8.08.2019, 18:57
Қараулар: 133
Ауыл әйелдері бас қосты

Ауыл әйелдері бас қосты

Орал  қаласында  ауыл  әйелдерінің  облыстық  форумы өтті.  Тұңғыш  рет  ұйымдастырылған  жиынға  ауыл-аймақтағы  кәсіпкерліктің  тізгінін  ұстаған  және  басшылық қызметте  табысты  еңбек  етіп  жүрген  қыз-келіншектер қатысып,  жетістікке  жетудің  құпиясын,  бизнесті  басқару жолдары  мен  отбасы  құндылықтарын  талқылады.

Ауқымды шараны әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ҚР Президентінің жанындағы ұлттық  комиссияның қолдауымен облыс әкімдігі, «Жасыл экономика» және «G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Expo@ Women» халықаралық ұйымы заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған.

– Облыс аудандарындағы 149 депутаттың 42-сі – нәзікжандылар. Ал   37-сі – облыстық басқарма басшыларының орынбасары. Бұл қызкеліншектердің қоғамдағы рөлінің артқандығын көрсетеді. Сондай-ақ облыста бизнеспен айналысатын қыз-келіншектердің басын қосатын  іскер әйелдер кеңесі де жұмысын жүйелі атқарып келеді.  Бұл форум агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы әйелдердің жетістіктері мен үлесін көрсету, бизнес-жоспарларды  құруға үйрету, сондай-ақ оларды «жасыл экономикаға» тарту мақсатында ұйымдастырылуда, – деді пленарлық сессияның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Форумда әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ҚР Президентінің жанындағы ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко нәзікжандыларды ел экономикасын өркендетуде сүбелі үлес қосып жүргенін  атап өтті.

– Гендерлік теңдік туралы стратегия жарияланғалы бері қыз-келіншектер мемлекеттің ішкі саяси өміріне белсене араласып, экономикалық ахуалдың артуына үлес қоса бастады. Бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінде қызмет ететін әйелдер 27,1 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш он жыл бұрын  10 пайызға да жетпейтін. Әйелдердің қоғамдағы белсенділігі жыл сайын артып келеді. Республика бойынша 517 қыз-келіншек  аудандық мәслихаттың депутаты, бесеуі – аудан әкімі, 348-і – ауыл әкімі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ауылдың алтын бесік екенін, ауыл өркендесе, мемлекеттің де экономикалық ахуалының артатынын жиі айтып отырады. Бүгінде кәсіп бастаймын деген жанға мемлекет қыруар қаржы бөліп, қолдау көрсетуде. Бұл форум бірбірімізбен тәжірибе алмасуымызға, кәсіпкерлік саласында қордаланған мәселелерді шешуге  мүмкіндік береді, – деді Елена Ивановна. Сондай-ақ форумда «Жасыл экономика» және «G-Globalды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі  басқармасының төрағасы Салтанат Рахимбекова аталмыш коалицияның жетістігі мен ауыл-аймақтардағы кәсібін өрге домалатқан нәзікжандылар туралы баяндаса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Әсет Тілемісов жаңадан кәсіп ашу үшін берілетін несиелер, қаржылай қолдаулар туралы айтты. Ал Бөкей  ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лаура Қайырғалиева  аудан-ауылдарда кәсіп ашудың тиімділігіне тоқталды.

Бұл форум «Менің жетістігімнің тарихы» шеруімен де ерекшеленген болатын. Онда «Менің жетістігімнің тарихы – 2018» республикалық шерудің лауреаттары табыс сырларымен бөлісті. Солардың бірқатарымен тілдескен едік.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Светлана  МӘУТЕЕВА,

«Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі, Батыс Қазақстан облысы:

– Жеке кәсіп ашу арманым болатын. Содан тәуекелге барып, кондитерлік өнімдер шығаруды қолға алдым. Кондитерлік бұйымдардың технологиясын, тәтті күлше мен торттардың  дайындалу жолдарын үйрендім. Бүгінде сатылымда кондитерлік өнімнің түр-түрі бар. Тұрғындардың сұранысына байланысты тәтті күлшелердің әр түрін ойлап табудамыз. Бағасы да қолжетімді болғанын жиі қадағалаймыз. Қазір кондитерлік цехта 100-ге жуық  маман еңбек етеді. Ұн, май, секер секілді кондитерлік өнімдердің нарықтағы бағасы жыл сайын қымбаттауына байланысты 2018 жылы  шаруа қожалығын аштым. Алғаш 77 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алдым. Одан кейін қожалыққа жылқы  алдым. Қазір қожалықта 50-ге жуық адам жұмыс жасайды. Қожалықтағы мал  өсіп-өнуде.

Шолпанай  ТҰРДЫШЕВА,

«Сoca Cola белестері» табыс  мекені» жобасының  жеңімпазы, Қарағанды облысы:

– «Сoca Cola белестері» табыс мекені» – ауыл-аймақты көркейтуге бағытталған  жоба. Аталмыш жоба негізінде қыруар қаржыны бизнес бастау үшін қайтарымсыз беретініне сенбедім. Десе де, өтінішіммен бір гектар жерге қияр, қызанақ егу туралы бизнес жобамды тапсырдым. Жобаның жеңімпазы атанғанда, қуанышымда шек болмады.

Солай жеке кәсібімді бастап кеттім.

Егін салатын бірнеше гектар жер атамыздан мұраға қалған еді. Қияр мен қызанақты жылыжайға да отырғыздым. Алғашында көршілерім сатып алса, қазір ауыл-аймақты қамтамасыз етіп отырмын.  «Жасыл экономикаға» көшу бағыты бойынша біліктілікті арттыру курсын да оқып алдым. Қыз-келіншектерге айтарым, аулаңызда бес-алты сотық жер болса, дәнді дақыл, көкөніс егіңіздер. Пайдасы  шаш  етектен  болмақ.

Наталья МИЛЮК,

Ақмола  облысындағы Зареченск  ауылдық округінің  әкімі:

– Ауылдық округті 10 жылдан бері басқарып келемін. Ауылда 1 100 жан тұрады.  Тұрғындардың дені ауыл шаруашылығымен айналысады.   Айта кетсек, 40 мың гектар жерге егін егіледі.  Төрт шаруа қожалығы бар. Сауда-саттық, омарташылық, тұрмыстық заттарды жөндеу секілді жеке кәсіппен 18 адам айналысады. Бүгінде кәсіп меңгеруде қыз-келіншектер өте белсенді. Әсіресе, саудамен, бау-бақша егумен айналысатындардың дені – әйелдер.  Олардың жандары нәзік болғанымен, қиындыққа  төтеп беретін қасиетке ие.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар