  сынған.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам, бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл құрбандыққа ғибадатта кешірім бар.

Мұратбек   ҚЫСТАУБАЕВ,

ҚМДБ-ның  БҚО  бойынша өкіл  имамы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар