8.08.2019, 19:15
Қараулар: 446
Михноның 48-ші мерекесі

Михноның 48-ші мерекесі

Облыста 21 жылдан бері зәулім  тұрғын үйлер мен  түрлі  ғимараттар  салумен айналысатын бірден-бір мекеме Валентина   Михно басшылық ететін «СКФ Отделстрой» ЖШС болып табылады. Валентина Павловна – Орал қалалық мәслихатының  депутаты, «NurOtan» партиясының  мүшесі.

Құрылысшы десе, шынында ер-азаматтардың жұмысы еске түседі. Алайда  Валентина Павловна құрылысшы болуды балауса кезінен жүрегімен қалап, өзінің арман-мақсатына балаған. Оралдағы сол кездегі құрылыс техникумында оқыған ол арманының жетегімен Мәскеу инженерлік-құрылыс және Саратов политехникалық институтында да білім алады. Еңбек  жолын 1971 жылы сырлаушы болып бастайды. Осы кезге дейін «Отделстройда» еңбек еткен Валентина Павловна түрлі лауазымдарды атқарып, 1998 жылы мекеменің директоры болып сайланады. Биыл серіктестіктің  құрылғанына  45 жыл толып отыр.

Алғашында тек әрлеу жұмыстарын жүргізумен айналысқан  мекеме 1998 жылдан бастап бас мердігер ретінде құрылыс жұмыстарына  «білек  сыбана» кіріседі.  Тоқсаныншы жылдардағы елдегі қайта құру кезінде салынуы тоқтап, аяқталмай қалған құрылыс нысандарын қалпына келтіреді.

2006 жылдан тоғыз қабатты үйлерді салып бастаған. Валентина Павловна келісімшартта көрсетілгендей, құрылыс жұмыстарына  қазақстандық құрылыс заттарын пайдаланатындарын айтады. Тек жетіспейтін материалдарды ғана Ресейден алдырады екен. Негізінен қиыршық тасты Ақтөбеден, цементті Ақтаудан  жеткізгенімен, басқа заттар жергілікті өнім болып отыр. Бұл қазақстандық өнімге деген  сұранысты  арттыруға жол ашады, дейді  тәжірибелі маман.

Айта кету керек, серіктестік облыста алғашқылардың бірі болып 2003 жылы ISO 9001: 2015 халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес менеджмент сапасының жүйесін енгізді. Бүгінде мемлекеттік стандарттарға сай жұмыс істейтін кәсіпорынның өндірістік қарқыны жоғары. Қанат жайған құрылыс компаниясының жөндеу шеберханасы бар.

Құрылыс және көлік техникаларының паркі, шағын ағаш өңдеу учаскесі, заманауи құрылғылармен қамтылған жылытылатын және салқын өндірістік қоймалары жұмыс істейді. Сонымен қатар жоғары сапалы бетон қоспасын өндіретін аутоматтандырылған зауыты бар. Құрылыс  материалдарының нарығын және тұтынушылардың сұранысын зерттеген «отделстройлықтар» пластикалық терезелер де жасауда.

Бұл құрылыс жұмыстарының үздіксіз жүруіне мүмкіндік берсе, дәнекерлеу цехы да жұмыстың сапалы да уақтылы жүруіне өз үлесін қосуда.

– Тарихы жарты ғасырға жақындаған мекеменің бұрынғы қызметкерлері біртіндеп құрметті демалыстарына шығуда. Өзге салалардағыдай, бізде де маман жетіспеушілігі кездеседі. Дегенмен қажетті мамандарды тауып, жұмысты тоқтатқан емеспіз. Қалада құрылысшы мамандарды даярлайтын колледж бар. Бірақ бұл оқу орнын бітіргендердің бәрі құрылыста жұмыс істегісі келеді деп айта алмаймыз. Бұл сала жастардың біріне ұнаса, біріне ұнамайды. Сонда да студенттер біздің мекемеден ақысы төленетін практикадан өтіп келеді. «Отделстройдағы»  инженерлік-техникалық құрам, яғни прорабтар, шеберлер, инженерлер негізінен 30-40 жас аралығындағылар. Қазір облыста құрылыс қарқынды дамып келеді. Құрылыс саласында ел-жұрттың тұрмыстық-әлеуметтік  жағдайына бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Соның ішінде «7-20-25». Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасының баспанасыз жүргендер үшін маңызы зор.  Сондықтан да бағдарламалар шеңберіндегі тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алды, – дейді Валентина Павловна.

Компания құрылысшылары тұрғызған сыңғырлаған су жаңа ғимараттардың қатарында тұрғын үйлер де, түрлі мекеме ғимараттары да бар. Олар облыс орталығында да, аудандарда да «менмұндалайды». Мәселен, солардың бірнешеуіне тоқталсақ, Жаңа Орда ықшамауданындағы 80 пәтерлік №5 тұрғын  үй, Теректі ауданының Көнеккеткен ауылындағы 198 орындық мектеп, Орал қаласындағы Достық үйі секілді көптеген құрылыстар бар. «Отделстрой» 15 жылдан бері «ҚПО б.в.» концорциумының тапсырысы бойынша да жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізетіндігін айта кеткен жөн.

Жалпы, құрылыс жұмыстарын басқаратын адамға  ұйымдастырушылық шеберлікпен қатар, ерекше күш-жігер керек секілді. Жаны нәзік болса да, ер адамдарға  тән бұл қызметтерді атқарып келе жатқан Валентина Павловна «Адам  өзі істейтін жұмысты жақсы көру керек» деген уәж айтады.

– Мекемені басқарып, жетістікке жету үшін ең алдымен білім мен тәжірибе керек. Кейде өткір  мінез де қажет.  Сосын, әрине, адам өз жұмысын сүюі керек. Себебі мамандығын жақсы көрмей, жетістікке қол жеткізу қиын. Бізде жұмыс істеген бір прораб ылғи да «Мен жұмысқа мейрамға бара жатқандай  барамын», – дейтін. Өте дұрыс айтады. Шынында, егер жұмысыңды жаныңмен қаласаң, өзіңді тойда жүргендей сезінесің. Біздің мақсатымыз да бастаған құрылысты көрсетілген мерзімде сапалы аяқтау. Биыл жыл соңына дейін бір тұрғын үйдің құрылысын аяқтаймыз. Біз үшін  сапа бірінші орында тұрады. Сол үшін  пәтерге ие болған тұрғындардың ризашылықтарын естіп жатамыз. Ал тұрғындардың алғысы біздің жұмысымызға берілген үлкен баға деп санаймын. Әрине, кейде аздаған кемшіліктер кездесіп  қалады. Ондайда біз  кепілдік уақыты өтіп кетсе де, тұрғындарға көмек қолын созамыз, – дейді Валентина Павловна.

Мекеме басшысы әріптестеріне «Адамдарға  құтты қоныс, жәйлі мекен сыйлайтын  құрылысшылардың төл мерекесі құтты болып,  құрылыс қарқыны арта берсін!» деген жылы лебізін  білдірді.

Ясипа  РАБАЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар