8.08.2019, 19:04
Қараулар: 414
Дабыл қақтырған дауыл

Дабыл қақтырған дауыл

Тамыздың 5-і күні желдің екпінінен облыста төтенше жағдай орын алды. Орал қаласының көшелеріндегі тал-теректер құлап, бірқатар аутокөлік сынған ағаштың астында қалып, дауыл салдарынан бірнеше адам жарақат алды. БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ақылбек Ахметжанов өңірде бес адам дауылдан зардап шеккенін хабарлады. Кейбір жағдайды атап айтсақ, Орал қаласы маңындағы Желаев кентінде қатты желдің салдарынан ұшып түскен шатыр кесегі 2011 жылы туған қыздың басын жарақаттаған. Н. Назарбаев даңғылы бойымен кетіп бара жатқан 1950 және 1945 жылғы әйелдердің басына ағаш бұтағы құлаған. Оның біреуі ауруханаға жатудан бас тартты. Әбілқайыр хан даңғылындағы аутокө-лікті алып бұтақ жапырып, соның салдарынан 1988 жылғы ер адам-ның көзіне жаңқа түскен.

Подполковниктің айтуынша, тамыздың 4-і күні дауыл болатыны, екпіні 23-28 метр/секундқа дейін жел соғатыны туралы хабар ұялы телефондарға SMS пен Darmen мобильді қосымшасы арқылы таратылған. Апат салдары туралы «112»-нің төрт телефон желісінен 400-ден астам қоңырау және бірыңғай CallCenter «109» нөмірінен 300-ден астам қоңырау және 200 шақырту түсті. Күшті желден М. Өтемісов атындағы БҚМУ ғимаратының төбесіндегі 40 шаршы/метр оқшаулау жабындысы (алюкобонд) сыпырылып қалды. Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейдің 182 шаршы/метр төбе жабындысын қайырып тастады. Ақжайық, Бәйтерек, Қазталов, Жәнібек, Тасқала аудандарында электр тогын тарататын желі бағандары құлап, сымдары үзіліп, электр жарығынсыз қалған елді мекендер бар. Ауылдардағы бірқатар ғимарат пен білім нысандарының төбесіне ақау келтіріліп,  шатырлары ұшқан.

Брифингте «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ қалалық филиал басшысы Валерий Диминтевский Орал қаласы аумағының 105 нүктесінде электр желілері үзілгенін айтты. Шаһардың өзінде төрт, қала ма-ңындағы кенттерде тағы төрт топ жұмыс жасауда. Қалпына келтіру жұмысы екі күн уақыт алады деп болжануда. Облыс орталығында жалпы саны төрт мың абонент жарықсыз қалған. Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Мир-жан Нұртазиевтің сөзінше, тұр-ғындар өтінішіне орай «Жайық Таза Қала»  мекемесінің бригадалары көшелерде, жол бойына, газ құбырына құлаған 20 ағашты орнынан алған. Қазіргі кезде алты бригада жұмысын жалғастыруда. Қаланың бірқатар шағынауданын-да электр қуатының болмауына байланысты су айдау стансалары жұмысын тоқтатқан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ақылбек Ахметжанов дауыл салдарынан болған шығын тиянақты есептелген соң, «Азаматтық қорғаныс туралы» заңның 58-бабына сәйкес материалдық зардап шеккен тұр-ғындарға өтемақы төленетінін айтты. Ол үшін тұрғындар оқиға болған 30 күн ішінде жергілікті атқарушы құрылымға жазбаша өтініш түсіруі тиіс.

P.S. Бет қатталып жатқанда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті толықтырған соңғы мәліметтер бойынша,  дауыл екпінінен құлаған ағаштар салдарынан 5 адам ауруханаға жеткізілді. Соның біреуі 2011 жылғы М. Кулаканова әлі күнге стационарлық ем қабылдауда. Орал қаласында ағаш құлаудың 60 жағдайы тіркелді. Алты аутокөлік ағаш астында қалды. Күшті желден облыс орталығында 4, Бәйтерек, Қазталов, Жәнібек, Тасқала аудандарындағы 13 нысанның төбесіндегі құрылыс материалдары бүлінген. Бөрлідегі үйдің балконы бұзылуынан төрт жеңіл көлік сынған.

«Батыс Қазақстан электр желілерін тарату» АҚ-ға қалалық электр тарату желілері үзілгені жөнінде қосымша 40 хабарлама келіп түсті. Қазіргі уақытта аталған кәсіпорынға қарасты 8 бригада мен 14 техника тәулік бойы жұмыс жасауда. Қаладағы жеке секторға қарайтын 400 абонентке электр қуатын жеткізу жұмысы әлі қалпына келмеді. Орал қаласындағы көшелерді тазартумен «Жайық Таза Қала» мекемесі айналысуда.

Мекеме қарауында 30 бригада және 15 техника бар.

Кәсіпорын басшысы Қуат Ерсайыновтың айтуынша, дауыл болған күннен бері 450 шаршы/метр сынған тал-терек,  бұтақтар тасымалданған. Яғни сол үшін техникалар қоқыс алаңына 70-80 мәрте қатынаған. Облыстағы елді мекендерде электр жабдықтары толықтай қалпына келтірілді. Барлық апаттық-құтқару қызметі күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Инфрақұрылымдар қалпына келтірілуде.

Нұртай   ТЕКЕБАЙ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар