8.08.2019, 19:39
Қараулар: 524
Әріптес інім еді

Әріптес інім еді

Амантай Әбузарұлы Боранқұловпен Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінің редакциясында 1968 жылдан 1984 жылға дейін қызметтес болдым. Мен  ол кезде хат бөлімінің меңгерушісі болып істеймін. Штаттан тыс тілшілермен байланыс жасап, олардың хаттарына жауап жазамын, қысқа хабар, мақала жазуға тапсырмалар, бағыт-бағдар беремін. Редакцияның, редактордың тапсырмасымен шаруашылықтарға Амантаймен бірге іссапарларға жиі шығып тұрдық. Адаммен тез тіл табысатын, ақкөңіл, жайдары жан еді. Қаламы жүйрік, алған тапсырманы тез орындап тастайтын.

Осы қабілеттілігі, кішіпейілділігі, сөзге шеберлігі оның тез өсіп, облыстық «Орал өңірі» газетіне меншікті тілші болуына жеткізді. Кейін отбасы жағдайымен Орал қаласына көшкенде, облыстық газетте тілші болып, әртүрлі тақырыптарға қалам тербеді. Халықтың әлеуметтік-қоғамдық мәселелері, тіл, тарихи тақырыптары Амантайдың ұдайы назарында болып, өз ой-пікірін қазақтың жалпақ тілімен шебер жеткізетін.

Қызмет жасай жүріп, кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп, журналист дипломына ие болды.

Соңғы жылдары ауырып жүрсе де, «Орал өңірі» газетімен қарым-қатынасын үзбей, үнемі әңгіме, мақалаларын оқырмандар назарына ұсынып отырды.

Адам баласы тірі кезінде пендешілікпен бір-бірінің қадір-қасиетін біле бермейді. Алайда Амантай әңгімеміз жарасқан, пікіріміз әрдайым үндесіп жататын, қатты сөзге бармаған, өз басым жоғары бағалайтын сыйлас інім болды.

Міне, Жымпиты аудандық «Қызыл ту», кейін Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінде ұзақ жыл қызметтес болған, жақсы көретін қаламдас інім Амантайдың бұл фәни  дүниеден бақилыққа аттанғанына да бір жыл болыпты. Сағынышпен еске ала отырып, жатқан жерің жәннатта, иманың жолдас болсын деймін. Артыңда қалған жан жарың Күләш, қыздарың, немерелеріңнің сенің аманатыңды орындап, әдеби, шығармашылық ғұмырыңды жалғап жатқандарына  бек  ризамын.

Қуанышқали ҒҰСМАНОВ,

Қазақстан  Журналистер одағының  мүшесі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар