8.08.2019, 19:40
Қараулар: 495
Алаш аманатын арқалаған

Алаш аманатын арқалаған

Алаш қайраткерлерінің өмірі және олардың халық үшін жасаған еңбектері, қазақ тарихындағы орны туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Күнбатыс Алашордасының тарихын анықтауға байланысты еліміздің батыс өңірінің ғалымдарымен бірге қалам тербеген Амантай Боранқұлов болатын. Әлі де бергенінен берері көп болған ол былтыр  ауыр  науқастан  көз  жұмды.

Боранқұлдың Амантайы 1944 жылы 16 қазанда Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылында мұғалім отбасында өмірге келген. Әкесінен мектеп жасында оқып жүргенде айырылған соң, ағасының қамқорлығында болып, 1962 жылы Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебін тәмамдаған. Сол жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетіне оқуға түсіп, кейін Қазақ мемлекеттік университетінің (бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын мұғалім болып бастағанымен, журналистика саласына бет бұрып, осы салада өмірінің аяғына дейін қажырлы еңбек етті. Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінде қатардағы әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, «Орал өңірі» облыстық газетінде тілші қызметтерін 30 жыл бойына үлкен жауапкершілікпен кәсіби дәрежеде атқарды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі А. Боранқұлов облыстық архивтің Сырым аудандық филиалының директоры болып жемісті еңбек етті. Осы жылдарда бұрын өзі жобалап жүргендей, «Жазықсыз жазаланған боздақтар» атауымен тарихи тұлғалар портретін жасауға бетбұрыс жасады. Онысы ізсіз емес. 1998 жылы «Алашорда – тәуелсіздік бастауы», ал  2008 жылы «Тәуелсіздік тірегі – Алашорда» атты көлемді де күрделі еңбектері облыстық баспадан жарық көрді, әрі қалың оқырман  ілтипатына  бөленді. Бұл еңбектерінде автор Батыс Алаш арыстарының қысқа да болса өмірі және олардың халық үшін сіңірген еңбегі туралы нақтылы тарихи деректерге сүйене отырып, баяндалды. Тілі де тартымды, оқуға  жеңіл,  ұғынықты.

Амантай Боранқұлдың қолжазбалары денсаулығының күрт төмендеуіне байланысты аяқталмай, оны жарыққа шығаруды жан жары Күләшқа, қыздары Эльмира мен Жаннатқа аманат еткенінің де куәсі болғанбыз. Артында қалған саналы ұрпағы әке аманатын орындап, көзі тірісінде аяқтай алмаған еңбегін жинақтап, жақында «Азаттық жолындағы азапты өмір» атты кітабын баспадан шығарады деген хабарды естіп, қуанып қалдым.

Жалпы, журналист деген өте күрделі мамандық. Шынайы, кәсіби журналист үшін өз мамандығының қыр-сырын игеру жеткіліксіз. Ол саясаттан, экономикадан, тарихтан, әдебиет пен мәдениеттен, жалпы адамзат пен табиғат, қоғамға тән құбылыстардың  даму заңдылығын жақсы білуі керек. Журналистің арқалаған жүгі ауыр. Деректерді негіздеп, орнымен айтып, көрсете білу үлкен шеберлікті, әдепті қажет етеді. Міне, осындай қасиет біздің Амантайда болды.

Қолына қалам алып, өмірлік маңызы бар мәселелерді  көтеріп, не мәселе қозғаса да, шынайы фактілерге сүйеніп жазу оның бойына сіңген дағдысы болатын.

Күнбатыс Алашорда қайраткерлеріне байланысты ілгеріде жарық көрген туындыларынан Мәскеу, Алматы, Омбы, Семей, Орынбор, Орал қалаларының архивтерінде автордың талмай ізденгенін аңғару қиын емес. Архив деректеріне сүйене отырып, Жымпитыда 1918 жылы Алашорда әскерлерінің іс-қимылы жөніндегі сол кездегі хабарламалардың, естеліктердің, мәлімдемелердің біржақты болғанын көрсетті. Осы орайда әріптесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Еңбек туы» газетінің редакторы, марқұм Қайыржан Хасанов атап өткендей, «Қаратөбе, Жымпиты аудандарының тарихында тың жатқан осы бір тақырыпқа алғашқылардың бірі болып қалам тартып отырған Амантайдың арқалап отырған жүгінің салмағы жеті батпан». Шын мәнінде, Күнбатыс Алашорда мен оның көрнекті қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Бақытжан Қаратаев, т. б. туралы кезігетін қайшылықты пікірлердің орын алуы, оларға байланысты нақтылы архив деректері жеткіліксіз әрі әрдайым қолжетімді емес. Оларды бір жүйеге келтіріп, оң бағасын беруде үлкен зерттеу жұмыстары қажет.

Қазіргі кезде тарихшыларымызға Қазақстанның жаңа жағдайына негізделген, шынайы тарихын жазуға зор мүмкіндіктер туып отыр. Алашорданың Күнбатыс өңірін зерттеуде елеулі еңбек етіп жүрген аға буын өкілдерінен академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков, құрметті профессор Жайсаң Ақбаев бастаған тарихшылардың еңбектеріне Амантай сілтеме жасап, олармен кеңесе отырып еңбек етті. Ол Батыс Алашорда қайраткерлерін зерттеу барысында тарихи фактологиялық материалдарды барынша ұқыпты пайдаланып, ғылыми ұстанымдарға сүйене отырып, әділ бағасын беріп, қорытынды жасауы оның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын сипаттайды.

«Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бажа тату» дегенді халық тектен-тек айтпаған шығар. Біз осы елу жылдан астам уақыт қатынаста ағалы-інідей сыйластықта болдық. Екі-үш жыл немесе жылара барыс-келісте талай пікір алмастық, дидарластық, әңгімеміз жарасатын. Өз басым бір күндері Амантай туралы естелік жазамын деп те ойламаппын. Табиғат заңы  қатал.

Мына бір жайт есте қалды. Амантай мен Күләш Алматы қаласына кезекті бір демалысын шипажайға демалуға арнап келген кезі болатын. Біздің үйге сол кезде франциялық әріптестерімізді қонаққа шақырып, олардың да бірге болуын қаладық. Профессор Альберт Фишлер – Францияның Франтенобло университетінің  ұстазы, жұбайы Мадлен де – ұстаз, француз тілінің маманы.

Олар Қазақстанға Абайдың 150 жылдығына арнайы шақыруымен келген болатын. Бұл олардың біздің елге алғашқы сапары еді.

Кейін тағы екі рет келді. Альберт Фишлер Қазақстан мен Франция елінің арадағы достық қатынасты нығайтудағы және Абайды французша сөйлетіп, Франция халқына танытудағы ерен еңбегі үшін ҚР Президенті сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен, қонақасы барынша қазақи дәстүрмен өтті. Қой сойылып, басын бас қонаққа, қалған мүшелері де қонақтарға орын-орнымен үлестірілді. Әңгіменің жарасқандығы соншалықты, еш кедергісіз ілеспе аудару арқылы (французшадан қазақшаға, қазақшадан француз тіліне) ой-пікірімізді түсіністікпен жеткізе алдық. Альберт қазақ тарихынан хабардар екенін көрсетіп, Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» атты әнінің бір шумағын қазақша оқыды. Мадлен де қалыспай Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерінен үзіндіні орыс тілінде оқыды. Амантай осы бір тарихи мәнді кездесу туралы «Француздық достар» деген атпен республикалық, облыстық газет беттерінде жариялап, оны кейінгі бір кездесуде француздық әріптестерге табыс еттік. Олар біздің тартуымызды қуана қабылдап,  ризашылықтарын  білдірді.

Амантай мен Күләш жұптасып 52 жыл бір шаңырақ аясында өмір сүріп, тәрбиелі ұрпақ өсірді. Соңында алтын асықтай төрт қызы, екі жиені бар. Бәрі де ер жетті, еңбек етуде. Ең кішісі – Сәулеті ағылшын азаматына тұрмысқа шығып, Англияда тұрып жатыр. Гауһары Алматыда тұрады. Үлкендері Эльмира мен Жаннат Оралда тұрмыс құрды. Балаларының арқасында Амантай мен Күләш Англияда, Түркияда, жыл сайын республикамыздың әр өлке-өңірлеріндегі шипажайларында  демалып,  емделіп  тұрды.

Амантай отбасына қамқор, ағайын-туған, дос-жаран, қоршаған ортасына адал болды, бәрімен де теңдей сыйласты.  Әсіресе, елге келгенде Рекең екеумізге деген ықыласы, құрметі ерекше болатын. Бауырларына деген жанашырлығы, көңілі де ерекше еді. Үлкен-кішімен сөйлесуінен кісіліктің қасиетін біз ерекше бағалаймыз.

Меңдеш  ИСҚАЛИЕВ,

Қазақстанның  еңбек сіңірген  қайраткері,

экономика  ғылымдарының докторы,  профессор,

Алматы  қаласы 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар