8.08.2019, 19:05
Қараулар: 148
Көп жұмысты жеңілдетеді, көп шаруаны жеделдетеді

Көп жұмысты жеңілдетеді, көп шаруаны жеделдетеді

Бүгінгі  таңда  ақпараттық  технологиялар саласының  болашағы  зор  екенін  бүкіл  әлем  мойындап  отыр.  Бұл бастаманың  берері мол  екеніне  көздері  жеткен  көптеген дамушы  елдер  қаржысын аяп  жатқан  жоқ.  Соңғы  жылдары  біздің  елімізде  жаңа  бағытты  жетілдіру  жолында  арнайы  министрлік  құрылып,  әр  өңірде  жаңа  басқармалар жасақталған  болатын.  Ақпараттық  технологиялар  немесе  қысқаша  айтқанда, ІТ  саласы мен  цифрлы  технологияларды  дамыту  бағытында атқарылып  жатқан  игі  істер  турасында  БҚО  ақпараттандыру,  мемлекеттік  көрсетілетін қызметтер  және  архивтер  басқармасының  басшысы  Сәкен  Нұртазаевпен  сұхбаттасқан  едік.

– Сәкен Рүстемұлы, заман талабына орай жаңадан жасақталған басқарманың міндетмақсатына, атқаратын қызметіне тоқталып өтсеңіз?

– Жаһандық бәсекелестік пен технологиялық даму біздің мемлекеттің басшылығын ақпараттық технологиялар саласына жіті назар аударуға жетеледі. Бұл міндет еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық құжаттарда көрініс тапты. Соның ішінде озық дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатының айқындалуымен елімізде ақпараттық технологиялар саласын дамыту маңызды міндеттердің біріне айналды.

2017 жылғы 31 қаңтарда мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы халыққа Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» дербес бағдарламасын әзірлеу және қабылдау тапсырылған болатын. Осыған орай 2017 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы №827 қаулысы қабылданды. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының бірінші бағытында «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» – деп, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына кешенді  мән  берілген.  Осы міндеттерді орындау мақсатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы өңір басшысының бірлескен келісімі негізінде 2018 жылдың 25 мамырында «Батыс Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы» құрылды. Аталмыш басқарманы құрудағы басты мақсат облысымызда ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, сондай-ақ архив ісі және құжаттама жасау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.

Басқарма өз құзыреті аясында отыздан астам функцияны атқарады. Оның ішінде «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту, «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын қалыптастыру мен электрондық ақпараттық ресурстарын және ақпараттық жүйелерін құру, облыс аумағындағы цифрландыру жобаларын мониторингілеу, сараптау, жүйелеу, іске қосу, ұсыныстар енгізу, дамыту, толықтыру, ақпараттық техникалық қызметтер жүргізу сияқты функцияларды атап өтуге болады.

– Облыс бойынша ақпараттық және цифрлы технологияларды дамыту жұмысы қалай жүргізілуде?

– Басқарма құрылған уақыттан бастап, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысында басымдық берілген 11 бағыт бойынша 140-тан астам жоба  іске асырылуда.

Атап айтар болсақ, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты – цифрлық  жібек жолын іске асыру болып табылады. Осы бағыт аясында облыста 2020 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 92 елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Биыл облысымыздың 60 елді мекеніне кең жолақты интернет желілері өткізілетін болады.

Жоғарыда аталған 11 басым бағыт ішінде денсаулық сақтау саласы да бар. Осы салада 121 нысанды электронды түрде жүргізу қамтамасыз етіліп, Орал қаласы тұрғындары үшін электрондық медициналық карталар қалыптастырылды. Сонымен қатар k-vrachu.kz. мобильдік қосымшасы іске қосылды, «Жедел жәрдем» бригадасы планшеттермен және GPS навигаторлармен 100% қамтамасыз етілді, қаланың барлық емханасында электрондық кезекті басқару жүйесі қосылды. Биыл осы салада аяғы ауыр келіншектерге арналған мобильді қосымшаны әзірлеу, ауру-сырқаудың алдын алу үшін арнайы құралдар – мобильді офтальмоскоп және дерматоскопты пилоттық режімде енгізу  жоспарланып  отыр.

Білім саласында қалалық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекке қою қызметі аутоматтандырылды. Сондай-ақ Орал қаласы бойынша 100% және облыстағы ауылдық 116 (37%)  мектеп Kundelik.kz электронды журналымен жұмыс жасайды. Сонымен қатар 225 (100%) барлық шағын жинақты мектеп Bilimbook компьютер-трансформерлермен  қамтамасыз  етілген.

«Smart City» шеңберінде тұрғындардың қалалық сервистерге қолжетімділігін арттыру, тұрғындардың арыз-шағымдарын тез арада қабылдап, дереу әрекет ету мақсаттарында биыл апаттық-коммуналдық қызметтердің 109 қалалық call-орталығы, «Smart Uralsk» мобильді қосымшасы іске қосылды. Тұрғындарға 109 callорталығы арқылы тәулік бойына  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына байланысты сауалдары бойынша хабарласу мүмкіндігі ұсынылған. Ал «Smart Uralsk» қосымшасында отыздан астам ең өзекті қалалық сервистер мен қызметтер шоғырландырылған. Оған қосымша Telegram мессенджерінде iKomek Uralsk чат-боты құрылды. Осы чаттың көмегімен тұрғындар 109 қызметіне тұрғын үй-коммуналдық сұрақтар бойынша жүгініп, жеке сауалдарымен аудандардың немесе қаланың әкіміне арыз-шағым жолдай алады. Чат-ботта көп балалы жанұялар негізгі деректерді үнемі жаңартып отыру, сонымен бірге тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша іс-әрекеттерді әзірлеу үшін пікірлер мен ұсыныстарды жинау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге «Қолжетімді әкімдік» жобасы аясында «Жер учаскесін таңдау актісін келісу» қызметі аутоматтандырылып, қызметті көрсету уақыты айтарлықтай азайтылды. Осы ретте 2019 жылдың басында «Электронды архитектура» порталының іске қосылып, осы порталдың базасында эскиздік жобаны келісу, бастапқы материалдарды ұсыну, реконструкцияға шешім беру, реконструкцияға бастапқы материалдарды ұсыну сияқты 4 мемлекеттік қызмет толықтай аутоматтандырылғанын айта кету керек. Жер учаскелеріне өткізілетін аукциондар zem.kz порталы арқылы электрондық форматқа ауыстырылды.

– Жоғарыда айтылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала, жер қатынастары және құрылыс, қауіпсіздік салаларын цифрландыру мақсатында қандай істер  атқарылуда?

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру мақсатында Орал қаласы толығымен LP-WAN базалық стансалармен жабылған. Бүгінде сымсыз технология бойынша 9 мың су есептеуіші, 1168 жалпы үйге арналған жылу есептеуіштері, жеті мың электр қуатының есептеуіші орнатылып, Е-КСК қосымшасы енгізілуде.

Ал әлеуметтік сала шеңберінде Телеграм мессенджеріндегі iKomek Uralsk чат-ботында көп балалы жанұялар тізімін жаңғырту жұмыстары жүргізілетіндігін айтқан болатынмын. Сонымен қатар осы салада «Е-Собес», «Социальная помощь», «Иностранная рабочая сила», «Оралманы», «Рынок труда», «Е-халык» және Электронды еңбек биржасы  (enbek.kz) сияқты ақпараттық жүйелер әрекет етеді.

Жыл басынан жер қатынастары саласын, соның ішінде жерді пайдалануды және ауыл шаруашылығын реттеуге арналған БҚО Геоақпараттық порталын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Қауіпсіздік саласын цифрландыру негізінде 112 жедел қызметтердің бірыңғай Call-орталығының (911 қызметіне балама ретінде) іске қосылуы жоспарлануда. Бұл барлық  жедел қызметтердің  (101, 102, 103 және ТЖ) өзара әрекеттестігін күшейтіп, түскен сұраныстарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Биылғы жылдың маусым айында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеке инвестициялардың есебінен цифрлық экожүйені дамыту мақсатында цифрлық бастамаларды, стартаптарды тарту нүктесіне айналуды және цифрлық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін БҚО «IT-HUB» алаңы іске қосылды. «IT-HUB» шағын индустриалды аймақ форматында резиденттерге оның аумағында тіркеліп, Коворкинг аймақты пайдаланып, кеңестер мен мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, «Цифрлық Қазақстан» – сөздің тура мағынасында көп жұмысты жеңілдетіп, көп шаруаны жеделдететін  бағдарлама.

– Сәкен Рүстемұлы, өзіңіз тізгінін ұстаған басқарманың алдында тұрған тағы қандай міндет-мақсаттары бар?

– Қазіргі таңда елімізде ақпараттық технологияларды дамыту маңызды міндетке айналғаны белгілі. Осыған орай халық өмірінің түрлі салаларын цифрландыру және аутоматтандыру, цифрландыру жобаларын енгізу арқылы тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау міндеттері қойылып отыр. Бұл жобаның көлеміне, ауқымына сай түрлі көлемдегі қаражат құралдарын талап етеді. Түрлі салаларда ұсынылатын цифрландыру жобаларының өзектілігіне, тұрғындардың сұраныстарына сай қажеттілігіне байланысты облысымызда іске асырылып жатқан жобалар негізінен мемлекет қаражаты есебінен іске асырылуда. Болашақта ауқымды жобалар болған жағдайда инвестициялар тарту да жоспарда бар.

Жыл бойына Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бекітілген цифрландыру жол картасының негізінде аудан, қала әкімдіктері және басқармалар жоспарлы жұмыстарын атқаруда.

Қазіргі таңда білім беру саласында мектеп асханаларын цифрландыру, орта білім беру ұйымдарына қабылдауды аутоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Қауіпсіз мектеп» КБЖБ жүйесін енгізу және «Platonuscollege» АТ жүйе арқылы ТжКБ-ға қабылдау функциясын аутоматтандыру көзделуде.

Әлеуметтік салада мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар жасау үшін қашықтан сурдоаударма жасау сервисін енгізу және инватакси қызметін аутоматтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы саласында бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Соның ішінде өсімдік шаруашылығында қазіргі заманғы 6 шаруашылық, мал шаруашылығында 15 смарт-ферма құру, малды аутоматты түрде күтіп ұстау, денсаулығын мониторингілеу және 40 басқа дейін бір уақытта сауу мүмкіндігімен «ақылды сүт фермасын» құру жоспарланып отыр. Мал бағуға арналған пилотсыз ұшу аппараттары және малға мониторинг жүргізуге GPS құралдарын енгізу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл шаралардың барлығы осы саланы цифрландыру жобаларының көмегімен дамытуға мүмкіндік берері анық.

Қала маршруттарында электронды ақы төлеу жүйесін енгізу, электрондық билеттендіру жүйесін іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Бизнес саласында интернет сауданы дамыту, қоғамдық тамақтану орындарын брондау және басқа да қызметтерге онлайн функцияларын  енгізу  жоспарда  бар.

Өнеркәсіп саласында ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру, жаңартылған  энергия көздерін қолданумен жарық нысандарын және жол қозғалысын реттеу элементтерін өндіру жоспарла-нуда.

Сұхбаттасқан Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар